✅ Пайдалы

Отандасымыз 23 пәтерді ипотекаға алып, тәуліктік жалға беру бизнесін қалай құрды?

Кезінде жалдамалы пәтерде тұрған, газетке жұмысқа жаңадан кірген жас журналист бүгін 23 пәтердің иесі болып отыр. Қостанайда және Алматыда орналасқан бұл пәтерлерден бөлек оның 10 адамнан тұратын шағын командасы және қонақүй бизнесін автоматтандыруға арналған ақпараттық технология жобасы бар. Осынша дүниенің бәрі өзгенің ипотекасын жапқысы келмеген бір ғана ойдан басталған, деп жазады Ozgeris.info Digitalbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Ксения Соколунина Қостанайға көшіп келіп, дарынды балаларға арналған интернатта оқыған. Мектептен кейін Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Бірінші курста ақылы түрде оқып жүріп, «Костанайские новости» газетіне жұмысқа орналасады. Жергілікті журналистің жалақысы аз болды, ай сайынғы табысы пәтердің жалдау ақысын әрең жапты.

Төртінші курсқа келгенде Ксения өз кәсібін бастау туралы ойлай бастайды. Сол кезде күйеуі екеуі жалдамалы пәтерде тұратын. Күндердің бір күні олар қызық жайтты біледі. Пәтер иесі бұл баспананы банктен ипотекаға алған екен. Яғни, жас жұп өз төлемдерімен басқа біреудің несиесін жауып отырды.Ксения сол сәтті өміріндегі бұрылыс нүктесі деп еске алады.

«Маған бұл жағдай әділетсіз сияқты көрінді. Мен біреудің ипотекасын жауып отырмын ғой. Сол кезде күйеуім ұзақ мерзімге жалға алып, кейін оны тәуліктік жалға беруге болатыны туралы әңгіме естіді. Мен пәтерді жарты жылға жалға алдым да, оны тәулігіне бөліп жалға бере бастадым. Біраз уақыттан соң есептеп көріп, осылай да жақсы табыс табуға болатынын түсіндім», дейді ол.

Сол кезден бастап Ксенияның алдында нақты мақсат пайда болды. Ол пәтер сатып алғысы келді. Бірақ қолында мүлде қаражат жоқ еді. Ксения мен жұбайы ипотекалық несиеге қызыға бастайды. Екеуі табыс тапқан сайын әр теңгені жинап, қысып ұстайды. Бір жылдан кейін бастапқы жарнаны жинап, 8 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер сатып алуға мүмкіндік туады. Ксения несиені Отбасы банк арқылы емес, коммерциялық банктен алады. Себебі ол кезде Отбасы банк енді ғана жұмысын бастап жатқан.

 «Мен үшін коммерциялық ипотека Отбасы банкінен тиімдірек болып көрінді. Бұл несиені біз алдын ала, 2 жылға жетпей жауып тастадық. Пәтерді жалға беріп тапқан ақшаның бәрін бірден несиеге төледім. Адамның мақсаты болса, бәрі соның айналасына жиналады екен. «Бірінші пәтерден кейін менің ойым өзгерді. Өзіңе тиесілі баспана тек ішінде тұру үшін емес, табыс табу үшін де қажет екенін түсіндім. Біз өз пәтерімізде өмір сүре бастағанымызға небәрі бір жыл ғана болды. Бұған дейін қанша пәтеріміз болса да, өзіміз үнемі жалдамалы пәтерде тұрдық», деп еске алады.

Алғашқы пәтер әлі күнге дейін сатылған жоқ. Ол әлі де жалға беріледі. Ксения да, оның күйеуі де ауылда өскен. Ата аналарының Костанайда ешқандай баспанасы болмаған. Сондықтан бұл отбасы үшін қалада өз үйінің болуы үлкен арман еді.

Бірінші несие жабылған бойда Ксения уақыт оздырмайды. Ол бірден екінші пәтерге депозит үшін ақша жинай бастайды. Бұл жолы бірінші пәтерді кепілге қойып, банкке дайын бизнес үлгісін ұсынады. Яғни, банкирге пәтерді, оның жалға беруден түсетін табысын, бастапқы жарнаны көрсетіп, тағы бір ипотека рәсімдеуді сұрайды. Екінші пәтер еуро форматтағы 50 шаршы метрлік екі бөлмелі баспана болады. Осы жерде Ксенияның ойына мүлде жаңа жоспар келеді. Ол ипотекаға бір ғана емес, бірден бірнеше пәтер алуға болатынын түсінеді. Біраз уақыт өткен соң бұл ойы шындыққа айналды. Ең ірі келісім 2019 жылы жасалды. Сол кезде Ксения Қостанайдағы құрылыс компаниясынан 5 жылға бірден 7 пәтерді ипотекаға рәсімдейді.

