Танымал продюсер Баян Мақсатқызы америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыдағы концертінен кейін басталған пікірталасты жалғастырып, Threads желісінде оқырмандармен сөзге келді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін продюсер 19 мамырда КЕШ YOU тобының Орталық стадионда өткізген шоуында қауіпсіздікке байланысты отшашуға рұқсат берілмегенін, ал Канье Уэстің концертінде пиротехника қолданылғанын айтып, отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптың бірдей еместігін сынға алған еді. Кейбір қолданушылар оның сөзін өзін әлемдік жұлдызбен салыстыру деп қабылдаған.
«Құдай-ай! Мен өзімді Канье Уэстпен салыстырған жоқпын. Мен оның шардың үстімен жүріп, фонограммаға ән айтқанын ғана айттым. Солай емес пе? Сонымен қатар бізге отшашуға рұқсат берілмегенін жеткіздім. Болды. Қалағандарыңызша тіл тигізіңіздер», – деп жауап берді ол.
Пікірталас барысында Баян Мақсатқызы Канье Уэстің бұған дейінгі даулы әрекеттерін еске салып, өзін оның жанкүйері санамайтынын мәлімдеді.
«Мен Гитлерді, Боратты және шайтанды ұнатпаймын. Бұл – менің нақты уәжім. Ал Канье оларды ұнатқан, кейін аяқ астынан ұнатпай қалды. Биполярлық бұзылыспен ақталу, әрине, оңай. Дегенмен, Құдай кешірсін, бәлкім ол шынымен ауыратын шығар», – деді продюсер.
Кей қолданушылар рэпердің бұрынғы мәлімдемелері үшін кешірім сұрағанын алға тартқан. Оларға жауап берген Баян Мақсатқызы қарсы пікір иелерін «мисыз нөлдер» және «бет-жүзін жасыратын адамдар» деп атады. Сондай-ақ ол нацистік ұранды мысқыл ретінде қолданып, желідегі дауды одан әрі өршітті. Артынша продюсер пікірталастан шаршағанын айтып, отандық әртістердің екінші концертін Астанада өткізетінін мәлімдеді.
«Болды, дауласудан шаршадым. Канье керемет, ол жүрген жоқ, ұшты! Бізге отшашу қажет емес, біз “екінші сортпыз”. Лентаға қарасам, көпшілік осылай шешкен. Францияда біраз демалып, “екінші сортты” әртістерімнің екінші концертін ұйымдастыруға кірісемін. Әрине, отшашусыз. Астанада күтемін. Билеттер әлдеқайда арзан болады. Кәсібилігімізге күмәнданатындар келмей-ақ қойсын. Өз әртістеріңізді таптай беріңіздер», – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Желі қолданушыларының бір бөлігі продюсердің отандық өнерпаздарға қойылатын талаптағы айырмашылықты көтергенін қолдаса, енді бірі оның қарсы пікір айтқандарға дөрекі жауап бергенін сынға алды.