Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын қалай орындаймыз деген сұраққа жауап іздеп, үлкен кеңес өткізді. Әңгіме жай есеп беру емес – халықтың табысын өсіру, инфляцияны тежеу, өндірісті дамыту, цифрландыруды күшейту туралы нақты жоспарлар талқыланды. Министрліктер қандай жүктеме алды?
Олжас Бектенов ең алдымен Мемлекет басшысының жаңа Конституция жобасы туралы айтқанын еске салды. Бұл жолғы өзгерістердің ауқымы да, ашық талқылануы да бұрын болмаған. Ең бастысы – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы айқындалды. Реформаның түпкі мақсаты – саяси жаңғыру ғана емес, экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету. Ал экономикалық өсім дегеніміз – халық табысының артуы, әл-ауқаттың жақсаруы. Үкімет үшін негізгі міндет осы. Кеңесте әр сала өз жоспарын ортаға салды.
Алдағы кезеңге арналған басым бағыттар ашық айтылды. Өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығына дейін, білім мен әлеуметтік қорғаудан денсаулық сақтау және көлік инфрақұрылымына дейін – әр салаға нақты міндет қойылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Өнеркәсіп және құрылыс саласында басты назар – отандық өндірісті күшейтуге аударылды. Министр Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қазір отандық тауар өндірушілер тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. Арнайы экономикалық аймақтар кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Бүгінде АЭА аумағында 4,4 трлн теңгені құрайтын 555 жоба жүзеге асырылып, 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта шикізатты сол күйінде экспорттау емес – терең өңдеу бағытына басымдық беріледі. Жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді ынталандыру шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар маңызды минералдар саласын дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Геологиялық барлауға келсек – алдағы 3 жылда қаржыландыру көлемін соңғы 30 жылдағы инвестиция деңгейіне жеткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Ауыл шаруашылығы саласында жаңа кезең басталатыны айтылды. Айдарбек Сапаров 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар негізгі құжат болатынын мәлімдеді. Жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігі кеңейеді. Ветеринариялық қауіпсіздік күшейтіледі – қадағалаудың цифрлық құралдары енгізіледі. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидия көлемі ұлғаяды, қосылған құн салығы төмендейді. Шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеу жобаларына қосымша ынталандыру тетіктері қарастырылып отыр.
Оқу-ағарту министрлігі
Білім беру саласында қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады. Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлік қажеттілікке қарай бағытталатынын айтты. Басым жобаларға қолдау көрсетіледі, ал мемлекеттік стандарттарға сәйкестік бақылауы күшейеді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі нәтиже берген – 2025 жылдың қорытындысы бойынша 25,7 млрд теңге үнемделген. Бұл механизм кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Әлеуметтік қорғау саласы да цифрлық форматқа көшіп жатыр. Асқарбек Ертаев Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасы негізінде қолдау шараларын проактивті форматқа көшіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Яғни азамат өтініш бермей-ақ, жүйе өзі анықтап, көмек ұсынатын модель қалыптасады. Сонымен бірге еңбек нарығын жаңғырту міндеті қойылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы құрылады. Сұранысқа ие кәсіптерге қайта даярлау бағдарламалары іске қосылады. Оқушылардың кәсіптік диагностикасы кеңейеді.
Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау саласында цифрландыруға ерекше мән берілуде. Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылғанын хабарлады. Бұл жүйе барлық ІТ шешімдерді біріктіріп, процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жүйе мен денсаулық сақтау порталы 2026 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылады. Дәрі-дәрмекпен амбулаториялық қамтамасыз етуде «Әлеуметтік әмиян» тетігі белсенді қолданылып жатыр. 2025 жылы осы жүйе арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт берілген – бұл жалпы көлемнің 82%-ы.
Көлік министрлігі
Көлік саласында транзиттік әлеуетті арттыру басты міндет болып отыр. 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған – өсім 65%. Бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталады. Ресей және Қытаймен шекара инфрақұрылымын үйлестіру жалғасуда. «ҚТЖ» жол картасы мен жаңа тарифтік саясат бекітілген. Автожол бағытында Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларында 3 айналма жол құрылысы басталады. 33 өткізу пункті жаңғыртылып жатыр. Smart Cargo платформасы мемлекеттік және салалық сервистермен ықпалдастырылады. 2027 жылға дейін Біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптастырылады.