Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт ресейлік әнші Алла Пугачева туралы жазба жариялап, оның жас ұлғаюын жасырмай, табиғи қалпын сақтап жүргеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында әншінің сыртқы келбетін сөз етіп, оның көпшілікке өзін боямасыз көрсететінін атап өтті.
«Ол осылай өмір сүрді және әлі де солай өмір сүріп келеді. Ешқандай сүзгісіз... Бұрын да солай болған! Қазір де солай... Қартаю... Шынайы, еш боямасыз... Қартаюдың табиғи көрінісі... Әжімдер, әлсіреген дене...
Инстаграмдағыдай жасанды сұлулықсыз, міндетті позитив пен түрлі хайлайтерлерсіз...», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Ол өз ойын жеткізу үшін орыс жазушысы Николай Гогольдің шығармасынан үзінді келтірген.
«Гоголь қалай айтып еді:
Сен бізді әрдайым мұнтаздай таза, қырынған, фрак киген күйімізде көргің келеді. Жоқ, сен бізді қарапайым, келбетіміз келіспеген қалпымызда да сүй. Ал әдемі кезімізде бізді кез келген адам жақсы көреді», – деп жазды тележүргізуші.
Дана Нұржігіт Алла Пугачеваның өнеріне деген құрметі оның жасына немесе сыртқы келбетіне байланысты өзгермейтінін жеткізді.
«Шынайы талантқа деген шексіз махаббат бар! Ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпайтын, әрдайым жаңалық болып қала беретін бірегей талантқа деген махаббат!», – деп түйіндеді ол.
Осылайша, тележүргізуші әншінің жасын жасырмауын табиғилықтың көрінісі ретінде бағалап, адамды сыртқы келбетіне қарап емес, таланты мен өнеріне қарап құрметтеу керектігін меңзеді.