💰 Экономика

Неге инвесторлар Қазақстаннан теріс айналмай отыр?

Неге инвесторлар Қазақстаннан теріс айналмай отыр?

Әлемде ақша азайып, елдер бір-біріне қырын қарар шақта Қазақстанға инвестиция келіп жатыр. «Бұл қалай болды, себебі неде?» деген сұрақтар көптің көкейінде жүр. Үңіле қарасақ, мәселе бір ғана себепке тірелмейді екен, деп жазады Ozgeris.info.

Қазір бүкіл әлемде жағдай оңай емес. Геосаяси тәуекел көбейді, соғыс бар, санкция бар, белгісіздік бар. 2024 жылы көптеген елдерде шетелден келетін инвестиция екі есе қысқарды. Ақшасы барлар сақтыққа көшті. Осындай кезде Қазақстанға инвестиция тоқтамағаны зерттеушілердің өзіне де қызық көрінді.

«World Impact Media Organization» жүргізген талдау соны көрсетіп отыр. Қазақстан ірі жобаларды тоқтатпай, бұрын басталған жұмыстарды жалғастырып келеді. Бұл ұзақ мерзімге ақша салатын инвесторлар үшін ең басты белгі. Яғни, елде саясат та, ереже де бір күнде өзгеріп кетпейді деген сенім бар.

Ұлттық банк жариялаған деректерге қарасақ, жыл сайын Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестиция 20 млрд доллардан асып отыр. 2021 жылы 23,8 млрд доллар келген. 2023 жылы 23,9 млрд доллар тартылған. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысының өзінде шамамен 10 млрд доллар кірген. Бұл аз ақша емес. Оның үстіне Орталық Азияға келетін барлық инвестицияның шамамен 60%-ы Қазақстанға тиесілі.

Бұл нені білдіреді? Қарапайым тілмен айтқанда, өңірдегі ең тұрақты әрі түсінікті ел ретінде Қазақстан таңдалып отыр деген сөз. Басқа елдерде ереже жиі ауысады, шешім кеше басқа, бүгін басқа болуы мүмкін. Ал инвестор ондайды ұнатпайды. Зерттеуде бұл жағдай соңғы жылдары жүргізілген реформалармен байланыстырылады.

«Бұл – Тоқаевтың инвестициялық циклі.  Мұның мәні – мынада. Мемлекет инвестормен алыстан емес, тікелей сөйлеседі. Қағазбастылық азайтылады. Шешім қабылдау ұзаққа созылмайды. Ең бастысы, ақша тек мұнай мен газға емес, басқа салаларға да бағытталып жатыр. Экономиканың жалпы жағдайы да маңызды. Әлемде шикізат бағасы құбылып тұрғанымен, Қазақстанда 2025 жылы экономикалық өсім шамамен 6% деңгейінде сақталды. Бұл өсім жол салу, логистика, қызмет көрсету, энергия саласы және жаңартылатын энергия жобалары есебінен қамтамасыз етілген», деп отыр зерттеушілер.

Халықаралық рейтингтер де мұны байқап отыр. 2025 жылғы IMD World Competitiveness Ranking тізімінде Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орынға шықты. Бұл жерде ел Жапония, Үндістан және Испаниядан алда тұр. Зерттеуде әсіресе салық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен басқару сапасы атап өтілген. Қазір инвестор үшін тек салық емес, мемлекеттік қызметтің қалай жұмыс істейтіні де маңызды. Қазақстан бұл жағынан да алға шықты. Ел БҰҰ-ның электронды үкімет индексінде 24-орында тұр. Онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Бұл деген сөз құжатты ұзақ күтіп жүрмейсің, рұқсат алу тез, бәрі ашық.

Инвестиция тартудағы тағы бір маңызды нәрсе – заң мен тәртіп. Қазақстанда инвестицияны қорғау, арбитраж, салық және қаржы қызметтері жүйелі түрде күшейтіліп келеді. 2024–2029 жылдарға арналған инвестициялық саясатта нақты салалар белгіленген. Олар логистика, жаңартылатын энергия, өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу және цифрлық инфрақұрылым.

2023 жылдан бері Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб шамамен 113 млрд долларды құрайтын 210-нан астам жобаны сүйемелдеді. Сонымен қатар инвесторға кедергі болатын 172 заңнамалық өзгеріс қолға алынған.

Нақты мысал да бар. 2025 жылы KIA автокөлік зауыты іске қосылды. Бұл шамамен 1500 адамды жұмыспен қамтыды. Сол жылы ғана жалпы құны 11,87 трлн теңгені құрайтын 33 ірі инвестициялық келісім бекітілді. Мұндай келісімдер инвесторға алдын ала не күтіп тұрғанын анық көрсетеді.

