✅ Пайдалы

Пәтер сатып алу: Сала мамандары  басынан аяғына дейін түсіндірді

Пәтер сатып алу: Сала мамандары  басынан аяғына дейін түсіндірді

Алғаш рет үй алып жатқан адам үшін бұл – үлкен қадам. Сондықтан әр кезеңді асықпай, түсініп өткен дұрыс. Пәтер таңдалды, ауданы мен қабаты көңілден шықты, бағасы да шамамен сәйкес. Бірақ ең қиыны осыдан кейін басталады. Көп адам «енді не істеймін?» деп ойланады, деп жазады Ozgeris.info.

Ақшаны қашан беру керек, қандай құжатқа қол қойылады, нотариус міндетті ме, тіркеу қалай өтеді – осының бәрін Krisha.kz мамандары басынан аяғына дейін ретімен түсіндіріп берді.

Ең алдымен сатушымен қайта сөйлесіп, барлық шартты нақтылап алу қажет. Бұл кезеңде ешқандай қағазға қол қойылмайды, бірақ ауызша келісім өте анық болуы керек. Пәтердің соңғы бағасы қанша, алдын ала төлем қалдырыла ма, қалдырылса – сомасы қанша, толық есеп айырысу қай күні болады, ақша қолма-қол беріле ме, әлде банк арқылы аударыла ма, сатып алу-сату шарты қашан жасалады, нотариуста ма, әлде Халыққа қызмет көрсету ортылғында ма (ХҚКО), пәтер қашан босатылады – осының бәрі алдын ала айтылып, екі жақ та келісуі тиіс. Кейін түсініспеушілік болмас үшін бұл өте маңызды.

Келесі қадам – кепілақы. Оны беру міндетті емес, бірақ көбіне мәміленің бұзылмауы үшін қолданылады. Сатып алушы сатушыға болашақ төлемнің бір бөлігін алдын ала береді. Бұл сома 50 000 теңге де болуы мүмкін, 500 000 теңге де болуы мүмкін, бірақ пәтер бағасының 10%-ынан аспауы керек. Ең басты ереже – ақшаны жай бере салмау. Міндетті түрде кепілақы туралы жазбаша келісім жасалуы қажет. Ол нотариуста куәландырылса да, куәландырылмаса да заңды күші бар. Егер кейін сатып алушы ойынан айнып қалса, ақша қайтарылмайды. Ал егер сатушы бас тартса, ол ақшаны 2 есе етіп қайтаруы тиіс. Осыдан кейін сатушы пәтерді басқа адамдарға сатуға қоймайды, ал екі тарапта келісімнің бір-бір данасы сақталады.

Белгіленген күні негізгі кезең басталады – сатып алу-сату шартына қол қою. Бұл күні сатып алушы мен сатушы кездесіп, келісімді ресми түрде рәсімдейді. Мұнда бірнеше маңызды талап бар. Пәтердің барлық меншік иелері қатысуы керек. Барлығының жеке куәлігі жарамды болуы тиіс, мерзімі өтіп кетпеуі керек. Егер тараптардың бірі некеде болса, жұбайының жазбаша келісімі қажет. Бұл келісімді нотариуста немесе онлайн eNotary сервисі арқылы рәсімдеуге болады. Оның құны – 1,5 АЕК.

Сатып алу-сату шартын рәсімдеудің 2 жолы бар. Біріншісі – нотариус арқылы. Бұл жол қымбатырақ, бірақ ыңғайлы. Құны – 12 АЕК. Нотариус шартты өзі дайындайды, деректерді тексереді, қателік кетпеуін қадағалайды. Қызмет ақысын кім төлейтіні алдын ала келісіледі – кейде сатып алушы, кейде екі жақ тең бөліседі. Екінші жол – шартты өз бетіңізше жасап, ХҚКО-да рәсімдеу. Мұның құны небәрі 1 202 теңге. Бірақ шартты өзіңіз дұрыс құрастырып, 2 дана етіп апаруыңыз керек. Орталық қызметкері қолдардың түпнұсқалығын тексеріп, белгі қояды. Осыдан кейін шарт заңды күшіне енеді, бірақ пәтер әлі сіздікі болып есептелмейді.

Ең маңызды кезең – меншік құқығын тіркеу. Дәл осы тіркеуден кейін ғана сіз толыққанды пәтер иесі боласыз. Егер нотариус арқылы рәсімдесеңіз, тіркеу сол жерде бірден жасалады. Нотариус өтінімді арнайы база арқылы өзі жібереді. Мемлекеттік бажды әрдайым сатып алушы төлейді – 1 304 теңге. Тіркеу әдетте 3 жұмыс күніне созылады. Егер асығыс болсаңыз, жедел тіркеу бар – шамамен 5 000 теңге, ол кезде 2 сағаттың ішінде дайын болады. Тіркеуді өз бетіңізше де eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-да жасауға болады.

Тіркеу аяқталған соң бірыңғай жылжымайтын мүлік базасында пәтер жаңа иесінің атына жазылады. Мұның дәлелі – eGov жүйесіндегі жеке кабинетке келген меншік құқығы тіркелгені туралы хабарлама. Оны шығарып алып, сатып алу-сату шартымен бірге сақтап қойған жөн. Қаласаңыз, меншік иесі мен ауыртпалықтар туралы анықтама да ала аласыз, онда сіздің атыңыз көрсетілуі керек.

Ақша есеп айырысу мәселесі де өте маңызды. Көбіне есеп айырысу нотариуста, шартқа қол қойылған сәтте жасалады. Егер қолма-қол болса, купюралардың түпнұсқалығы тексеріледі. Егер банк арқылы болса, нотариус ақша сатушының шотына түскенін куәландырады. Ал егер нотариуссыз есептессеңіз, міндетті түрде куәгерлер болсын және сатушы қолхат жазып берсін. Қолхатта алынған сома санмен де, жазбаша да көрсетілуі керек.

Пәтер сатып алғаннан кейін де біраз шаруаны атқару қажет. Ең алдымен бұрын тіркелген адамдардың барлығын тіркеуден шығару керек. Бұл коммуналдық төлем артық шықпау үшін және кейін заңдық мәселе туындамас үшін маңызды. Өзіңізді тіркеу – міндетті емес, егер басқа жерде тіркеуде болсаңыз. Барлық тіркеу мәселесін ХҚКО-да немесе eGov арқылы шешуге болады.

Коммуналдық қызметтерді де қайта рәсімдеу қажет. Кейбір төлемдер тіркелген адамдар санына байланысты есептеледі. Сондықтан жаңа меншік иесі ретінде деректерді жаңартқан дұрыс. Ол үшін қызмет көрсетуші ұйымдарға жеке куәліктің көшірмесі, сатып алу-сату шарты және пәтердің техникалық паспорты тапсырылады. Бұл қызмет тегін. Астана мен Алматыда мұны онлайн да жасауға мүмкіндік бар.

Соңында Пәтер иелері кооперативі мен Мүлік иелері бірлестігіне немесе басқарушы компанияға барып, деректеріңізді тіркетесіз. Қажет болса, қызмет көрсету туралы жаңа келісім жасалады. Осылайша пәтер сатып алу жолы толық аяқталады. Ең бастысы – асықпау, әр қадамды түсініп жасау.

Барлық жаңалық