Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі марқұм композитор Сейіл Аяғанды еске алып, Қарағандыда өткен еске алу кешінде қандай күй кешкенін айтты.
«Сейіл ағаның кеткеніне де үш жыл өтіпті. Кеше Қарағандыда өзі тірісінде көрмеген кеш өтті. Лық толы зал, сағынған ел, қатысушыларды ғажап құрмет пен қошеметке бөледі. Сахнадағы суреті өзі келгендей шынайы екен, селт еткізді. Жүрек бір бүлк етіп, түсті де, кеудеге әлі өкініш тығылды. Үнсіз тарамдалған көз жасын сахна сыртында сүртіп жаттық», – деп жазды ол.
Әншінің айтуынша, сахнада «Сейіл-жүректі» орындау кезінде қатты толқыған. Тіпті аяқ-қолы дірілдеп, әр қадамын абайлап басуға мәжбүр болған.
«Сейіл-жүректі» айтарда қол-аяғым дірілдеп бағынбай кетті. Кішкентай сахна шаршы алаң сияқты әр қадамымды абайлап басып, құлап қалмасам болды деген қорқынышпен аяқ бастым. Ел керемет көтермелеп отыр. Шыға сала екі көзден жас парлап, сол жағым түгел ұйып қалды. «Дүние-ай?!» дейсің, істей. Өкініш пен сағыныш, қайта оралмас өткен шақ. Айғайлап жылағаннан іштен тынған жаман екен, өз-өзіме әрең келдім. Осындай өмірден оза береміз», – деді әнші.
Айта кетейік, танымал композитор 2023 жылы 26 қаңтарда 52 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.