Бұрын адам дүкенге өзіне қажет затты алу үшін баратын. Қазір сауда индустриясы адамның қажеттілігін өзі қалыптастыратын деңгейге жетті. Күнтізбедегі бір күнді асыға күттіріп, жоспарланбаған шығынды тиімді сатып алу ретінде қабылдататын «Қара жұма» – соның айқын мысалы.
Бүгінде мұндай науқан сауда көлемін арттырудың ғана емес, тұтас қоғамның тұтыну әдетін өзгертудің құралына айналып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Сауда индустриясы адамның қалауына қалай ықпал етеді
АҚШ-та Алғыс айту күнінен кейін ұйымдастырылатын жаппай саудадан бастау алған Black Friday уақыт өте келе әлемдік экономикалық құбылысқа айналды. Бастапқыда кәсіпкерлер үшін жыл соңындағы тауар қорын өткізіп, мерекелік сауда маусымын бастауға мүмкіндік берген науқанның сипаты бүгінде мүлдем өзгерді. Интернет-дүкен мен мобильді қосымша пайда болғалы тұтынушының сауда жасау үшін үйінен шығуы да міндетті емес. Сауда алаңы адамның күнделікті өміріне еніп, демалыс кезінде де, жұмыс арасында да, тіпті түн ортасында да тауар ұсына алатын жағдайға жетті. Қазақстанда да жаппай жеңілдік күндері, арнайы сауда фестивалі мен бөліп төлеу науқаны қалыпты құбылысқа айналды. Мұндай өзгеріс кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік бергенімен, адамның ақша жұмсау дағдысына да елеулі ықпал етеді.
Мәселенің мәнін мінез-құлық экономикасы арқылы түсіндіруге болады. 1979 жылы экономист Даниэль Канеман мен Амос Тверски ұсынған перспективалар теориясы адамның шешім қабылдау кезінде ықтимал пайда мен шығынды бірдей бағаламайтынын көрсетеді. Көп жағдайда адам қолындағы мүмкіндіктен айырылып қалуға ерекше сезімтал келеді. Сауда индустриясында осы ерекшелік кеңінен пайдаланылады. «Тек бүгін», «Соңғы мүмкіндік», «Тауардың екі данасы қалды» деген хабарламалар тұтынушыны заттың өзіне емес, оны арзан бағамен сатып алу мүмкіндігінен айырылып қалмауға ынталандырады. Осы сәтте адамның алдында «Бұл маған қажет пе?» деген сұрақтың орнына «Ертең кеш болып қалмай ма?» деген ой тұрады. Ал асығыс қабылданған шешімнің салдарын сатып алушы көбіне науқан аяқталғаннан кейін ғана бағамдайды.
Жеңілдіктің мөлшері мен нақты үнемнің айырмасы
Саудадағы тағы бір маңызды мәселе – тауардың бастапқы бағасы. Тұтынушы көбіне өнімнің нарықтағы нақты құнына емес, сатушы белгілеген жеңілдік мөлшеріне назар аударады. Мінез-құлық экономикасында мұны бастапқы ақпаратқа байланып қалу әсерімен түсіндіреді. Мәселен, сатып алушыға алдымен 150 мың теңге деген баға көрсетіліп, кейін тауар 90 мың теңгеге ұсынылса, ол соңғы соманы бастапқы бағамен салыстырып бағалайды. Бірақ дәл сол тауар басқа дүкенде науқансыз 85 мың теңге тұруы мүмкін. Демек жарнамада көрсетілген 40 пайыздық жеңілдік сатып алушының шын мәнінде қанша қаражат үнемдегенін білдірмейді.
Бұл мәселені бірқатар мемлекет заңнамалық деңгейде реттеуге көшкен. Мәселен, Еуропалық одақта 2022 жылдан бастап қолданыла бастаған талапқа сәйкес, тауар бағасының төмендегені туралы хабарланғанда, оның алдындағы кемінде 30 күн ішінде қолданылған ең төмен баға негізге алынуға тиіс. Мұндай талап кәсіпкердің жеңілдік жариялар алдында бағаны жасанды түрде көтеріп, кейін қайта төмендету арқылы тұтынушыны жаңылыстыруына жол бермеуді көздейді. Бұл тәжірибенің маңызы зор: бағаның өзгеру тарихын бақылау міндеті тек сатып алушыға жүктелмей, сауда нарығының ашықтығын қамтамасыз ететін құқықтық тетікке айналады.
Қазақстан үшін де осы мәселе өзекті. Тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермеу жөніндегі жалпы құқықтық талап болғанымен, жаппай жеңілдік кезінде әр тауардың бұрынғы бағасын күнделікті бақылап отыру кез келген азаматтың қолынан келе бермейді. Әсіресе интернеттегі мыңдаған ұсыныстың арасынан нақты тиімдісін табу үшін уақыт пен белгілі бір деңгейде қаржылық сауат қажет. Сондықтан адал сауда қалыптастыру жауапкершілігін тек тұтынушының өзіне артып қою жеткіліксіз. Сауда алаңдарында бағаның өзгеру тарихын ашық көрсету, жеңілдіктің есептелу тәртібін түсінікті ету және негізсіз жарнамаға бақылауды күшейту де нарық мәдениетінің бір бөлігі болуға тиіс.
