Қарағанды облысының төрт ауданында дала өрті тіркеліп, Қарқаралы ауданында екі адам зардап шекті. Тілсіз жаумен күреске 620 адам мен 134 техника жұмылдырылды.
Өрт ошақтары Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында анықталған. Қатты жел өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіріп отыр.
Қарағанды облыстық ТЖД мәліметінше, Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам күйік алып, медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Қазір ең күрделі жағдай Жаңатоғай ауылының маңында сақталып отыр. Мұнда 159 адам мен 52 техникадан құралған екі топ жұмыс істеп жатыр. Әуеден жүргізілген барлау кезінде жаңа өрт ошақтары анықталған жоқ. Елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.
Бесоба ауылының маңындағы қыстақтарға жақын жерде шыққан үш өрт толығымен сөндірілді. Ақтоғай және Шет аудандарындағы өрттер ауыздықталып, жағдай тұрақтанды.
Өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін облыстық ТЖД-де жедел штаб құрылды. Табиғи өрттерді жою мәселесі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте де қаралды. Өңір басшысы жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.