Таразда кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген әдепсіз видеоның әлеуметтік желіге таралуына байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның бірі оқиғаның өзіне, екіншісі видеоны интернетте жариялап, таратқандарға қатысты қозғалған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің барлығы анықталған. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізіліп, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылған.
Ал ата-аналары балаларының тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Полиция сонымен қатар білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға құқық бұзушылыққа әкелген себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс жолдаған.
Ведомство әлеуметтік желіде видеоны таратқан адамдарға қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция порнографиялық материалдар мен өзге де заңсыз контентті тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, оған қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.