Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, сондай-ақ байқаушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі даму үрдістері, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және сыртқы сауда байланыстарын кеңейту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу күнінің символдық мәніне ерекше тоқталды. Өйткені дәл осыдан он екі жыл бұрын, 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған болатын. Осыған байланысты Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр ресми түрде Еуразиялық экономикалық одақ күні болып жарияланды.
Президенттің айтуынша, құрылғанына он жылдан асқан уақыт ішінде одақ экономикалық ықпалдастықтың маңызды алаңына айналды. Бүгінде бірлестік аясында сауда көлемі артып, өнеркәсіптік кооперация тереңдеп, ортақ нарықтың әлеуеті кеңейіп келеді.
«Бүгінгі кездесуіміздің мәні ерекше. Осыдан он екі жыл бұрын дәл осы күні Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Сол кезеңнен бері интеграциялық бірлестіктің әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындылары біздің көпқырлы ынтымақтастығымызға тың серпін береді деп сенемін. Жалпы алғанда, ЕАЭО макроэкономикалық дамудың оң қарқынын сақтап отыр. Былтыр өзара сауда көлемі 95 миллиард доллардан асты. Биыл бұл көрсеткіштің 100 миллиард долларға жетуіне толық мүмкіндік бар. Алайда әлемдік экономикадағы құрылымдық өзгерістер мен геосаяси сын-қатерлер біздің елдерге де әсер етпей қоймайды. Сондықтан қазіргі жағдайда ЕАЭО-ның ішкі тұрақтылығын нығайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналып отыр», деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзінің негізгі бөлігін цифрлық даму мен жасанды интеллект тақырыбына арнады. Оның пікірінше, технологиялық өзгерістер жаңа экономикалық дәуірдің негізін қалыптастырып жатыр. Бүгінде деректерді өңдеу жылдамдығы, автоматтандыру деңгейі және инновацияны енгізу қарқыны мемлекеттердің жаһандық бәсекедегі орнын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналған.
«Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау – баршамыздың ортақ мақсатқа ұмтылып отырғанымыздың дәлелі. Қазір әлемде жасанды интеллект технологияларына салынған инвестиция көлемі бір триллион доллардан асты. Сарапшылар алдағы он жылда бұл көрсеткіштің бірнеше есе өсіп, жаһандық экономикаға қосатын үлесі жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтып отыр. Сондықтан озық технологиялар Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына серпін беретін маңызды құралға айналуға тиіс. Бұл үдеріс өндірістен бастап логистикаға, ауыл шаруашылығынан мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Бүгінде Astana Hub халықаралық технопаркі негізінде толыққанды инновациялық экожүйе қалыптасқан. Жүзден астам жоғары технологиялық компания қарқынды дамып келеді. Ал ІТ қызметтерінің экспорты бір миллиард доллардан асып, Қазақстанның технология экспорттайтын мемлекет ретіндегі әлеуетін айқындады.
Президент жақында іске қосылған Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына да тоқталды.
«Астанада ашылған Alem.ai халықаралық орталығы тек бағдарламашылар мен стартаптар шоғырланған орын емес. Бұл – жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдер әзірленетін, жаңа технологиялар сынақтан өтетін және өңірлік инновациялық бастамалар жүзеге асырылатын маңызды алаң. ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформация бағытында құнды тәжірибе жинақтады. Біз осы тәжірибелерді біріктіріп, ортақ технологиялық жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдермен алмасу цифрлық дамуды жеделдетіп қана қоймай, экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», деді Президент.

Көлік-логистика саласын цифрландыру мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Еуразия құрлығы Азия, Еуропа және Таяу Шығық нарықтарын байланыстыратын маңызды транзиттік кеңістікке айналып келеді. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын ғана емес, цифрлық шешімдерді де қатар дамыту қажет.
«Еуразия аумағында жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздері жүйесі қалыптасқан. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Біздің міндет – осы әлеуетті тиімді пайдалану. Ол үшін көлік дәліздерін цифрландыру, жүктердің қозғалысын жеделдету және логистикалық рәсімдерді жеңілдету қажет. Осы мақсатта Қазақстан Smart Cargo жүйесін енгізуді бастады. Сонымен қатар көрші мемлекеттермен электрондық рұқсатнамалар алмасу тетігі іске қосылды. Егер ЕАЭО елдері күш-жігерін біріктірсе, Еуразиядағы жоғары технологиялық көлік хабын қалыптастыруға толық мүмкіндік бар», деді Мемлекет басшысы.

Президент өндіріс пен ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, роботтандыру, «бұлтты» технологиялар мен цифрлық шешімдер кәсіпорындардың өнімділігін арттырып, шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде 650-ден астам «ақылды» ферма жұмыс істейді. Онда сауу, бордақылау, микроклиматты бақылау сияқты үдерістер толық автоматтандырылған. Егін шаруашылығында өнімнің қозғалысын егіс алқабынан тұтынушы дастарқанына дейін бақылауға мүмкіндік беретін жүйелер енгізілуде. Агродрондар, жерсеріктік навигация және цифрлық болжамдау құралдары кеңінен қолданылып жатыр. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде астық жиналып, өнім көлемі 27 миллион тоннаға жетті. Бұл – цифрлық шешімдердің нақты нәтижесі», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығындағы цифрлық тәжірибені ЕАЭО кеңістігінде кеңінен тарату қажет. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, одақтың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, ЕАЭО Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуі тиіс.
Жиын қорытындысында Президент Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалық ету кезеңінде интеграциялық бірлестіктің әлеуетін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыратынын айтты.
«Біз бірлесе әрекет етсек, Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін толық пайдалана аламыз. Алдымызда цифрландыру, жасанды интеллект, көлік дәліздерін дамыту және жаңа нарықтарға шығу сияқты маңызды міндеттер тұр. Осы мақсаттарға жету үшін ортақ күш-жігер қажет. Мен ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.