Жаңалықтар

Премьер-министр Олжас Бектенов «Жасыл экономика» жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов «Жасыл экономика» жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Жиында энергетика саласын жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрақты даму қағидаттарын енгізу мәселелері қаралды. Отырысқа салалық министрліктер, өңір басшылары, ірі энергетикалық кәсіпорындар мен сарапшылар қатысты.

 

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, Қазақстандағы жалпы зиянды шығарындылардың 39%-ы энергетика саласына тиесілі. Өңірлер бойынша ең жоғары үлес Павлодар облысына тиіп отыр. Сонымен қатар Алматы қаласында да ауа ластануы жоғары деңгейде сақталуда.Павлодар облысындағы барлық шығарындылардың 34%-ын Екібастұз ГРЭС-1 береді. Ал өңірдегі ластаушы көздердің 8,8%-ы Екібастұз ГРЭС-2-ге тиесілі.Алматы қаласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардан бөлінетін зиянды заттардың 83%-ы «Алматы электр станциялары» АҚ-ның үлесінде.

 

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы елдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті.

 

«Әрбір кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша нақты жұмыс жүргізуі керек», – деді Үкімет басшысы.

 

Сондай-ақ энергетика саласын жаңғырту аясында жаңа нысандарда «таза көмір» технологияларын енгізу көзделіп отыр. Бұл шығарындыларды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

 

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке экологиялық талаптарды күшейту, таза технологияларды жедел енгізу және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Барлық жаңалық