Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнеркәсіп пен экономиканың нақты секторына арналған ортақ жасанды интеллект зертханалары желісін құру бастамасын көтерді, деп жазады Ozgeris.info.
«Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтары үшін қауіп пе, әлде даму драйвері ме?» атты панельдік сессияда Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның салалық министрлері мен вице-министрлері технологиялардың жаһандық бәсеке, цифрлық егемендік және деректер қауіпсіздігіне әсерін талқылады.
Өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты ведомствоның вице-министрі Дмитрий Мун елімізде ұлттық жасанды интеллект платформасы мемлекеттік басқару жүйесіне терең енгізілгенін айтты. Оның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер платформаны күнделікті жұмыс барысында бір миллионнан астам рет пайдаланған. Ал азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі цифрлық көмекші арқылы 2,5 миллионнан астам рет жүгінген.
Алайда Қазақстан ендігі басымдықты жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуге беріп отыр. Осы мақсатта елде жеті мыңнан астам параметрді қамтитын ауқымды деректер атласы әзірленген. Бүгінде әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарындағы цифрландыру деңгейі 80-95 пайызға жеткенімен, өндіріс пен ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Өнеркәсіптегі цифрландыру деңгейі шамамен 40 пайыз болса, ауыл шаруашылығы саласында небәрі 26 пайызды құрайды.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне университеттер базасында бірлескен жасанды интеллект зертханаларын құруды ұсынды. Мұндай зертханалар аясында мемлекеттер өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және өзге де салалар бойынша дербестендірілмеген мәліметтермен алмасып, ортақ цифрлық шешімдерді әзірлей алады.
«Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллектіні экономикаға енгізу арқылы сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу. Тиімді модельдерді дайындау үшін өңірлік ерекшеліктерді, климаттық жағдайларды және салалық ерекшеліктерді қамтитын үлкен көлемдегі деректер қажет. Сондықтан негізгі салалар бойынша дербестендірілмеген мәліметтермен өзара алмасуды ұйымдастыру маңызды. Бұл ашық индустриялық модельдерді жылдам әзірлеуге мүмкіндік береді және бірлескен күш-жігер арқылы елеулі нәтижеге қол жеткізе аламыз», деді Дмитрий Мун.
Қазақстан ұсынған бастамаға басқа мемлекеттердің өкілдері де қолдау білдірді. Беларусь Республикасының байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Кирилл Залесский жасанды интеллектіні дамыту үшін ортақ реттеуші орта мен технологиялық қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарын қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, әр мемлекет белгілі бір салаға маманданып, бірі білім беру бағытындағы модельдерді әзірлесе, екіншісі медицина немесе өндіріс саласына жауап беруі бюджет шығындарын азайтады әрі нәтижені жылдамдатады.
Армения Республикасының жоғары технологиялық өнеркәсіп жөніндегі бірінші вице-министрі Геворг Манташян жасанды интеллект мүмкіндіктерін ЕАЭО-ның негізгі қағидаттарымен байланыстыруды ұсынды. Оның айтуынша, трансшекаралық саудаға арналған цифрлық көмекшілер кәсіпкерлерге құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетіп, кедендік рәсімдерді жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Ал Қырғыз Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Тундук» мемлекеттік мекемесінің директоры Азамат Жапаров жасанды интеллект саласында ортақ ережелер қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттер деректер қауіпсіздігін сақтай отырып, бірлескен жобалар аясында ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін тетіктерді дамытуы керек.
Қазақстан форумда нақты жоба ретінде ЕАЭО кеңістігіне ортақ құқықтық жасанды интеллект көмекшісін іске қосуды да ұсынды. Барлық мүше елдердің заңнамасы цифрландырылғанын ескерсек, мұндай жүйе азаматтарға шекарадан өткен кезде қажетті талаптарды өз тілінде түсіндіруге, кәсіпкерлерге кез келген елде компания ашу мен салық жүйесінің ерекшеліктерін қарапайым тілмен жеткізуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның бұл бастамасы Еуразиялық экономикалық одақтың технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, өңірде жасанды интеллектіні дамытуға жаңа серпін беруі мүмкін.
Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастыруда көш бастап келеді. Smart Data Ukimet платформасы, «Жасанды интеллект туралы» заң, NVIDIA H200 чиптері негізінде іске қосылған alem.cloud және AI-Farabi суперкомпьютерлік кластерлері, сондай-ақ Tomorrow School, Tumo және AI Sana секілді білім беру жобалары елдің осы бағыттағы әлеуетін күшейтіп отыр.