Қоғам

«Келіннің орны төрде емес»: Қоғам белсендісі той өткізу ережесін өзгерту керегін айтты

«Келіннің орны төрде емес»: Қоғам белсендісі той өткізу ережесін өзгерту керегін айтты

Қазақстанда үйлену тойларын өткізу тәртібіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Қоғам белсендісі Мұрат Қазамбаев келінді төрге отырғызу, үлкендерді орындарынан тұрғызып қол соқтыру және жастар мен егде жастағы қонақтардың ойын-сауығын бірге өткізу қазақтың дәстүрлі жөн-жоралғысына сай келмейтінін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап

31-арнаның «Информбюро» бағдарламасында көтерілген бұл мәселе қоғамдағы той мәдениетіне қатысты пікірталасқа ұласты.

Қоғам белсендісі Мұрат Қазамбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары үйлену тойларында ұлттық салт-дәстүрдің бастапқы мәні ескерілмей, даңғазалық пен орынсыз ойын-сауық көбейген.

Ұлытау өңірінің ақсақалдары да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, той өткізудің ортақ тәртібін қалыптастыруды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, жас жұбайларды құрметтеу үлкендердің жолын ұмытуға себеп болмауы керек.

Атап айтқанда, келін тойханаға кірген кезде егде жастағы қонақтарды орындарынан тұрғызып, қол соқтыру дәстүрге қайшы әрекет ретінде бағаланып отыр.

«Келін келе жатыр, тұрыңдар, қол шапалақтаңдар” деп үлкендерді орындарынан тұрғызып, келіннің алдынан жүргізу – оған сәлем салғызумен бірдей. Жастарға шымылдықпен безендірілген арнайы орын дайындап, ал төрге құда мен құдағиды секілді қадірлі қонақтарды отырғызған жөн», – деді Қазамбаев.

Белсенді жас жұбайларға той залынан бөлек, арнайы безендірілген орын әзірлеуді ұсынады. Ал төрге құдалар мен жасы үлкен, сыйлы қонақтар жайғасуы тиіс деп есептейді.

Сонымен қатар ол тойдағы ойын-сауық бағдарламасын да қайта қарау қажеттігін айтты. Оның ұсынысы бойынша, алдымен үлкендерге арнап дастарқан жайылып, олардың басын қосқан жөн. Ал жастарға арналған көңіл көтеру кешін кейінірек бөлек ұйымдастыруға болады.

Мұрат Қазамбаев қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын орынсыз әзілдер мен шектен шыққан ойындарды да сынға алды. Оның пікірінше, той жүргізушілерін таңдағанда ұлттық әдеп пен үлкенге құрмет мәселесіне назар аудару қажет.

Ұсынысты қолдаушылардың айтуынша, кейінгі жылдары той шығынының артуы мен сән-салтанатқа шамадан тыс мән беру көпшілікті алаңдатып отыр. Сондықтан үйлену тойларын қарапайым, ұлттық дәстүрге негізделген әрі отбасы бюджетіне ауыр салмақ түсірмейтін форматта өткізу ұсынылуда.

Бастамашылар тойдың басты мақсаты қымбат безендіру немесе ауқымды ойын-сауық ұйымдастыру емес, екі әулетті жақындастырып, ағайын-туыстың басын қосу екенін атап өтеді.

Ақпаратқа сәйкес, бұл бастаманы қолдайтын той иелері мен асабалар да бар. Алайда ұсыныстарды жүзеге асыруға қатысты ортақ шешім әзірге қабылданған жоқ.

Барлық жаңалық