Цифрлық сауда тұтынушыны қаншалықты еркін таңдау мүмкіндігінен айырады
Дәстүрлі дүкенде адам тауарды қолына ұстап, бағасын қарап, сатып алудан бас тартып, үйіне қайтып кете алады. Ал цифрлық саудада тұтынушының назарын ұстап қалуға бағытталған тұтас жүйе жұмыс істейді. Бір рет қараған тауардың жарнамасы басқа сайттан қайта шығуы, себетке салынған өнім туралы хабарлама келуі немесе жеке ұсыныстың көрсетілуі кездейсоқ емес. Цифрлық сауда алаңы адамның бұрынғы іздеу сұранысын, қызығушылығын және сауда жасау әдетін ескеріп, сатып алу ықтималдығын арттыруға тырысады. Осылайша, жарнама адамның нақты қажеттілігіне жауап берумен шектелмей, жаңа қажеттілік қалыптастыруға да ықпал етеді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2022 жылы жариялаған Dark Commercial Patterns зерттеуінде цифрлық ортада тұтынушыны өз мүддесіне сай келмеуі мүмкін шешімге бағыттайтын тәсілдерді қарастырған. Олардың қатарында асығыстық туғызу, маңызды ақпаратты жасыру, қосымша қызметті алдын ала белгілеп қою және сатып алудан бас тартуды қиындату секілді амалдар бар. Бұл мәселенің шешімі интернет-саудадан бас тартуда емес, цифрлық ортаның тұтынушыға адал қызмет етуін қамтамасыз етуде жатыр.
Қазақстанда жеңілдікпен сатып алынған тауарға да тұтынушы құқығын қорғаудың жалпы талаптары қолданылады. Заңда белгіленген шарттар сақталса, сатып алушы пайдаланылмаған, азық-түлікке жатпайтын тауарды күнтізбелік 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға құқылы. Заңда бұған жатпайтын жекелеген тауар санаттары да бар. Дегенмен сатушының «жеңілдікпен алынған тауар қайтарылмайды» деген ескертуі тұтынушыны заңды құқығынан өздігінен айыра алмайды.
Тұтыну мәдениетінің өзгеруі
Қазіргі қоғамдағы тұтынудың сипаты да бөлек талдауды қажет етеді. Бұрын заттың құндылығы оның сапасы, ұзақ қолданылуы және тұрмыстық қажеттілікті өтеуі арқылы бағаланса, бүгінде оның әлеуметтік мәні де күшейіп келеді. Киім, телефон, тұрмыстық техника адамның табысы мен қоғамдағы орнын көрсететін белгі ретінде қабылдануы мүмкін. Әлеуметтік желі бұл үрдісті одан әрі күшейтті. Тұтынушы өзіне қажет затты іздеумен қатар, басқалардың өмір салтына ілесуге ұмтылады. Мұндай ортада жаппай жеңілдік науқаны адамның бұрыннан қалыптасқан қажеттілігін өтеумен шектелмей, өзгенің тұтыну деңгейіне жетуге мүмкіндік беретін құрал ретінде көрінеді.
Мұның экологиялық салдары да бар. Қажетсіз киім, сирек пайдаланылатын тұрмыстық техника мен қысқа уақыт ішінде ауыстырылатын электрондық құрылғы өндіріс ресурсының артық жұмсалуына және қалдық көлемінің ұлғаюына әкеледі. БҰҰ-ның 2024 жылы жарияланған Global E-waste Monitor есебіне сәйкес, 2022 жылы әлемде 62 миллион тонна электрондық қалдық пайда болған. Оның небәрі 22,3 пайызы ресми түрде жиналып, қайта өңделген. Бұл көрсеткішті тікелей «Қара жұманың» салдары деуге болмайды. Дегенмен ол жылдам жаңаруға және үздіксіз сатып алуға негізделген экономиканың қоршаған ортаға түсіретін салмағын көрсетеді.
Жаппай жеңілдік нарықтық экономиканың заңды құралы. Оның арқасында кәсіпкер тауарын өткізіп, тұтынушы қажетті затын тиімді бағамен сатып ала алады. Бірақ сауда мәдениетінің сапасы сатылған өнім көлемімен ғана өлшенбеуге тиіс. Ол үшін бағаның ашықтығы, кәсіпкердің адалдығы, тұтынушы құқығының қорғалуы және адамның еркін таңдау мүмкіндігі маңызды. Өйткені сатып алушыға өзіне қажет емес затты сатып алғызып, оны үнем ретінде қабылдату – сауданың табысты болғанын білдіргенімен, тұтынушының ұтқанын білдірмейді.