2025 жылғы өмір сүру құны индексі бойынша Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орынға жайғасты, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл рейтинг тұтыну тауарлары мен қызметтердің – азық-түлік, көлік, коммуналдық төлемдер сияқты негізгі күнкөріс қажеттіліктерінің салыстырмалы бағасын есептейді. Индекстің базалық деңгейі Нью-Йорк қаласына теңестірілген (100%). Қазақстанда бұл көрсеткіш 26,6-ны құрап отыр, яғни күнделікті шығындар Нью-Йоркпен салыстырғанда 73,4% төмен. Азық-түлік бағасының индексі – 27,4, мейрамхана бағалары – 28, ал жергілікті сатып алу қабілеті 50,8-ге тең. Бұл орташа жалақы алатын қазақстандық Нью-Йорк тұрғынына қарағанда 49,2%-ға аз тауар мен қызмет сатып ала алатынын білдіреді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу индексі небәрі 10,5, бұл еліміздегі жалға алу нарығы әлемдік стандарттармен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін көрсетеді.
Қазақстан ТМД елдерінің арасында орта деңгейде орналасқан. Армения, Молдова және Әзербайжанда баға жоғары болса, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Өзбекстан және Ресейде өмір сүру арзандау. Ал жаһандық рейтингтің алғашқы үштігінде Виргин аралдары, Швейцария және Исландия тұр. Ең төменгі көрсеткіштер Пәкістан, Ливия және Мысырда тіркелген.
Баға арзан дегеніміз – жағдай тұрақты деген сөз емес. Қазақстанда бір жылдың ішінде тауарлар мен қызметтер 10,7%-ға қымбаттаған. Сәуір айының өзінде-ақ баға 1,2%-ға өсті. Айлық мәнде ақылы қызметтер – 1,9%-ға, азық-түлік – 1,1%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 0,6%-ға қымбаттады. Жылдық өсім бойынша ақылы қызметтер 15,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 8,9%-ға, ал азық-түлік 8,5%-ға өскен. Азық-түлік пен сусындар – 8,3%, киім мен аяқ киім – 11%, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер – 15,8%, денсаулық сақтау – 14,8%, байланыс – 17,3%, мәдениет пен демалыс – 16,8%, мейрамхана мен қонақ үй қызметтері – 12,6%-ға өскен. Тұрғын үйді жалға алу бағасы бір жылда 15,3%-ға қымбаттаған.
Жалақы өсімі бұл инфляцияны толық жаба алмай отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында орташа атаулы жалақы 423,1 мың теңгені құрап, бір жылда 10,7%-ға артқанымен, нақты сатып алу қабілеті небәрі 1,2%-ға ғана өскен. Ең жоғары жалақы Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелсе, ең төменгісі – Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Жамбыл облыстарында байқалды. Ұлытау облысында сатып алу қабілеті 9,1%-ға артқан. Павлодар, Қостанай және Жетісу облыстары да жақсы көрсеткішке ие. Алайда Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында нақты табыс төмендеген. Қарағанды облысында ол өзгеріссіз қалған.