Астанада 30 жастағы Жазира Адауованың өліміне қатысты іс бойынша марқұмның анасы желіде бейнеүндеу жариялап, сот процесінің ашық өтуін талап етті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Мен сол күні қызым келген үйде болдым. Пышақталған, жерде жатқан денесін де көрдім. Президент мырзадан тергеудің әділ өтуін сұраймын. Құзырлы органдардан қызымның бұрынғы күйеуі Хамиден Талантқа өзіне тиесілі жазасын бергенін қалаймын»,- деді ол.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға биыл 23 қыркүйекте елордадағы Күлтегін көшесіндегі тұрғын үй ауласында болған. Екі баланың анасы көлігін тұраққа қоймақ болған сәтте бұрынғы жұбайы пышақтап өлтірген. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Күдікті — бұрын учаскелік инспектор болып істеген экс-полицей. Ол сол күні ұсталып, қамауға алынды. Ал қайғылы жағдайдан кейін марқұмның бұған дейін жазған арыздарына немқұрайлы қарады деген күдікпен 4 полиция қызметкері жұмыстан шығарылып, үстінен «қызметтік салғырттық» бабы бойынша іс қозғалған болатын.