Жамбыл облысының Меркі ауданында жас келіншек қайтыс болып, артында сегіз айлық нәрестесі қалды. Бұл туралы Бексұлтан Жанәділов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жазба авторының айтуынша, оқиға туралы заңгер Альмира Амангелдиева жариялаған. Марқұм қайтыс болар алдында құрбысымен мессенджер арқылы сөйлесіп, отбасында болған жағдайды баяндаған.
«Сөзінше, «Барни» шоколадын жеп қойғаны үшін күйеуінен сөз естіп қана қоймай, таяқ та жеген. Соңғы хаттарында ажырасатынын айтып, құрбысынан ақша сұрайды...», – делінген жазбада.
Жарияланған ақпаратта отбасылық жанжалдан кейін келіншектің өзіне қол жұмсағаны айтылады. Автор оның өліміне қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға шақырды.
«Құрғыр «Барнидің» құны 300-ақ теңге… Өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін жауапқа тартылсын!», – деп жазды ол.
Алайда әйелдің қазасына нақты не себеп болғаны және бұл жағдайға кімнің кінәлі екені әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Жарияланған жазбада тергеу органдарының қорытындысы келтірілмеген.