📰 Сарапшылар пікірі

Мұрагерліктің қандай зияны бар?

Қайтыс болған адамнан мұра алу пайда ма, әлде мәселе ме деген сұрақ көпшілікті алаңдатады. Көбіміз адам мұра десе байлықты елестетеміз. Бірақ іс жүзінде ол әрдайым қуаныш әкелмейді. Fingramota.kz осы мәселеге қатысты кеңінен түсіндіріп жазған, деп сараптайды Ozgeris.info.

Сарапшылар зерттеуіне сүйенсек, мұрагер байлыққа да, қарызға да ие болады. Егер марқұмның артында пәтер, көлік, депозит немесе зейнетақы жинағы қалса, мұрагер соған иелік етеді. Бірақ сонымен бірге несие, айыппұл, коммуналдық қарыз сияқты берешек те бірге өтеді. Мұрагер заң бойынша өзіне тиген мүліктің құнына тең жауапкершілік алады. Егер пәтер 20 миллион теңге тұрса, ал берешек 15 миллион болса, ол қарызды толық өтейді. Ал егер қарыз пәтердің бағасынан асып кетсе, пәтерді беріп, сол арқылы борыштан құтылады. Мұрагер үшін бұл әділ, бірақ ауыр шешім.

«Кейде мұра байлық емес, міндетке айналады. Өйткені мүлікпен бірге қарыз да мұра болып өтеді. Мұндай жағдайда мұрагерлердің шешімі үлкен мәнге ие. Біреудің артында қалдырған дүниесін қабылдау деген оның барлық жауапкершілігін де мойынға алу деген сөз. Сондықтан асығыстыққа жол бермеу керек. Мұра алу мерзімі де заңмен реттеледі. Адам қайтыс болған күннен бастап мұра «ашылады». Сол сәттен бастап мұрагерге шешім қабылдауға алты ай уақыт беріледі. Осы аралықта ол мұрадан бас тарта ма, әлде қабылдай ма соны анықтайды. Барлық рәсім нотариус арқылы жасалады. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, мұрагер өз құқығын тек сот арқылы қалпына келтіре алады. Бірақ ол үшін дәлел керек. Шетелде болғаны, ауырып қалғаны немесе туысының қайтыс болғанынан кеш хабардар болғаны себеп бола алады», дейді сала мамандары зерттеуінде.

Кей адам мұраның бір бөлігін ғана алғысы келеді. Мысалы, «маған оның депозиттегі ақшасы керек, ал кепілдегі пәтері керек емес» деп ойлайды. Бірақ заң ондай таңдау бермейді. Мұра біртұтас ұғым. Қайтыс болған адамның мұрасына иелік етуге шешім қабылдадың ба, онда бәрін бірге қабылдайсың. Актив те, қарыз да соның ішінде.

Заңгер Алмаз Отаровтың айтуынша мұра алу жеңіл рәсім емес. Ол байлық пен міндетті қатар алып жүру деген сөз. Кім мұрагер болса, сонымен бірге заң алдында жауапты тұлғаға айналады. Сондықтан мұра алу кезінде эмоцияға емес, есепке жүгінген дұрыс. Марқұмның артында қалған мүлікті, міндеттемені және қарызды мұқият зерттеген жөн.

«Мұрагерлік тек байлыққа жол ашпайды. Ол адамның жауапкершілігін, заңды түсінуін және сабырын сынайды. Егер адам осыны ескермесе, мұра байлық емес, мәселе болып шығуы мүмкін. Ал заңды дұрыс орындаған жағдайда мұра адам өмірін жеңілдетеді. Байлық пен борыш бір шеңберде жүреді. Осыны түсінген адам ғана мұраның мәнін дұрыс қабылдай алады. Мұра деген ұғымның ауқымы кең. Көп адам тек пәтер мен көлікті елестетеді, бірақ шын мәнінде адамның өмірінде жинаған барлық дүниесі мұраға кіреді. Заң бойынша, марқұмның меншігіндегі мүлік пен қаржының барлығы мұрагерге өтеді», дейді заң маманы Алмаз.

Мұра құрамына банк шотындағы ақша, үй, пәтер, жер, көлік, тұрмыстық техника, бағалы заттар мен бизнестегі үлес кіреді. Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ та мұраға жатады. Яғни адамның өмір бойы жинаған барлық активі мұрагердің иелігіне өтеді. Бірақ мұра тек байлықтан тұрмайды. Оған қарыздар да кіреді. Егер марқұм өмірінде несие алған болса, бөліп төлеуге зат сатып алса, салықтарын төлемей кетсе немесе коммуналдық қызмет бойынша берешегі болса, мұның бәрі мұрамен бірге мұрагерге өтеді. Мұрагер қарызды өтемеймін деп айта алмайды, себебі заң бойынша мүлік пен міндет қатар жүреді.

«Ал алимент төлеу немесе моральдық шығынды өтеу міндеті мұрагерге өтпейді. Бұл жеке тұлғаның өзіне ғана қатысты болғандықтан, адам қайтыс болған сәттен бастап мұндай міндеттер автоматты түрде тоқтатылады. Мысал келтірейік. Азамат өмірден өткеннен кейін артында Алматыда бағасы 30 миллион теңге тұратын пәтер, құны 5 миллион теңге көлік, банктегі 2 миллион теңге депозит және 4 миллион теңге зейнетақы жинағы қалды делік. Барлық активтің жиынтық құны 41 миллион теңгеге тең. Бірақ сонымен бірге ол адамның артында ипотекалық несие түрінде 12 миллион теңге, тұтынушылық несие бойынша 3 миллион теңге және коммуналдық қарыз түрінде 200 мың теңге берешегі бар. Жалпы қарызы 15,2 миллион теңге болады. Демек, мұрагер 41 миллион теңгенің мүлкін алады, бірақ сонымен бірге 15,2 миллион теңге қарызды өтеуі керек. Осылайша мұраның таза құны шамамен 25,8 миллион теңгені құрайды. Бұл заң бойынша әділ есептеу. Егер марқұмның берешегі мүлік құнынан асып кетсе, мысалы 50 миллион теңге болса, онда мұрагер тек 41 миллион теңгеге ғана жауап береді. Қалған қарыз толық есептен шығарылады. Мұрагер мұраға кірген дүниенің құнынан артық қарыз төлемейді», дейді заңгер.

Тағы бір маңызды жайт бар. Мұрагер банк несиесіне байланысты есептелген пайыздар мен өсімпұлдарды да өтеуге тиіс болуы мүмкін. Себебі адам қайтыс болғаннан кейінгі алты ай ішінде несиесіне сыйақы есептеліп тұрады. Сол кезеңде жиналған өсімпұл мен пайыз сомасы да мұрагердің мойнына өтеді. Яғни, мұрагер ол несиені өзі алмаса да, марқұмның қарыз міндеттемесін орындауға міндетті.

Барлық жаңалық