📰 Сарапшылар пікірі

"Қағазда бар, өмірде жоқ: Жұмыс күші қайда кетті? Кадр тапшылығымен қалай күресеміз?

Бүгінде еліміздің білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына ілесе алмай келеді. Сонымен қатар, еңбек нарығында ұсынылатын жалақы деңгейі тым төмен. Ресми мәліметке сәйкес, барлық бос жұмыс орындарының 44%-ы техникалық және кәсіптік білім саласына тиесілі. Елге ең алдымен сатушы, жүргізуші, слесарь мамандары ауадай қажет. Тапшылық жыл сайын қайталанады. Алайда қоғамда жұмысшы мамандықтары қадірсіз. Кәсіби-техникалық мамандықтарға сұраныс артса да, жастар еңбек етуден қашады. Білім беру жүйесі экономика сұранысына неге жауап бере алмай отыр? Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыра аламыз ба? Жалақы неге мардымсыз? Ozgeris.info тілшісі сарапшылар пікіріне және әлемдік тәжірибеге сүйеніп тақырыпты зерттеп көрді. 

Жұмысшы мамандығы уақыт талабы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Яғни, жұмысшы мамандықтарының абыройын арттырып, жастарды өндіріс пен ауыл шаруашылығына тарту мақсат еді. Алайда жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр. Бір жағынан, кадр тапшылығы, екінші жағынан колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс таба алмай сандалып жүр.

Сарапшылардың айтуынша, алдағы бес жылда Қазақстанға 1,5 миллионнан астам маман қажет болады. 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту жөніндегі жол картасы осы кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еңбек министрлігімен бірлесіп, жыл сайын еңбек нарығындағы сұранысты зерттейді. 2024 жылы 42,5 мың кәсіпкерден сауалнама алынған, нәтижесінде олардың 24%-ы маман тапшы екенін айтқан.

«Колледж түлектеріне сұраныс бар. Ашық бос жұмыс орындарының 44%-ы техникалық және кәсіптік білімді талап етеді. Жоғары білім – 24%, қысқа мерзімді курстар – 7%, мектеп білімі – шамамен 11%. Биыл IT-мамандар, SMM-менеджерлер, аспаздар, автослесарьлар, сауда және маркетинг саласының қызметкерлеріне сұраныс өте жоғары. Кадр тапшылығы еліміздің бас қалалары Алматы мен Астанадан бөлек, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарында өзекті. Алдағы үш жылдың ішінде 92 мыңнан астам маман қажет болады деген болжам бар», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жұмыспен қамту, шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаменті директорының орынбасары Сергей Коренев.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа жұмыс орындарының ашылуы халық санының өсу қарқынына ілесе алмай отыр. Жастар жұмысшы мамандықтарға қызықпайды. Басты себебі - жалақы төмен және еңбек жағдайы ауыр.

«Мысалы, біздің кәсіпорындар табысының 38%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалады. Ал АҚШ-та – 58%, Еуропа елдерінде – 52%, Ресейде – 49%. Осыдан келіп жұмысшы мамандықтарының мәртебесі төмендейді», - дейді «Talap» КЕАҚ президенттің кеңесшісі Қадырбек Бөрібеков.

Халықаралық тәжірибеден сабақ алу

Халықаралық тәжірибе кадр даярлау жүйесін түбегейлі өзгертуге болатынын көрсетіп отыр. Мәселен, Оңтүстік Корея 1960-жылдары үлкен экономикалық қиындықтарды бастан өткерді. Елдің алдында индустрияны дамытып, еңбек нарығын қайта құру міндеті тұрды. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды: еңбек ресурстарын дамыту агенттігі, техникалық университет, сертификаттау орталықтары мен политехникалық колледждер. Бұл жүйе елдегі білікті мамандарды даярлауға серпін беріп, экономикалық өсімнің негізіне айналды.

Оңтүстік Корея үкіметі кәсіби білім беру жүйесін ұлттық стратегия ретінде қарастырды. Жұмыссыздықты азайту, жастарды еңбекке тарту, кәсіптік бағдар беру мектеп қабырғасынан басталды. Оқушыларға мамандықтар туралы ақпарат беріліп, олардың қабілетіне сай бағыт-бағдар ұсынылды. Бизнес өкілдері оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп, студенттерді тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа қабылдай бастады.

