Адам өмірінде алаңсыз күн жоқ. Бір күні бәрі жақсы жүріп жатқандай көрінсе, келесі күні аяқ астынан қиындық туындауы мүмкін. Осындай кезде адамды құтқаратын нәрсе көбіне алдын ала жасалған қам, жоспар және сақтық. Бірақ біздің қоғамда сақтандыру туралы ұғым әлі толық қалыптаспаған. Көп азамат осы жүйені түсінбей, оған аса мән бермейді. Ал оған жүгінгендердің бастан өткергені түрліше болып келеді, деп сараптайды Ozgeris.info.
Әл-қиссаны кейіпкерден басталық. Гүлжан Төлеу – дизайнер. Өзіне де, отбасына да қорған болсын деп «Бәйтерек» бағдарламасына кірген. Ол алғашқы жарна ретінде 60 мың теңге төлеп, кейін ай сайын жарна аударып тұрған. Бірақ уақыт өте келе жүйені толық түсінбегенін байқап, төлемді тоқтатуға мәжбүр болған. Гүлжанның айтуынша, біздің елде сақтандыру мәдениетін қалыптастыруға уақыт керек. Адамдар оны ақша табудың жолы деп ойлап жатады. Бірақ ол олай емес.
«Біздің қоғамда сақтандыру туралы түсінік толық қалыптаспаған. Көп адам бұл жүйені түсінбейді. Америка сияқты елдерде сақтандыру өмірдің ажырамас бөлігі. Адамдар оның не екенін жақсы біледі. Бізде бұл жол енді басталды. Мен де бастапқыда жарна төлеп жүрдім. Егер ауыр дерт, жарақат немесе басқа жағдай болса, компания сол шығындарды өтейді. Бұл нағыз көмек. Бірақ мен бағдарламаның барлық шартын, мүмкіндігін толық түсінбегендіктен төлемді тоқтаттым. Сақтандырудың керегі зор екенін білемін. Бұл бизнес емес, адамның басына қиындық түскенде өмірін жеңілдететін жүйе. Алда осы бағытта білімімді кеңейтіп, қайта кіріссем деймін», дейді ол.
Сақтандыру полисінің тағы бір артықшылығы бар. Мұнда келісімшартқа 3 мұрагер көрсетуге болады. Егер сақтанушыға бір жағдай болса, компания жинақталған жарнаны емес, келісімшартта жазылған толық соманы мұрагерлеріне береді. Бұл отбасына қалатын қаржылық қорғаныс.

Адам өмірінде «Ертең не болады?» деген сауал ешқашан толастамайды. Сол үшін сақтану – өзіңе деген жауапкершіліктің көрінісі. Сақтық жасай білген адам сандығын бекітіп, болашағын қауіптен қорғай алады.
Өмірдің өзі адамды сан түрлі сынақпен бетпе-бет қалдырады. Бір күні денсаулық сыр береді, бір күні жазатайым оқиға орын алуы мүмкін. Ешкім өмірдің келесі бетінде не тұрғанын білмейді. Осы белгісіздікке қарсы тұратын жалғыз құрал – алдын ала жасалған қаржылық қам. Біз экономист Бауыржан Ысқақтан өмірді сақтандыру не үшін қажет деген қарапайым сұрақ қойдық. Сарапшы еш кідірместен бұл отбасының қаржылық қауіпсіздігі деп жауап берді.
Экономист бұл ойды былай тарқатты:
«Адам баласы кез келген уақытта түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Бір күні ауырып қалуы, бір күні жазатайым оқиғаға ұшырауы ғажап емес. Тіпті еңбекке жарамсыз болып қалуы немесе өмірден өтіп кетуі де кездейсоқ жағдай. Қазақ мұны жазмыш дейді. Осындай сәтте отбасы мен бала-шаға қаржысыз қалмауы үшін алдын ала қамдану ең дұрыс шешім. Мұның бәрі жауапкершіліктің белгісі».
Сарапшының айтуынша, халық арасында кең тараған бір қате түсінік бар. Ол өмірді сақтандыру тек ауқаттыларға арналған деген жаңсақ пікір. Шын мәнінде жағдай керісінше болып шығады. Қаржысы жеткілікті адам қандай жағдайда да отбасына тірек бола алады. Ал қарапайым отбасының мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан олардың қорғанысы болып тұратын қаржылық тірек қажет.
«Бақуатты адамдар қандай да бір жағдай болса, отбасы қауіпсіздігі үшін өз қаражатын жұмсай алады. Ал қарапайым отбасы үшін қаржылық қауіпсіздік жастығы аса маңызды. Себебі олардың соққыға төтеп беру мүмкіндігі әлдеқайда аз. Сол үшін өмірді сақтандыру әлсіздерге күш, отбасына сенім, ертеңге кепілдік береді. Сақтандыру компанияларының төлемінің бәрі заңмен реттелген. Егер полисте көрсетілген жағдай расталса, төлем міндетті түрде беріледі», дейді экономист.
