Алматыда америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты туындаған дау бір күндік ұйымдастырушылық мәселеден әлдеқайда ауқымды қоғамдық пікірталасқа ұласты. Алғашқыда ауа райына байланысты кейінге шегерілген концерттің айналасында қауіпсіздік, билет, көрермен құқығы және ең бастысы – Қазақстанда өтетін халықаралық шарада мемлекеттік тілдің қолданылуы мәселелері қатар көтерілді. Концерт бастапқыда 14 тамызға жоспарланған еді. Алайда Алматыда ауа райының күрт бұзылуына байланысты шара 15 тамызға ауыстырылды. Көрермендер стадионнан шығарылған сәтте үлкен экранда қауіпсіздік туралы ескерту көрсетілді. Әлеуметтік желіде тараған кадрларға қарағанда, хабарлама ағылшын, түрік және орыс тілдерінде берілген. Қазақ тіліндегі нұсқа болмаған. Дәл осы деталь қоғамның наразылығын туғызды.
Қауіпсіздік хабарламасында қазақ тілі неге болмады?
Көптілді халықаралық шарада шетелдік көрермендер үшін ағылшын немесе басқа тілдердің қолданылуы түсінікті. Бірақ мәселе басқа тілдердің болғанында емес, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің болмағанында. Әсіресе әңгіме концерттің жарнамасы немесе шетелдік орындаушының шығармашылығы туралы емес, адамдардың қауіпсіздігіне қатысты ресми ескерту жөнінде болып отыр.
Әлеуметтік желідегі негізгі сұрақ та осы болды: егер төтенше жағдайда көрермендерді қауіпсіз түрде эвакуациялау қажет болса, онда адамдарға арналған нұсқаулық неге бірнеше тілде дайындалғанымен, қазақ тілінде дайындалмаған? Бұл жерде ұйымдастырушылардың «форс-мажор болды, басты мақсат – адамдарды мүмкіндігінше тез шығару» деген уәжі қоғамның бір бөлігін қанағаттандырмады. Себебі қауіпсіздік жөніндегі мәтін экранға шығарылғанға дейін дайындалатын материал. Оның үстіне стадиондағы аудиторияның басым бөлігі Қазақстан азаматтары екені алдын ала белгілі. Сондықтан мәселе «сол сәтте қазақша аударуға уақыт болды ма?» дегеннен гөрі, қазақ тіліндегі нұсқа алдын ала дайындалды ма? деген сұраққа тіреледі.
Дана Қарағұсованың жауабы дауға нүкте қоя алмады
Даудан кейін концерт ұйымдастырушысы Дана Қарағұсова әлеуметтік желі арқылы түсініктеме берді. Оның айтуынша, сол сәтте ұйымдастырушылар мен артист командасы төтенше жағдай жағдайында ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлаған. Оның түсіндіруінше, экрандарда қолда бар эвакуациялық нұсқаулықтар барынша жылдам көрсетілген. Сонымен бірге ол қазақ тілінің болмауы әдейі жасалған әрекет емес екенін айтты және мұндай жағдайда тіл мәселесін шешуге уақыт болмағанын жеткізді. Алайда дәл осы түсініктеме пікірталасты тоқтатудың орнына оны күшейтіп жіберді. Өйткені қоғамның бір бөлігі мұны ұйымдастырудың техникалық мәселесі емес, көзқарас мәселесі ретінде қабылдады.
Егер концерт Қазақстанда өтетін болса, қазақ тіліндегі қауіпсіздік мәтіні іс-шара басталардан бұрын-ақ дайын тұруы тиіс еді. Бұл үшін төтенше жағдай болған сәтте қосымша шешім қабылдаудың қажеті жоқ.
Мәселе тек бір экранда емес
Канье Уэст концерті төңірегіндегі дау бір ғана экрандағы жазудан басталғанымен, кейін басқа мәселелер де қосылды. Концерттің кейінге қалдырылуы билеттерін алдын ала сатып алған көрермендер үшін қиындық туғызды. Кей азаматтар келесі күні Алматыдан кетуі тиіс болғандықтан, концертке бара алмай қалғанын жазды. Кейбірі билеттерін төмен бағамен қайта сатуға мәжбүр болғанын айтса, енді бірі билетті қайтару немесе басқа адамға беру мүмкіндігіне қатысты наразылық білдірді.
Әлеуметтік желіде концертке билеттің қымбат бағаға сатып алынғаны, кейін ұйымдастырушылар тарапынан арзанырақ билеттердің сатылымға шыққаны туралы да шағымдар тарады. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар: көрермен тек концерттің тұтынушысы емес, ол қызмет үшін ақша төлеген адам. Сондықтан концерттің кейінге қалдырылуы сияқты форс-мажор жағдайында билет иелеріне нақты әрі түсінікті ақпараттың дер кезінде берілуі маңызды. Қайтарым қалай жасалады? Билет келесі күнге автоматты түрде жарамды ма? Келесі күні келе алмайтын адамның құқығы қандай? Билетті басқа адамға өткізуге бола ма? Мұндай сұрақтардың әрқайсысына ұйымдастырушылар нақты жауап беруі керек.
