Жаңалықтар

Ақтөбеде ыстық су толы құдыққа құлап көз жұмған әйелдің туыстары істің қайта тергелуін талап етті

Ақтөбеде ыстық су толы құдыққа құлап көз жұмған әйелдің туыстары істің қайта тергелуін талап етті

Ақтөбеде 60 жастағы кітапханашы Гүлжамал Сатаева жұмысқа бара жатқанда ашық құдыққа құлап, ауыр күйіктен көз жұмған. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 18 шілдеде болған, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Марқұмның туыстарының айтуынша, коммуналдық қызмет мамандары жөндеу жүргізген аумақты қоршамаған әрі ескерту белгілерін қоймаған. Әйел он күн бойы ауруханада ем қабылдағанымен, 29 шілдеде қайтыс болған.

Оқиғадан кейін коммуналдық кәсіпорын өкілдері отбасыдан кешірім сұрап, көмек көрсетуге уәде берген. Алайда туыстарының сөзінше, кейін олар ұсынған екі миллион теңгелік медиациялық келісімге келіспеген соң, қылмыстық іс тоқтатылған.

“Коммуналдық кәсіпорын өкілдері оқиға орнында қоршау белгілері болғанын айтады. Бірақ мұны растайтын ешқандай дәлел жоқ. Бейнежазба да жоқ, тек сөз жүзінде айтып отыр. Жедел медициналық жәрдем ауруханасында кездескен Жанболаттан да жауап алынбаған. Әпкем есін жиған кезде сол күні күн ашық болғанын, бірақ шұңқырды байқамағанын айтты. Аяқ астындағы жер асфальт сияқты сұр болып көрінген екен”, – дейді Гүлсім Жәкешқызы.

Гүлжамалдың әпкесі Гүлсім Сатаева істің екі рет тоқтатылғанына наразы. Ол тергеу барысында бейнебақылау жазбалары зерттелмегенін, маңызды куәгерлерден жауап алынбағанын айтады.

Ал тергеу нұсқасында марқұмның көру қабілеті нашар болғаны және жұмысшылардың ескертуіне қарамастан құдыққа құлағаны көрсетілген.

Қазір марқұмның туыстары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне шағым дайындап жатыр. Олар істі қайта қарап, жауапты тұлғаларды заң алдында жауапқа тартуды талап етеді.

Барлық жаңалық