Жаңалықтар

Нұрай Серікбай өлімі: Күдікті психиатриялық ауруханадан тергеу изоляторына қайтарылды

Нұрай Серікбай өлімі: Күдікті психиатриялық ауруханадан тергеу изоляторына қайтарылды
 

21 жастағы Нұрай Серікбай өліміне қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Марқұмның отбасы жағынан қатысып жүрген адвокат Аянхан Омаров күдіктінің қазіргі таңда Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін 28 жастағы күдіктіге қатысты бірнеше сараптама тағайындалып, ол мамандар бақылауында ем қабылдаған. Осыған байланысты марқұмның туыстары күдікті психикалық жағдайын алға тартып, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп алаңдаған еді.

Адвокаттың айтуынша, Алматы облысында жүргізілген сараптамадан кейін күдікті мамыр айының басында қайтадан тергеу изоляторына қамалған.

«Ол өз әрекетіне толық жауап бере алады деп танылды. Денсаулық жағдайы жақсы», – деді адвокат.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап қызды алып қашуға қатысы бар деген күдіктінің туыстарын да жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олардың сөзінше, бұл бойынша полицияға бірнеше рет арыз берілгенімен, мәселе әлі қаралу үстінде.

Бұдан бөлек, марқұмның жақындары Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы бойынша тағылған айыпты 1-бөліктен 3-бөлікке, яғни «абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан некеге тұруға мәжбүрлеу» бабына ауыстыруды сұрап отыр.

 
 
Барлық жаңалық