Ақпараттың өзі де қауіпсіздік жүйесінің бөлігі
Бұл оқиға тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: қазіргі ірі іс-шарада коммуникация – қосымша қызмет емес, қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі. Концерттің кейінге қалдырылғаны туралы ақпаратты көрерменге қай тілде жеткізесіз? Стадионнан шығару туралы нұсқаулықты қалай бересіз? Билет иелеріне өзгеріс туралы қалай хабарлайсыз? Бұл сұрақтардың барлығы алдын ала дайындалған коммуникациялық жоспардың ішінде болуы тиіс. Әсіресе Қазақстанда өтетін халықаралық іс-шарада тілдік коммуникацияның нақты алгоритмі болуы керек. Қазақ тілі – негізгі мемлекеттік тіл; ағылшын тілі – халықаралық аудитория үшін; қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдер – қосымша коммуникация құралы. Мәселе басқа тілдерді қолдануға қарсылықта емес. Мәселе – мемлекеттік тілдің ақпараттық жүйеден түсіп қалмауында.
«Қазақстанда, бірақ қазақ тілі жоқ» деген парадокс
Канье Уэст – әлемдік деңгейдегі әртіс. Оның концертіне шетелдік қонақтардың келуі заңды. Сондықтан ағылшын тіліндегі ақпараттың болуы қалыпты. Түрік тілінің қолданылуы да ұйымдастырушылардың белгілі бір аудиторияны қамту мақсатына байланысты болуы мүмкін. Бірақ осы үш тілдің арасында қазақ тілінің болмауы қоғам үшін түсініксіз көрінді.
Бұл жерде парадокс пайда болды: Қазақстанда өтіп жатқан концертте халықаралық аудиторияның бірнеше тілі ескерілген, ал елдің мемлекеттік тілі ескерілмеген. Сондықтан әлеуметтік желідегі реакцияны тек «тіл үшін дау шығару» деп бағалау дұрыс емес. Бұл – азаматтардың өз еліндегі қоғамдық кеңістіктің қандай тілде жұмыс істеуі керектігі туралы сұрағы.
Қоғамның ашуын күшейткен тағы бір фактор
Даудың тағы бір ерекшелігі – мәселе бір ғана ұйымдастырушының әрекетімен шектелмей, әлеуметтік желідегі пікірлер қақтығысына айналды. Қазақтілді қолданушылардың арасында ұйымдастырушыларды қатты сынаған пікірлер көбейді. Кейбір жазбаларда қазақ тіліне деген немқұрайдылық туралы айтылды. Сонымен бірге ұйымдастырушыларды қолдаған, сынға жауап берген орыстілді пікірлер де пайда болды. Әлеуметтік желіде қазақтілді аудиторияның өзін кемсітетін немесе олардың наразылығын негізсіз етіп көрсетуге ұқсайтын пікірлер тарады деген сын да айтылды. Бұл жерде маңызды бір шекара бар.
Қазақстандағы тіл мәселесін көтерген азаматты «концертке бармаған», «шектен тыс талап қоятын» немесе «дау іздейтін» адам ретінде көрсету мәселені шешпейді. Керісінше, қоғамдық диалогты ушықтырады. Өйткені қазақ тілін талап ету – белгілі бір орындаушыға немесе концертке қарсы шығу емес. Бұл Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын талап ету.
«Қазақ тілін ойлауға уақыт болмады» деген уәж жеткілікті ме?
Төтенше жағдай кезінде бірінші орында адам өмірі мен қауіпсіздігі тұратыны даусыз. Бірақ қауіпсіздік пен мемлекеттік тілді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Егер эвакуация туралы хабарлама алдын ала дайындалса, онда қазақ тіліндегі мәтін де сол дайын пакетте болуы тиіс. Ал егер ол дайындалмаған болса, мәселе төтенше жағдай басталған сәтте емес, іс-шараны жоспарлау кезеңінде туындаған. Сондықтан бұл жерде негізгі сұрақ: «Неліктен сол сәтте қазақша мәтін дайындалмады?» Міне, ұйымдастырушылар нақты жауап беруі тиіс сұрақ осы.
Алматылық Әйгерім Мұраттың пікірі:
«Қашанғы қазақ тілін талап етсең, бірден «ұлтшыл», «ұлтараздық қоздырды» деген айып тағылатын болады? Неге қазақ тілін талап ету біреуді кемсіту болып қабылдануы керек?
Қазақстанның Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл деп нақты жазылған. «Тіл туралы» заңда да мемлекеттік тілдің елдегі қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатыны көрсетілген.
Тіпті қазақша сөйлесең немесе қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрасаң, «әдейі жасап тұрсың» деген көзқарас кездеседі. Бұл нені білдіреді?
