Александр Субботин Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында цифрландыру мен жасанды интеллектіні санитарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік саласына енгізу мәселесіне арналған арнайы сессия өткізді, деп жазады Ozgeris.info.
Жиын барысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің уәкілетті органдары мен халықаралық ұйым өкілдері жасанды интеллектінің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, ветеринарлық бақылау және карантиндік фитосанитарлық жүйедегі рөлін талқылады. Александр Субботиннің айтуынша, қазіргі таңда жасанды интеллект бұрынғы қағазбастылықтың орнын басып, бақылау мен талдау жүйесін түбегейлі өзгерте бастады.
«Жасанды интеллект негізіндегі цифрлық технологияларды кеңінен қолдану ұлттық уәкілетті органдарға тәуекелдерді нақты уақыт режимінде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл қоғамдық денсаулықты сақтау, эпизоотиялық тұрақтылық пен фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жедел әрі тиімді шешім қабылдауға жол ашады. Сонымен қатар бизнеске түсетін бақылау жүктемесін азайтады», деді Еуразиялық экономикалық комиссия министрі.
Оның сөзінше, сессия қорытындысы алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қаралып, ЕАЭО елдерінде жасанды интеллектіні енгізу процесін үйлестіруге қатысты ортақ шешімдер қабылданады.