 «Бұл істе жылдам және батыл болу керек. Мысалы, сол 7 пәтерді рәсімдеп жатқанда өз өзімнен қорқып кеттім. Осынша үлкен төлемді қалай төлеймін, алып жүре аламын ба деген ой болды. Сома да аз емес еді. Бірақ міне, 2025 жылдың қыркүйегінде осы ипотека бойынша соңғы төлем жасалды. Сол сәтте ғана бұл пәтерлер үшін толық есеп айырыстым», дейді кәсіпкер.

Бүгінде Ксенияның пәтерлерінің жартысы Қостанайда, жартысы Алматыда орналасқан. Барлығы 23 пәтер. Ксения үйді ешқашан «өзім тұратын жер» ретінде қарамаған. Ол әр баспананы әуел бастан жалға берілетін нысан деп ойлаған. Сондықтан әр пәтерді таңдарда оның болашағына, өтімділігіне қараған. Басты ұстаным жалға алушылар үзілмейтін, қаражаты тоқтамай түсетін үй болуы. Ол тәуліктік жалдау табысының есебін де ашық айтады.

«Пәтерді тәулігіне жалға беріп тапқан табыс ай сайынғы ипотека төлемін жабуға толық жетті. Тәуліктік жалдау ай сайын жалға бергеннен көбірек әкеледі. 13 жыл бұрын маржа 100 пайызға дейін жететін. Қазір пайда азайды, 20 пайыздан 50 пайызға дейін ғана», дейді Ксения.

Оның негізгі қағидасы қарапайым. Пәтер өзін бірінші күннен бастап ақтауы тиіс. Сондықтан ол әр нысанды таңдағанда үйдің қабатына, жөндеу жұмыстарының қажет не қажет еместігіне, бірден жалға беруге дайын болуына мән береді. Ксения үшін «қазір және осы жерде» қағидасы маңызды. Бүгін сатып алынған пәтер ертең емес, дәл сол күні табыс әкелуі керек. Өйткені бір күн бос тұрса, ол бір күндік табыстан айырылу деген сөз.

Ксения ешқашан ескі үйлерден пәтер сатып алмаған. Себебі ондай үйлер кейде несиеге жарамсыз болуы мүмкін. Бірақ егер баспана қаланың қақ ортасында немесе беделді аудандардың бірінде болса, ол мұндай нұсқаларды да қарастыруға дайын.

Жаңа тұрғын үй кешендерінен таңдайтын үйлердің де өз талабы бар. Үйдің айналасы қауіпсіз және сенімді болуы керек. Алматыда Ксения әр кешенді таңдағанда сейсмикалық жарылым картасына қарайды, құрылысшы компанияның беделін тексереді, айналасындағы инфрақұрылымға назар аударады.

 «Мен біздің сейсмикалық картаға дейін жаттап алдым десем болады. Қай жерде қандай тұрғын үй кешені орналасқанын білемін. Өйткені болашақта сату кезінде де, сатып алушылардың өзі де осыған қарайды. Соған мән береді. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы пәтерді сатып алып, келесі күні жалға бере алатындай жағдайда болуы», деп түсіндіреді Ксения.

Ксенияның портфелінде негізінен бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлер басым. Тәуліктік жалға беру үшін ең өтімді солар. Қажет болған жағдайда оларды жылдам сатуға болады, сатып алу да жеңілірек. Үш бөлмелі пәтерге қарағанда бағасы арзан болғандықтан, ипотеканы да тезірек жабуға мүмкіндік береді.

Сегіз жыл бұрын Ксения отбасымен бірге Алматыға көшіп келеді. Себебі ол үлкен қалада өмір сүргісі келді. Мүмкіндігі мол, нарығы кең ортада жаңа нәрсе үйренгісі келді. Қостанай оның сүйікті қаласы болғанымен, бәрібір шағын қала еді. Сонымен қатар Ксения мегаполисте өз ақпараттық технология жобасын дамытуды қалады. Кәсіпкер алғашқы қадамдарын да ұмытпаған.

«2012 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Жақсы есімде. Бірінші пәтер үшін алғашқы қызметкерді жұмысқа алған кезім бар. Ол менің құрбым еді. Үй жинаумен сол айналысты. Өйткені мен өзім үлгермедім. Маған басқа нұсқаларды, нарықты зерттеу керек болды. Ол кезде 23 пәтерді ипотекаға аламын деп ойлағам жоқ. Бар ойым сол кезде жалға беру жұмысын бір рет болса да дұрыс жолға қою болатын», дейді Ксения.