Қазақ тілін талап ету — ұлтқа бөліну емес, өз мемлекетіңнің мемлекеттік тілін құрметтеуді сұрау. Оның үстіне концертке келген қазақтілді көрермен де — сол билетті сатып алған тұтынушы. «Қазақтілді аудиторияның қалтасы мұндай концерттердің билетін көтермейді» деп ойлай ма, әлде қазақ тіліндегі аудиторияны әлі де екінші қатардағы тұтынушы ретінде қабылдай ма?
Мәселе бір ғана концерттегі хабарландыруда емес. Мәселе — Қазақстанда қазақ тілінің өз еліндегі қалыпты қоғамдық коммуникация тіліне айналуында. Қазақ тілін талап еткен адамды ұлтшыл деп айыптауды доғаратын уақыт әлдеқашан келді».
Бір концерт – үлкен сабақ
Канье Уэст концертіне қатысты оқиға Қазақстандағы ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мәдениетіне қатысты бірнеше мәселені қатар көрсетті. Біріншіден, форс-мажорға дайындық қажет.
Екіншіден, билет сатып алған көрермендердің құқықтары мен ақпараттандырылуы нақты реттелуі тиіс.
Үшіншіден, барлық қауіпсіздік сценарийлері бірнеше тілде, соның ішінде міндетті түрде қазақ тілінде алдын ала дайындалуы керек.
Төртіншіден, ұйымдастырушылардың дағдарыс кезіндегі коммуникациясы кәсіби әрі сезімтал болуы қажет. Бір ғана дұрыс таңдалмаған сөздің өзі бірнеше сағатта бүкіл мәселені ұйымдастырушылық қатеден қоғамдық бедел дағдарысына айналдыра алады. Ал ең бастысы – Қазақстанда өтетін халықаралық шарада қазақ тілі «қосымша опция» болмауы керек. Әлемдік жұлдыздың Алматыға келуі – Қазақстан үшін үлкен мәдени оқиға. Мұндай концерттер елдің халықаралық имиджіне де әсер етеді. Сондықтан шетелдік орындаушының деңгейі қаншалықты жоғары болса да, оны қарсы алатын елдің өз мәдениеті мен мемлекеттік тілі де сол деңгейде көрінуі тиіс.
Канье Уэсттің концерті бір күнге кейінге қалдырылды. Бірақ осы концерттен кейін қалған қоғамдық сұрақтар одан да маңызды. Қазақстанда әлемдік жұлдыздарды қабылдауға дайынбыз ба? Иә. Ал сол әлемдік деңгейдегі шараларды өз еліміздің тіліне, көрерменіне және тұтынушысына құрметпен ұйымдастыруға қаншалықты дайынбыз? Бұл сұраққа жауапты бір ғана концерттің ұйымдастырушылары емес, Қазақстандағы бүкіл іс-шара индустриясы беруі керек.
Тимур Балымбетов пен Ғалым Қалиақбаров сынды бірқатар танымал адамдар концерт ұйымдастырушыларына қолдау білдіріп, өзгелерді де соған шақырды. Алайда бұл ұстаным халықтың наразылығын тудырды. Көпшіліктің айтпағы біреу: неге осындай жағдайда орыстілді блогерлер қазақ тілінің мәселесіне келгенде үнсіз қалады? Неге қазақ тілінің қолданылмауын сынамайды? Неге керісінше, мемлекеттік тілдің қолданылуын талап еткен азаматтарды айыптауға асығады? Халықтың реакциясын да түсінуге болады. Себебі қазақ тілін талап ету — біреуге қарсы шығу емес. Бұл — Қазақстанда мемлекеттік тілдің қолданылуын сұрау. Қолданыстағы заңнамада қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені нақты көрсетілген. «Тіл туралы» заңда мемлекеттік тілдің ел аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екені жазылған.
Сондықтан қазақ тілін талап еткен адамды бірден «ұлтшыл», «ұлтараздық қоздырушы» ретінде көрсету дұрыс емес. Керісінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін құрметтеу — қалыпты әрі заңды талап. Әрине, қоғамдық пікір білдірген әр адам сөзіне жауапты болуы керек. Әсіресе миллиондаған аудиториясы бар блогерлер мен қоғам алдында жүрген тұлғалар әр сөзін аңдап айтқаны жөн. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бекер айтылмаған.
Халық айтса — қалып айтпайды. Қоғамның наразылығын елемей, оны «ұлтшылдық» деп ысырып тастау мәселені шешпейді. Керісінше, халықтың неге наразылық білдіріп отырғанын түсінуге тырысу керек. Ең бастысы — Қазақстанда қазақ тілін талап етудің өзі қалыпты құбылыс екенін ұмытпайық. Бұл біреуді кемсіту емес, мемлекеттік тілге деген құрметті талап ету. Ал мемлекеттік тілдің өз еліндегі орны туралы сөз болғанда, оған бейжай қарамау — бәрімізге ортақ жауапкершілік.