Тергеу органдары үйді қасақана өртеу нұсқасын қарастырып жатыр. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы болуы ықтимал әйелдің жеке басын анықтады. Алайда оның өртке қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Әлеуметтік желіде тараған бақылау камерасының жазбасында өрт басталғанға дейін бірнеше минут бұрын ғимаратқа қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргені байқалады. Ол үй ішінде аз ғана уақыт болып, сыртқа асығыс шығып кеткен. Артынша іле-шала баспанадан қою түтін будақтай бастайды.
Қазір қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі – абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бапта 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, Алматы қаласында 26 қарашаға қараған түні Вахтангов көшесіндегі 8 бөлмелі жеке тұрғын үй өртенді. Үйде баспана иелерімен бірге бірнеше отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.
Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде Өзбекстанның 2 азаматы, 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы, сондай-ақ 9 жасар қыз бала қаза тапты.
Өрттің қасақана немесе кек алу үшін қойылуы мүмкін деген күдік бар. Оқиғаға қатысты бейнебақылау камерасының жазбасы тергеу барысында тексеріліп жатыр.