Өмірді сақтандырудың басты қағидасы түсінікті. Адам жүйеге қатысса, қажет кезінде оның орнына сөйлейтін жалғыз нәрсе – осы сақтандыру полисі. Бауыржан Ысқақ төлем алу тәртібін де түсіндіріп берді. Алдымен азамат сақтандыру компаниясына хабарласады. Кейін ауруханадан анықтама, тиісті органнан акт немесе еңбекке жарамсыздық парағын тапсырады. Одан кейін компания тәуелсіз сараптама жүргізеді. Барлығы дәлелденсе, төлем тағайындалады. Көп жағдайда компаниялар жазатайым оқиға немесе ауыр диагноз кезінде 15 жұмыс күнінің ішінде төлем жасайды.
Экономист өмірді сақтандыру мен депозиттің айырмасын да салыстырып көрсетті. Оның айтуынша, депозит жай ғана жинақ. Ал өмірді сақтандыру екі қызметті қатар атқарады. Бұл әрі қорғау, әрі жинақ. Бауыржан Ысқақ бұл жүйенің психологиялық жағына да тоқталды. Депозитке адамда ақша болған кезде ғана салады. Ал өмірді сақтандыруда адам тұрақты түрде жинаймын деген ұстаным қалыптастырады. Бұл да маңызды ерекшелік.
«Егер адам ай сайын 20000 теңге депозитке салса, бір жылда 240000 теңге жинайды. Ал дәл осы соманы өмірді сақтандыруға бөлсе, ауыр жағдай туындағанда отбасы 20 миллион немесе 30 миллион теңгеге дейін өтемақы ала алады. Бұл өте үлкен айырмашылық. Сондықтан өмірді сақтандыруды тек ақша салу емес, отбасының болашағын қорғау деп қарау керек», дейді ол.
Рас. Өмірдің күтпеген жағдайларына қамдану туралы айтқанда, көп адам ойланбастан «Сақтандыру маған керек емес» деп жауап береді. Бірақ қиын сәтте дәл осы сақтық адамды тығырықтан шығара алады. Осыны тереңірек түсіну үшін біз кейіпкерлердің тәжірибесінен соң, «Halyk Life» компаниясының Астана қаласындағы филиалына барып, мамандардан толық түсінік алуға шешім қабылдадық.

Кеңсеге кірген сәтте филиал директоры Жұлдыз Сұңғатқызы жылы жүзімен қарсы алды. Көп сөз созбай, бірден әңгіменің мәнін түсіндіріп, өмірді сақтандырудың неге маңызды екенін байыппен ашып берді.
Жұлдыз ханымның айтуынша, көптеген отбасының тірегі болып жүрген жалғыз адам бар. Ол адам жұмыс істейді, табыс табады, бала-шағаның қажетіне қарасады, қарызын төлейді, үйін ұстап тұрады. Ең қиыны сол адамға бір жағдай болса, отбасы қаржылық тұрғыда мүлде қорғансыз күйде қалады.
Директор осы жайды былай жеткізді:
«Өмірді сақтандырудың маңызын көп адам түсіне бермейді. Отбасының жалғыз асыраушысы жол апатына түсіп қалуы, сырқаттануы немесе өмірден ерте кетуі мүмкін. Мұндай сәтте ең ауыр жүк артында қалған отбасыға түседі. Құжат жинау, жерлеу рәсімі, қарыздар, несиелер, балалардың оқу ақысы, коммуналдық төлемдер, пәтерақы – бәрі солардың мойнына жиналады. Осындай кезде сақтандыру отбасыға ауадай қажет демеу бола алады. Егер адам тірісінде сақтандыру полисін рәсімдесе, оның отбасы қаржылық жағынан қорғалмай қалмайды. Төлем уақытында түсіп, туыстарына тыныс береді».
Сол жерде директор нақты мысал келтірді. Компания клиенттерінің бірі екі баланың әкесі болған. Ол тірі кезінде 3 миллион теңге несие алған екен. Қайғылы жағдайдан кейін отбасы не болар екен деп уайымдаған сәтте сақтандыру компаниясы төлем жасап, несиені толық жапқан. Үй отбасының қолында қалған. Артық қаражат күнделікті қажетке жұмсалып, балалардың өмірін жалғастыруына мүмкіндік берген.

Демек, өмірді сақтандыру дегеніміз – адам мен компания арасындағы нақты келісім. Бұл келісім қиын кезде суырылып кететін сөз емес, нақты орындалатын қаржылық міндеттеме.
