📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстан билігі қазақша сөйлейтіндерге “үнсіз көпшілік” деп қарайды

Қоғамда қазақ тілінің төңірегінде дау-дамайлар жиілеп кеткені бәріне мәлім. Соңғы бірнеше оқиғалар осының дәлелі. Магнум оқиғасы қазақ қоғамының басын қайта біріктіріп жіберген еді. Тіл жанашырларының айтуынша, қазақша сөйле деген дау - бізге таңылған жалған дилемма. Ешбір қоғам 100 пайыз бір тілде сөйлемейді, сөйлеуі керек те емес. Сол себепті қоғамның әр мүшесінің қазақша білуі – басты мәселе емес, одан да маңыздысы - биліктің, мемлекеттік аппараттың, бюрократияның қазақша сөйлемеуі. Ozgeris.info тілшісі қазақ тілі төңірегіндегі пікірлерді жинап, шолу жасап көрді.

Тәуелсіз журналист Жалғас Ертай ащы шындықты жайып салды. Билікті сынаған ол қазақ тілін «галочка» тіліне теңеді.

«Мемлекеттік тіл мәртебесі конституцияда, заңдарда анық жазылғанымен, ол шын мәнінде тек аударма тілі, “галочка тіл” ғана болып тұр. Себебі мемлекеттік бюрократия қазақша сөйлемейді. Ал бюрократия өзін қайта тудырумен айналысады. Яғни бұл статус-квоны олар өзгерткісі келмейді, оны тек саяси ерікпен шешім қабылдап қана өзгертуге болады, әйтпесе сол күйі қала береді», - деді ол.

Тілдің қоғамдағы орны төмен жақтан ғана емес, жоғарыдан да бекітілуі керек. Тілдің болашағын халық өз бетімен ғана таңдамайды, оның орнын мемлекеттік саясат, институционалды қолдау анықтайды.

«Біздің биліктің жиі айтатын сылтауы - қоғам талап ете бастағанда ғана мемлекеттік тілді толық енгізе бастаймыз. Бұл сөзді мысалы Ерлан Карин мырзаның бірнеше сұхбатынан байқауға болады. Бірақ бұл — логикалық қате тұжырым. Мемлекеттік тілдің қолданылуы халыққа ғана емес, институционалды шешімдерге тікелей тәуелді», - дейді журналист.

Егер мемлекеттік аппарат, соттар, полиция, министрліктер, әкімдіктер 100% қазақша жұмыс істесе, қоғам да біртіндеп сол бағытқа көшеді. Ал әзірге билік қазақ тілін қолданудан қашқақтап, жауапкершілікті халыққа аударғысы келеді.

«Біздің қазіргі билік совет бюрократиясының ұрпағы, олар орыс тілінде жұмыс істеп үйренген. Олар қазақша сөйлейтіндерді ішкі аудитория деп қабылдайды, ал орысша сөйлейтіндерді империя орталығымен байланысы бар ықпалды топ деп есептейді», - деп жазды ащы шындықты.

Тіпті тәуелсіздік кезеңі бұл жағдайды өзгерткен жоқ. Керісінше, олар қазақша сөйлейтін көпшілікке үнсіз көпшілік деп қарай бастады, оларды саяси фактор ретінде әлсіз деп есептеді. Себебі орысша сөйлейтін азшылық мәдени, қаржылық әрі саяси капиталға ие еді, олардың тілін мейнстрим, яғни негізгі тіл деп қабылдап үйренген.

Кез келген тілдің саяси-экономикалық құндылығы бар. Ол рас. Оны тіл капиталы деп айтады. Қазақстанда ұзақ уақыт бойы орыс тілі – капитал әкелетін тіл, яки жалақысы жоғары жұмыс, мемлекеттік қызмет, халықаралық байланыс орнататын тіл болды. Көбіне әлі сол жағдай сақталып келеді.

Себебі билікке бюрократияда орыс тілін сақтау тиімді еді. Ал қазақша сөйлейтін көпшілік ол идеяны онсыз да қолдайды деген иллюзия болды.

Биліктің қазақша сөйлейтін көпшілікті елемеуі – кездейсоқ нәрсе емес, тарихи инерциясы бар, нағыз саяси есептің нәтижесі. Олар үнсіз көпшілікті саясатқа қатыспайды деп ойлайды, ал тек орысша сөйлейтін азшлықты елемеу қауіпті деп санайды.

Бұл құбылыстың ғылыми атауы да бар. Оны silent majority феномені дейді. Үнсіз, бірақ саны көп топ билік үшін қауіпсіз саналады. Өйткені олар ұйымдаспаған, талабы әлсіз.

Ал vocal minority үні, яғни шағын, бірақ белсенді әрі ықпалды топтың үні билікке көбірек жетеді. Қазақстандағы орысша сөйлейтін ортаның медиа, бизнес, бюрократияда үні қатты шығатыны сол.

Демек, қазақ тілі - көпшілік сөйлейтін, бірақ саяси-мәдени капиталы аз, ал орыс тілі - азшылықтың, бірақ саяси-мәдени капиталы көп тіл болып тұр. Сол себепті Қазақстан билігі қазақша сөйлейтіндерді үнсіз көпшілік деп қабылдап, олардың талаптарын кейінге ысырып жүр. Ал орысша сөйлейтін азшылықты мейнстрим деп есептеп, олардың көңілін табуға асығады.

«Бірақ сұрақ. Үнсіз көпшілік мәңгі үнсіз қала бере ме? Биліктің үнсіз көпшілік жайлы иллюзиясы күйресе, саяси ландшафт қалай өзгереді? Себебі тіл жайлы талап аз ғана топтың саудаласу құралы болудан қалып, халықтық сипат алып келеді. Түбінде үнсіз көпшіліктің үні шықпайды деп есептеу ең үлкен саяси қателік болып шығуы мүмкін», - деп түйіндеді ол.

Тіл — қарым-қатынас жасайтын құрал ғана емес, ол – биліктің легитимдігінің ажырамас бөлігі. Мемлекеттік тілін толық қолданбайтын билік өз рөлін толық атқармай отыр деген сөз. 

Барлық жаңалық