Павлодар облысы Тереңкөл ауданында өзінің туған қызы екеніне күмәнданған 26 жастағы ер адам үш жасар бүлдіршінді ұзақ уақыт азаптап, кейін қатты соққыға жығып өлтірді деген айыппен сотқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғыны әйелімен бірге үш жасар қыз бен 2025 жылдың мамырында туған ұлды тәрбиелеп отырғанымен, тұңғышын өзге еркектен тапты деген оймен үнемі күдіктеніп келген.
Прокурор дерегіне қарағанда, күдікті 2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін баланы түні бойы кереуетке шарфпен байлап, жиі ұрып-соғып отырған.
Қайғылы оқиға болған күні айыпталушы көршісінің моншасында ішімдік ішіп, кешкі сағат 22.00 шамасында үйінен қызын алып шығып сабаған және қайтадан көршісінің ауласына әкеліп, бүлдіршінді қатты күшпен бетон еденге лақтырған.
"Сағат шамамен 22.00-де қызын өзімен бірге моншаға алып кірген. Сосын киім ауыстыратын бөлмеде, мас күйде баланы жоғары көтеріп, бетон еденге әдейі лақтырған", - дейді прокурордың көмекшісі Елена Корнева.
Осы жағдайдан кейін күдікті қызын аудандық ауруханаға апарғанымен, сараптама көрсеткендей бауыры жыртылып, ішіне қан кеткен бала алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.
Қазіргі уақытта өз кінәсін мойындаудан бас тартып отырған ер адамға азаптау және адам өлтіру баптарымен айып тағылып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.