Филиалдың бас менеджері Динара Ыдырысқа Гүлжан кейіпкеріміздің тәжірибесін айтып едік, ол бұл жағдайды өте таныс құбылыс деп түсіндірді:
«Өмірді сақтандыруға отандастарымыздың жартысына жуығы сенбейді. Себебі сақтандыру мәдениеті әлі толық қалыптасқан жоқ. Көп адам бұл жүйені түсінбейді және артық шығын деп ойлайды. Кейбірі компаниялар төлем жасамайды деп қорқады. Бұл дұрыс түсінік емес. Бүгінде ірі сақтандыру ұйымдары мыңдаған адамға көмек беріп, тұрақты түрде төлем жасап келеді».
Динара ханымның сөзі сақтандырудың мәнін тереңірек түсінуге жол ашты. Сондықтан біз полис алу үдерісіне де үңілдік. Бұрынғыдай құжат тасып әуре болудың қажеті жоқ екенін білдік.
Мысалы, клиент halyk-life.kz сайты арқылы барлық бағдарламамен таныса алады. Онда жинақтаушы, отбасылық және несиелік сақтандыру түрлері көрсетілген. Онлайн калькулятор полис бағасын есептейді. Қалаған бағдарламаға өтініш беруге болады. Сақтандыру Halyk Bank SuperApp немесе Halyk Life мобильді қосымшалары арқылы да рәсімделеді. Мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Клиент төлем жасап, полисті электронды түрде алады.
Ал адам бетпе-бет кеңес алғысы келсе, кеңсеге келіп, мамандармен сөйлесіп, өзіне ең тиімді бағдарламаны таңдай алады. Біздің кейіпкерлер таңдаған «Бәйтерек» бағдарламасына жеке тоқталып өтсек, бұл бағдарламада адам өзі үшін жинақ қалыптастырады әрі кепілдендірілген сақтандыру сомасына қол жеткізеді. Бағдарламада бірнеше қорғаныс түрі бар. Олар: жазатайым жағдайдан қайтыс болу, уақытша еңбекке жарамсыздық, жарақат алу, бірінші және екінші топтағы мүгедектік, ауыр дертке төлем төлеу.
Жазатайым жағдайда, мысалы адам қайтыс болса, оның туыстары 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін төлем алады. Егер адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедектікке ұшыраса, келісімшарттағы толық сома беріледі. Төлем құжат тапсырылғаннан кейін 30 күн ішінде аударылады. Егер адам сырқаттанып, жұмысқа уақытша жарамсыз болса, оған күн сайын сақтандыру сомасының 0,2 пайызымен есептелген төлем түседі. Бұл төлем жетінші күннен бастап жүргізіледі және ең көбі 60 күнге созылады. Ал ауыр дерт анықталса, компания толық сақтандыру сомасын төлейді. Бұл төлем диагноз қойылғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде беріледі.
«Жинақ мерзімі ішінде сақтандыру қорғауы үздіксіз жүреді. Жарна төлеген адам жеке табыс салығын есептеу кезінде жеңілдік алады. Полис тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн және әлемнің кез келген жерінде жарамды. Клиент қосымша қорғаныс түрлерін комбинициялап таңдауға құқылы. Полис арқылы несие кепілі ретінде қаражат алуға мүмкіндік бар. Ал компанияның пайдасына қатысу арқылы қосымша табыс табуға жол ашылады», дейді Жұлдыз Сұңғатқызы.

Міне, өмірді сақтандырудың ішкі философиясы да, қаржылық тетігі де осылай түсінікті бола түседі. Бұл адамның өзіне ғана емес, артында қалған отбасына тыныс беретін шешім. Өмір күтпейді. Қауіп те күтпейді. Бірақ адам алдына қам жасап үлгерсе, қиын сәтте жалғыз қалмайды.
Өмірдің өзі адамға тосын жағдайды аяқ астынан алдыға тартады. Кейде бәрі анық, бәрі орнықты көрінеді. Бірақ бір күнде бәрі өзгере салуы мүмкін. Осындай толқуы көп дүниеде адамға сенімді қорған, отбасына тірек болатын жүйе қажет. Қарасақ, дәл сондай қорғанның бірі – өмірді сақтандыру екен. Бұл қаржылық құрал ғана емес, адамның өз өмірі мен отбасы алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.
Кейінгі жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, өмірді сақтандыру жүйесіне деген қызығушылық артқан. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін сақтандыру компанияларының таза пайдасы 188,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 41 пайызға артық. Былтыр бұл көрсеткіш 133,4 миллиард теңге болған еді.
Биылғы жылдың өзінде 17,2 миллион сақтандыру шарты жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға жоғары. Нарықта ең жылдам дамып жатқан бағыт – өмірді сақтандыру. Бұл бағыттағы келісімшарттар саны бір жыл ішінде 107,9 пайызға артқан.
Сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемі де айтарлықтай өскен. Сегіз айдың қорытындысы бойынша, нарықтағы жинақ 1,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде ерікті жеке сақтандырудың көлемі 542,2 миллиард теңге, өсім 15,2 пайыз. Ал өмірді сақтандыру көлемі 160,3 миллиард теңге, өсім 19,3 пайыз болған.