Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда Беларусь Президенті Александр Лукашенко жасанды интеллектінің өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы нақты мүмкіндіктері туралы айтты. Оның сөзінше, бүгінде ақылды технологиялар көптеген кәсіпорында адам еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, кей жағдайда бірнеше жұмысшының орнын алмастырып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
«Қазір жасанды интеллект машина жасау, металл өңдеу секілді салаларда өндірістің бір бөлігіне айналып келеді. “Компьютерлік көз” технологиясы өнімдегі ақауларды айтарлықтай азайтады. Ал роботтандырылған кешендер сүт өндірісінде өте тиімді жұмыс істеп жатыр. Бір ғана кешен төрттен жиырмаға дейінгі жұмысшының орнын алмастыра алады», деді Александр Лукашенко.
Беларусь Президентінің айтуынша, жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін ғана емес, логистика сапасын да арттырып отыр. Мәселен, ақылды жүйелер дайын өнімді жеткізу мерзімін шамамен 17 пайызға қысқартады. Бұл өз кезегінде тауар сапасын сақтауға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Александр Лукашенко қазіргі таңда жасанды интеллект Беларусьтің ірі кәсіпорындарына белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қатарында Минск трактор зауыты, «Гомсельмаш» және «БелАЗ» секілді өндіріс алыптары бар. Сонымен қатар ол жасанды интеллектінің ауыл шаруашылығындағы мүмкіндігіне ерекше тоқталды.
«Кен орындарында мұндай жүйелер еңбек өнімділігін шамамен 20 пайызға арттырады. Ал егін алқаптарындағы шығынды 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Біз жасанды интеллектіні жер серігінен түсірілген суреттер мен алқаптардағы датчиктердің мәліметтерін талдау үшін пайдаланып жатырмыз. Бұл тыңайтқыш себу, суару және егінді қорғау жұмыстарын әлдеқайда дәл жүргізуге көмектеседі. Нәтижесінде өнім көлемі артады», деді Беларусь Президенті.