Қоғам

«Менен мейірім көрмеді»: Тамара Асар өгей ұлы туралы алғаш рет айтты

«Менен мейірім көрмеді»: Тамара Асар өгей ұлы туралы алғаш рет айтты

Қазақстанның халық әртісі, әнші Тамара Асар ұлын тәрбиелеу кезіндегі ұстанымдары мен ана ретінде көңілінде қалған өкініші туралы ашық айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Өнер иесі «Хабар» арнасына берген сұхбатында бала тәрбиесінде сенім мен жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлының бойына ер азаматтарға тән жауапкершілікті ерте жастан қалыптастыруға тырысқан.

«Балаға сенім білдіру өте маңызды. Кейде оған ерте сенім артып, жауапкершілікті де ерте жүктеп қоясың. Бірақ сол арқылы оны дұрыс бағытта ұстайсың. Мен де ұлыма "сен – менің тірегімсің" деген сөздерді жиі айтатынмын», — деді әнші.

Тамара Асар ұлының тәрбиесіне әкесінің де көп көмектескенін айтты. Атасы Қамбарды шахмат пен спортқа баулып, оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Сонымен қатар әнші айналасындағы ер азаматтарды ұлына үлгі ретінде көрсетуге тырысқан.

Әнші жасөспірім кезеңде ұлының түрлі теріс ағымдардың ықпалына тап болғанын да жасырмады. Осы кезде ол Маңғыстаудағы белгілі бокс жаттықтырушысы Марат Шәкеевтен көмек сұраған.

«Ұлымның жат ағымдарға түсіп кетпеуі үшін Астанадан жақсы бапкер тауып беруін өтіндім. Ол кісі маған жасы 80-ге жуықтаған, орыс ұлтынан шыққан өте жақсы бапкер тауып берді. Оның Қамбарды тәрбиелеуге тигізген пайдасы өте үлкен болды», — деді Тамара Асар.

Сонымен қатар әнші ұлын тым қатал тәрбиелегеніне қатысты өкінішін де бөлісті. Ол баласын жақсы көретінін айтып, қамқорлығын көрсеткенімен, оны еркелетіп өсірмегенін мойындады.

«Қатты еркелетпедім. Жалпы мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ "тө-тө-тө" деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін. Былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім. "Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау" деп ойладым. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім», — деді өнер иесі.

Барлық жаңалық