Даму институттары да қайта құрылды. «Бәйтерек» холдингі енді жай қолдау қоры емес, инвестициялық холдингке айналды. Ол инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және экспортқа бағытталған жобалармен жұмыс істейді. Астана халықаралық қаржы орталығы да осы жүйенің тірегіне айналды. Ағылшын құқығы, тәуелсіз сот, ашық ереже инвесторға сенім береді. 2018 жылдан бері бұл алаң арқылы шамамен 19 млрд доллар тартылған.

Мемлекет инвестицияны тарта отырып, бюджет пен әлеуметтік тұрақтылықты да ұмытқан жоқ. 2026 жылға жоспарланған мемлекеттік бюджет шығыстары 27, 3 трлн теңге. Бұл жалпы ішкі өнімнің 14.8%-ы. Оның 39%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Қаржы жүйесі біртіндеп OECD мен ЕО стандарттарына жақындап келеді. Бұл ашықтықты арттырады.

Демек, әлемде тұрақтылық азайған сайын, сенімді елдер алға шығады. Қазақстан институционалдық реформа, нақты қолдау, цифрландыру және қаржылық тәртіпті қатар ұстап отыр. Сондықтан инвесторлар бұл елден кетіп жатқан жоқ, керісінше ұзақ мерзімге жоспар құрып отыр.

Инвестиция тақырыбында саясаттанушы Ғазиз Әбішев те өз бағасын берді. Оның айтуынша, Қазақстан қазір шетелдік инвестиция үшін күресті тоқтатқан жоқ, керісінше күрделі кезеңнен өтіп жатыр. Негізгі міндет – төмендеп кеткен жаһандық үрдістен аман өтіп, қазіргі көрсеткіштен жоғары серпіліс жасау.

«Қазір әлемдік экономика оңай кезеңді бастан кешіп жатқан жоқ. Тарифтік соғыстар, санкциялық текетірестер, миграциялық дағдарыстар сияқты факторлар инвестициялық ағынды әлсіретіп отыр. Кейбір салалар, мысалы цифрландыру мен жасанды интеллект, артық капиталға ие болып жатыр. Бірақ жалпы алғанда инвесторлар дамушы елдердегі жобаларға тәуекелмен қарауға бейім емес», дейді Ғазиз Әбішев.

Бұл үрдіс Орталық Азияны да айналып өтпеген. Дегенмен саясаттанушының айтуынша, өңірде қатты құлдырау байқалып отырған жоқ. Керісінше, Micky’s Institute of Global Research and Development зерттеуіне сәйкес, Қазақстан жаһандық капитал ағыны баяулағанына және геосаяси белгісіздікке қарамастан, Орталық Еуразиядағы негізгі инвестициялық бағыт ретінде қалып отыр.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, шетелдік инвесторлар шешімді эмоциямен емес, кеңесшілердің тұтас желісінің талдауы арқылы қабылдайды. Олар елдің инвестициялық тартымдылығын институционалдық, экономикалық, саяси, геосаяси және басқа да өлшемдер арқылы бағалайды. Сондықтан Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ең алдымен осы кәсіби ортаның бағасына бағытталған.

«Қазір Қазақстан экономикасын нарықтық рельске көшіру бағытында күрделі әрі мұқият жұмыс жүргізіп жатыр. Меншік мәселесіне де өте сақ қарайды. Жоғары деңгейдегі сапарлар мен шетелдік делегацияларды қабылдау да жай дипломатия емес, көбіне инвестициялық байланыстарды қолмен реттеу процесі.Инвестициялық тартымдылық тек заңмен немесе салықпен өлшенбейтінін атап өтті. Инфрақұрылымға салынған инвестициялар, бірнеше атом электр стансасын салу туралы шешім, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу да маңызды рөл атқарады. Себебі инвестор кадрлық әлеуетке де қарайды. Инвестор үшін ең басты сұрақтар өзгермейді. Қазақстан экономикасына ақша салудың мәні бар ма. Ол инвестиция қайтады ма. Тәуекел мен пайда арасындағы тепе теңдік сақтала ма. Әлемнің кез келген нүктесіндегі инвестор дәл осылай ойлайды», дейді Ғазиз Әбішев.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңнің маңызды белгісі – инвестиция тек мұнай мен газға ғана емес, өндірістік секторларға да бағытталып жатыр. Бұл қатарда Қостанай облысындағы KIA зауыты, Ақмола облысындағы алтын өндіру жобалары және басқа да өндірістік бастамалар бар.

Сөз соңында саясаттанушы қоғаммен жұмыс істеудің маңызын ерекше атап өтті.

«Алтын кезең артта қалды. Мұнайдан түсетін табыс экономикалық ксенофобия мен әлеуметтік патернализмге жол қалдырмайды. Әрбір инвестициялық доллар үшін күресу керек. Ол доллар болсын, юань болсын, еуро болсын, рубль, вона, йена, риал, дирхам немесе лира болсын – бәрі маңызды», дейді ол.

 

Барлық жаңалық