Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде жасанды интеллект пен қазіргі технологияның теріс қолданылуына қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Democrat.kz сайтына сілтемемен.
Өнер иесі өз жазбасында Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін мысалға келтіріп, технология дамыған сайын адамдық құндылықтардың ескерусіз қалып жатқанын атап өтті.
«Соңғы күндері менің атыммен жасанды интеллект арқылы жасалған жалған видеолар тарап жатыр. Онда мені өлді, түрмеге отырды, не әдепсіз әрекетке барды деп көрсеткен. Бұл хайп па, зұлымдық па, әлде тәрбиесіз қолданылған білімнің салдары ма?» – деп жазды Әбілдина.
Әнші мұндай жалған контенттер тек жеке адамның абыройына ғана емес, тұтас қоғамға қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллекттің дамуы тәрбие мен адамгершілік қағидаларынан ажырамай жүруі тиіс.
«Тәрбиесіз берілген білім қаруға айналады. Сондықтан мемлекет мұндай жалған материалдарға құқықтық тосқауыл қоюы қажет», – деп түйіндеді ол.