Қазір оның командасында шамамен 10 адам жұмыс істейді. Олардың арасында директор, бухгалтер бар. Қалғандарын Ксения координатор деп атайды. Олар клиенттермен сөйлеседі, Airbnb секілді онлайн платформаларды бақылап отырады. Пәтер жинаумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын қызметкерлер бар, кейбірі сырттай қызмет көрсетеді.

Бірнеше жыл бұрын Ксения қонақүй және тәуліктік жалға беру саласын автоматтандыруға арналған арнайы бағдарлама жасауды бастады. Қазір осы жобасын дамыту үшін Astana Hub орталығына кіруге қажетті құжаттарын әзірлеп жатыр.

Ксения үшін несие тарихы да жеке капитал сияқты. Ол әр кәмелетке толған азаматтың несие тарихы бар екенін айтады. Банк оған бұрын әрқашан несие беріп келген, себебі Ксения барлық төлемін уақытында өтеген. Бірінші несиеден басқасының барлығы бір банктен алынған.

 

 «Кейбіреулер абыройыңды жастайыңнан сақта дейді. Мен әрқашан несие тарихыңды жастайыңнан сақта деп айтамын. Қарапайым отбасынан шыққан адам үшін несие тарих деген өте маңызды. Көп адам несие алудан қорқады, ал мен керісінше. Мен үшін дұрыс пайдалансаң, несие арқылы байып кетуге болады. Мен әрдайым мүмкіндігінше көп қаржы салуға тырыстым, кейін барып соның жемісін көргім келді. Алғаш рет шетелге демалысқа 6 жыл бұрын ғана бардым. Он пәтеріміз болған кезде де біз ешқашан сән салтанат қуған жоқпыз. Барлық табысты қайтадан іске қостық. Қазір де солай жасап отырмыз», деп сеніммен айтады Ксения.

Ксения өзінің алдына капиталын арттыру жоспарын жазып қойған. Ол америкалықтардың арманы бар екенін айтады. «Америкалық арман» ұғымы сияқты. Ксенияның ойынша, қазақстандықтың арманы ең алдымен басында өз шаңырағының болуы. Енді ол жылжымайтын мүлік жағынан өзіне жеткілікті деңгейге жетті деп санайды, ендігі басты мақсаты ақпараттық технология жобасына көбірек уақыт бөлу.

Осы 13 жылдың ішінде нарықтың өзі де қатты өзгерген. Алғашқы пәтерді сатып алу үшін Ксения базар газеттерді ақтарып, хабарландыру іздегенін еске алады. Ол кезде ипотека үшін құжат жинау да бөлек әңгір таяқ еді. Мекенжай анықтамасын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, 3 күн күтетін. Жалпы құжат жинау процесі жарты жылға дейін созылатын. Қазір бәрі оңай. Нарық онлайн кеңістікке шықты, құжаттардың барлығы дерлік цифрлы форматта. Қажет құжаттарды бір апта ішінде рәсімдеуге болады.

Банк өнімдері де өзгерді. 10 жыл бұрын ресми табысты растамай ипотека алу мүмкін емес еді. Қазір ондай бағдарламалар бар. Әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған арнайы шарттар пайда болды.

Жылжымайтын мүлік таңдау мүмкіндігі де көбейді. Алматыда шаршы метрі 1 миллион теңге тұратын пәтерлер де, 300 мың теңге тұратын баспаналар да бар. Ксения үшін ең бастысы бірден бәрін қамту емес, барынша қарапайымнан бастап, кейін біртіндеп кеңейту.

Жаңадан бастағысы келетіндерге ол өз кеңесін жасырмайды. Әсіресе пәтер таңдауда өте ұқыпты болуды, әр ипотекалық бағдарламаның шарттарын мұқият оқуды, түсінбеген жерін міндетті түрде сұрауды қажет деп санайды.

«Мен әрқашан сұраудан қорықпаймын. Түсінбей қалсам, 10 рет болса да қайта сұраймын, басын ауыртамын, бірақ бәрін анықтап аламын. Көп адам арзан деп жүгіріп барып, кейін ол пәтермен ештеңе істей алмай қалады. Оны да жалға бере алмайды, сата да алмайды. Сондықтан төмен пайызға немесе тым арзан бағаға бірден алданып қалмау керек», дейді Ксения.

Осылайша, жалдамалы пәтерден бастаған жас журналист 13 жылда 23 пәтерге ие болды. Ол табысқа бірден емес, қадам сайын, тәуекелге барып, бірақ әр шешімін есептеп жеткенін айтады.

Барлық жаңалық