Қазақстандық өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешов әлеуметтік желіде отандастарына үндеу жасап, араша сұрады. Ол жанарынан толық айырылған адамдарға көруге мүмкіндік беретін әлемдегі тұңғыш аппарат ойлап тапқанын, алайда осы жаңалығы үшін үлкен қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнертапқыштың сөзінше, даудың басы TikTok желісіне жүктелген бейнежазбадан басталған. Онда көз алмасы мүлдем жоқ зағип қыздың арнайы аппараттың көмегімен кеңістікті бағдарлай алғаны көрсетіліпті. Осы видео жарияланғаннан кейін ғалымға қарсы жаппай шабуыл басталған.
Материалдар негізсіз бұғатталып, өшіріліп жатыр. Тіпті аккаунтының толық жабылу қаупі бар. Жеке хабарламаларына түрлі балағат сөздер келіп, жұрт оны "алаяққа" теңеген. Автор бұл жобаны Қазақстанға енгізу үшін 7 жыл бойы табан ақы, маңдай терін төккенін алға тартады. Сынақтан өткен зағип жандардың үкілі үміті үзіліп қала ма деп алаңдайды.
Ғалымжан Ғабдрешовтің сезім мүшелерін алмастыруға бағытталған (оның ішінде Sezual жобасы) өнертабыстары шын мәнінде бар және белгілі бір деңгейде халықаралық байқауларда танылған. Алайда медициналық және ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл құрылғылар адамның биологиялық көзін қайтармайды.
Аппараттар эхолокация (дыбыс толқындары арқылы) немесе басқа сезім мүшелері (мысалы, тері немесе тіл арқылы берілетін тактильді сигналдар) арқылы миға ақпарат жібереді. Яғни, көзі жоқ адамдар дәстүрлі мағынада "көрмейді", бірақ кеңістікті сезініп, кедергілерді айналып өтуге дағдыланады.
Желідегі бұғаттаулар мен кейбір адамдардың күмәні дәл осы "көре бастады" деген асыра сілтелген медициналық мәлімдемелерден туындауы әбден мүмкін. Өйткені әлеуметтік желілердің (соның ішінде TikTok) денсаулыққа қатысты жаңылдыратын немесе ғылыми дәлелденбеген ғажайып емдер туралы ақпаратты бұғаттайтын қатаң саясаты бар.
Дей тұрғанмен, өнертапқыш бұл технологияның зағип жандар үшін нағыз мүмкіндік екеніне сенімді. Ол ақпараттық қолдау көрсетіп жатқан жанашыр жандарға алғысын білдірді.
«Жалғыздың үні шықпас дейді. Олар мені тұншықтыруы мүмкін. Бірақ бүкіл Қазақстан бірігіп, осы жобаны қолдаса, әлеуметтік желілерде таратса, соқыр адамдарда бұл әлемді қайта көруге нақты мүмкіндік пайда болады. Бұл Қазақстанда жасалған дүние болғандықтан ғана жұмыс істемейді деген сөз емес. Тарихта талай жобамыз жоғалып кеткендей, мұның да құрдымға кетуіне жол бермейік. Адамзат тарихында алғаш рет зағиптар көретін Қазақстанның өз тарихын бірге жасайық», – деп түйіндеді сөзін Ғабдрешов.