Соңғы жылдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі қазақстандықтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Көп адам бұл қаражатты баспана алуға, ипотеканы жабуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсады. Алайда жақында зейнетақы жинағын алуға қойылатын талаптардың күшеюі қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі мұны азаматтардың қаржы еркіндігін шектеу деп қабылдаса, енді бірі болашақ табысты қорғауға бағытталған қадам ретінде бағалайды, деп жазады Ozgeris.info.
Шын мәнінде мәселе бүгінгі қажеттілік пен ертеңгі қаржылық қауіпсіздік арасындағы таңдауға келіп тіреледі. Экономист Руслан Сұлтановтың пікірінше, баспана маңызды актив болғанымен, ол әрдайым лайықты зейнетақының орнын баса алмайды.
Қазір зейнет жасындағы көптеген азаматтың негізгі табыс көзі – ынтымақты зейнетақы. Бұл 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне қарай төленетін төлем. Дәл осы төлем талай зейнеткердің тұрмыс деңгейін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда уақыт өткен сайын мұндай мүмкіндік азая береді. Өйткені еңбек жолын негізінен жинақтаушы жүйе кезеңінде бастаған буынның қатары көбейіп келеді.
Руслан Сұлтанов бұл үрдістің салдары әсіресе қазіргі 40-45 жастағы және одан кейінгі буынға қатты әсер ететінін айтады.
«Қазіргі 40-45 жастағы және одан кейінгі буын үшін жағдай күрделірек болады. Олардың болашақтағы зейнетақысы негізінен екі көзге тәуелді: мемлекет төлейтін базалық зейнетақы мен өздерінің жинаған қаражаты. Сондықтан зейнетақы шотындағы әрбір теңгенің маңызы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары», дейді сарапшы.
Мәселен, азамат еңбек жолында жинаған қаржысының едәуір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланып, зейнетке шыққан кезде шотында 10 миллион теңге ғана қалды делік. Бір қарағанда бұл қомақты қаражат болып көрінеді. Алайда қолданыстағы тәртіпке сәйкес мұндай жинақтан төленетін ай сайынғы төлем шамамен 54 мың теңгені құрайды.
Оған базалық зейнетақыны қосқанда жалпы табыс 90–114 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Бүгінгі өмір сүру деңгейімен салыстырғанда бұл көптеген азамат үшін үйреншікті табыстан әлдеқайда төмен көрсеткіш болуы ықтимал.
Әлемдік тәжірибеде адамның зейнетке шыққаннан кейінгі табысы еңбек еткен кездегі жалақысының кем дегенде 30-40 пайызы деңгейінде сақталуы қажет деген қағида бар. Бұл қағиданы халықаралық қаржы ұйымдары мен зейнетақы жүйесін зерттейтін сарапшылар жиі қолданады.
Мысалы, ай сайын 300 мың теңге жалақы алған адам үшін қолайлы зейнетақы табысы шамамен 90–120 мың теңге көлемінде болуы керек. Осы тұрғыдан қарағанда 10 миллион теңге жинақтың өзі үлкен қаржылық қор қалыптастыра алмайтыны байқалады.
Экономистің айтуынша, мәселенің екінші жағы да бар. Көпшілік зейнетақы шотын кәдімгі депозит немесе жинақ кітапшасы ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде бұл ұзақ мерзімді инвестициялық капитал.
«Көп адам зейнетақы шотын жай ғана жинақ деп қабылдайды. Шын мәнінде ол ондаған жыл бойы жұмыс істейтін инвестициялық капитал. Сарапшылардың бағалауынша, ұзақ еңбек жолы барысында жинақтың 60–70 пайызына дейін инвестициялық табыс есебінен қалыптасуы мүмкін. Сондықтан адам бүгін бір миллион теңге шешіп алса, тек сол сомадан ғана айырылмайды. Ол алдағы 20–30 жылда сол қаражат әкелуі мүмкін табыстан да қағылады», дейді Руслан Сұлтанов.
Шынында да, күрделі пайыз қағидасы ұзақ мерзімді инвестицияның басты артықшылығы саналады. Уақыт өткен сайын инвестициялық табыс бастапқы капиталдан да үлкен рөл атқара бастайды. Сондықтан бүгін алынған әрбір теңге ертеңгі әлдеқайда үлкен соманың жоғалуына әкелуі мүмкін.
Осы тұста негізгі сұрақ туындайды: баспана әрдайым тиімді инвестиция ма?
Қазақстанда тұрғын үй бағасы үздіксіз өседі деген түсінік қалыптасқан. Алайда экономикалық тарих мұның әрдайым солай бола бермейтінін көрсетеді. Жылжымайтын мүлік нарығында да тоқырау кезеңдері болады. Оның үстіне пәтер ұстау қосымша шығынды талап етеді. Жөндеу жұмысы, коммуналдық төлемдер, салық пен күтіп ұстау шығыны бар.
«Пәтер отбасы үшін маңызды актив екені сөзсіз. Бірақ ол әрдайым зейнет жасындағы тұрақты табыстың орнын баса алмайды. Сондықтан жеткіліктілік шегінің көтерілуі шектеу емес, болашақ табысты қорғау тетігі ретінде қарастырылуы керек», дейді сарапшы.
Мемлекеттің қазіргі саясатының астарында да осы логика жатыр. Басты мақсат – бірнеше онжылдықтан кейін миллиондаған адамның меншігінде пәтері болғанымен, ай сайынғы зейнетақысы өте төмен болып қалу қаупін азайту.
Сондықтан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы шешім қабылдағанда тек бүгінгі қажеттілікті ғана емес, болашақтағы өмір сапасын да ескерген жөн. Өйткені бұл таңдау баспана мен ақша арасындағы емес, қазіргі тұрмыс деңгейі мен зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылық арасындағы таңдау.
Зейнетақы шоты – жай ғана қордаланған қаражат емес. Ол адамның еңбек ету мүмкіндігі азайған шақтағы негізгі табыс көздерінің бірі. Сондықтан әрбір шешімнің құнын тек бүгінмен емес, ондаған жыл алға қарап бағалау маңызды.