Жаңа Адамдар

"Біз қоқыс жәшігі емеспіз": Талдықорғандағы атышулы дүкеннің былығы қайта әшкере болды

"Біз қоқыс жәшігі емеспіз": Талдықорғандағы атышулы дүкеннің былығы қайта әшкере болды

Талдықорғандағы Назарбаев көшесі, 64 мекенжайында орналасқан «Центральный» дүкенінде тағы да үлкен дау шықты. Бұған дейін де сөрелерінен сасыған және мерзімі өткен тауарлар табылған супермаркет әкімшілігі жағдайды түзейміз деп уәде берген еді. Алайда дүкен басшылығы сөзінде тұрмай, халыққа қауіпті өнімдерді сатуды жалғастыра берген деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері уәдеден кейін нақты іс-әрекет болмағанын көріп, аталған сауда орнына қайта рейд жүргізді. Тексеріс нәтижесі жаға ұстатарлық: бірнеше санаттағы тауарлардан қайтадан өрескел заңбұзушылықтар табылып, бірнеше арба толы бұзылған өнімдер тәркіленді. Дүкен әкімшілігі кінәсін мойындаудың орнына, "ішкі тексерулер үнемі жүргізіледі" деп жалтарып бақты. Бірақ тіркелген айғақтар қауіпті тауарлардың әлі де сөреде сіресіп тұрғанын нақты дәлелдеп берді.

Уәдеге сенуді доғарған белсенділер радикалды қадамға барды. Олар дүкен алдына тікелей құрт пішінді үлкен арт-нысан орнатып, мерзімі өткен өнімдерді көпшіліктің көзінше сол қондырғыға лақтырып, жойып тастады. Бұл әрекет – бұзылған тауарлардың енді ресми сылтаулардың тасасында жасырын қалмайтынын көрсететін ашық қарсылық белгісі еді.

Шулы оқиға орнына көп ұзамай құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп жетті. Науқан қатысушылары мерзімі өткен өнімдердің барлық фото және видео дәлелдемелерін полицияға табыстады.

Оқиғаға қатысты «Жаңа адамдар» қозғалысының белсендісі Наргиза Төлеуғали өздерінің басты мақсатын кесіп айтты.

«Бұл жүйе бізге жай ғана бүлінген өнім сатып жатқан жоқ. Ол бізге өзіміз туралы бұзылған түсінікті сатады. Біз екінші сортты адамдармыз деген ойды қалыптастырады. Біз біреудің жауапсыздығының қоқыс жәшігіне айналудамыз. Бірақ біз бүгін осы қоқысты көрсету үшін келдік. Сөрелердегі мерзімі өткен өнімдер үшін, санамыздағы ақталулар үшін уақыт өтті», – деп мәлімдеді ол.

«Время истекло» азаматтық науқаны аясында белсенділер тұтынушылар құқығын таптайтын мұндай сауда орындарына қарсы күресті бұдан әрі де жалғастыра бермек.
 

Барлық жаңалық