Сонымен қатар, мемлекет техникалық мамандықтарға түсетін жастарға барынша қолдау көрсетті. Олар үшін оқу ақысы тегін болды, жатақхана мен стипендия қарастырылды. Мұндай жүйе жастар арасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты өзгертті. Жұмысшы кәсібі амалсыз таңдау емес, табысты және тұрақты өмір сүрудің жолы екені дәлелденді.

Осылайша, Оңтүстік Корея өз экономикасын дамытудың өзегіне адам капиталын, нақтырақ айтқанда, кәсіби білікті мамандарды қойды. Бүгінде бұл елдің табысы сонау 60-жылдары қабылданған батыл шешімдердің нәтижесі. Қазақстан да осы жолды таңдай алады. Бастысы мемлекет пен бизнестің ортақ мүддесі, жастарға қолдау мен дұрыс бағыт-бағдар беру.

«Президентке тікелей бағынатын Еңбек ресурстарын дамыту агенттігі құрылды. Оның қарамағында техникалық университет, біліктілікті арттыру институты, политехникалық колледждер мен біліктілік сертификаттау орталықтары болған. Жалпы ел бойынша 49 орталық құрылды. Бұл еңбек өнімділігі мен маман сапасының күрт артуына алып келді», - дейді Қалдыбек Бөрібеков.

Қазақстанда да бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр дейді мамандар. Елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Шымкент, Түркістан және Маңғыстау облыстарында еңбек ресурстары артық, ал солтүстік өңірлерде, керісінше, маман тапшылығы байқалады. Осыған байланысты Еңбек министрлігі қоныс аудару, қайта даярлау және тұрғын үй жалдау бағдарламаларын іске асыруда. «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарымен бірге жұмыссыздарды оқытып, бизнес құрылымдары кадр даярлау ісіне белсенді араласуда. Бұл процесте дуалды оқыту жүйесі маңызды рөл атқарып отыр.

«Парадокс. Жұмыссыздар сандалып жүр, соған қарамастан кадр тапшылығы да жоғары деңгейде. Себебі бізде жаңа жұмыс орындары ашылмайды, ал бар жұмыс орындарында жалақы тым аз», - дейді Қадырбек Бөрібеков. 

Мамандықты таңдауды мектептен бастау керек

Мамандардың айтуынша, мамандыққа бағдар беру жұмысын мектеп қабырғасынан бастау керек.

«Бастауыш сыныптардан бастап, 6-7-сыныпқа дейінгі аралықта кәсіби ағарту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Яғни, балаларға еңбек түрлері жайлы түсінік беріп, қандай мамандықтар бар екенін айту керек. Мысалы, 17–18 жасқа келгенде Қазақстанда мынадай жаңа мамандықтар сұранысқа ие болады деп нақты айту қажет», - дейді сарапшы.

Кейін бұл бағыт кәсіби бағдарлауға ұласуы керек.

«Егер бала математика мен физиканы меңгермесе, ол энергетика саласында жұмыс істей алмайды. Егер гуманитарлық пәндерге икемі болса, заңгер немесе экономист бола алады. Яғни, мектеп оқушылары пәндерге қызығушылығы мен бейімділігіне қарай бағытталуы қажет», - дейді ол.

8-сыныптан бастап кәсіптік үгіт жүргізілуі тиіс

«8-сыныптан бастап кәсіби үгіт жұмыстары басталуы қажет. Бұл іске мектептер ғана емес, өңірлік жұмыспен қамту орталықтары, “Атамекен” палатасының аймақтық бөлімшелері, кәсіпорындар мен бизнес өкілдері де тартылуы тиіс. Қазір тек мектеп қабырғасында ғана кәсіби бағыт беру мүмкіндігі бар. Өйткені жұмыспен қамту орталықтары тек өздеріне келіп тіркелген азаматтармен жұмыс істейді, олар жастармен айналыса алмайды», - дейді мамандар.

Осы ретте мамандар кеңестік кезеңдегі тәжірибені еске салады.

 «Бұрын әр мектепте кәсіби бағдар бұрышы болатын. Онда өндіріс озаттары, еңбек адамдары келіп, оқушылармен кездесіп, мамандыққа деген қызығушылықты арттыратын. Мұндай кездесулерде еңбек ардагерлері де, кәсіпорын өкілдері де болуы керек», - дейді ол.

Бүгінде елімізде 340 оқу орны дуалды білім беру жүйесімен жұмыс істейді, 9 мыңға жуық кәсіпорын қатысып отыр. Ұлттық палата студенттерді өндіріс базасында тәрбиелейтін тәлімгерлерді дайындайды. Мұндай жүйе жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты жұмыс табуына нақты жол ашпақ.

«Жас мамандар оқуын бітіріп, өндірісте жұмыс істей бастағанда, кейде қажетті дағдыларға ие болмай шығады. Сол себепті жұмыс берушілер оларды қайта оқытуға мәжбүр болады. Сондықтан бизнестің өзі кадр даярлау үдерісіне белсенді қатысуы керек», - дейді «Атамекен» өкілі.

Бұл мақсатта Ұлттық палата арнайы жобалар іске асыруда. Мысалы 2018 жылдан бері 3,5 мыңнан астам өндірістік тәлімгер дайындалды.

«Тәлімгер студентпен бірге жұмыс істейді, үйретеді, бақылап жүреді. Тәжірибе барысында студент кәсіпорынды ұнатып, сол жерде тұрақты жұмысқа қалуы мүмкін. Бұл  жақсы құрал, тек оны кеңінен дамыту қажет», – дейді сарапшы.

Ал колледж түлектері қайда барады?

Әр өңірде мансаптық орталықтар мен халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істейді. «Бірінші жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» секілді арнайы бағдарламалар бар. Сонымен қатар, колледждерде түлектерге жұмыс табуға көмектесетін арнайы бөлімдер ашылған. Мемлекет кәсіпорындарға қажет мамандарды нысаналы тапсырыс арқылы дайындап береді: жұмыс беруші сұраныс береді, мемлекет оқытады. Кейін сол маман нақты жұмысқа орналасады.

«Сондай-ақ, enbek.kz сияқты интернет-платформаларда жұмыс іздеуге болады. Қазіргі колледждердің көбінде түлектерді жұмыспен қамтуға жауапты бөлімшелер де бар», - дейді мамандар.

Еліміздегі кадр тапшылығының 61%-ы құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, өңдеу өнеркәсібінде байқалады. Егер мемлекет белгілі бір кәсіпке сұраныс бар деп мемлекеттік тапсырыс беріп, сол салаға қаражат бөлсе, онда түлек сол салада жұмыс істеуі тиіс.

«Ал бізде қалай? Тапсырыс бар, оқыттық, бірақ кадрлар басқа салаға кетіп жатыр», – дейді сарапшылар.

Олардың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс кездейсоқ жасалмайды. Ол өңірлік жұмыссыздық деңгейі мен кәсіпорындардың нақты сұранысы негізінде, ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың келісімімен бекітіледі. Сондықтан бұл жүйе де бақылауды талап етед.

«Түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді. Мысалы, колледжді «техник-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған адам мобилограф болып жұмыс істейді. Қағаз жүзінде ол еңбекпен қамтылған болып есептеледі, бірақ нақты нарық қажетті маманды ала алмайды. Бұл жағдайдың себебі мемлекеттік тапсырысты орындауда бақылаудың әлсіздігі және жұмыс берушілердің формалды көзқарасы», - дейді Сергей Коренев.

Демек, кадр тапшылығы тек білім беру жүйесінің емес, тұтас еңбек нарығының басқаруындағы жүйелік кемшіліктердің салдары. Жұмысшы мамандық жылы қоғам мен мемлекеттің назарын осы салаға аударған маңызды бастама. Бірақ бұл тек алғашқы қадам. Нақты нәтиже үшін мемлекет жұмысшы мамандықтарын әрі қарай тегін оқытып, бизнес еңбекақы қорына көбірек қаражат бағыттауы керек.

«Алматыдағы автомеханикалық колледжді мысалға айтсақ, “Еңбек әулеті” атты іс-шара өткен. Бір отбасының еңбек өтілі 700 жылдан асыпты. Олар  нағыз табысты династия. Міне, осындай отбасыларды дәріптеуіміз қажет», – деп түйіндеді мамандар.

Оңтүстік Кореяның тәжірибесі көрсеткендей, кәсіптік білім әлеуметтік қорғаудың негізгі кепілі. Егер адамда нақты мамандық пен біліктілік болса, оның тұрақты жұмысы, табысы және болашағына сенімділігі болады. Сондықтан білім беру реформасы мен жұмысшы мамандықтарына қолдау көрсету Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуындағы стратегиялық міндет болып қала береді.

Барлық жаңалық