Еліміз мұнайға бай ел. Десе де, ішкі нарықта жанармай тапшылығы орын алуда. Арзан отын шекара асып кетіп жатыр, ал авиаотын секілді өнімдерді шеттен сатып алуға мәжбүрміз. Үкімет тапшылықты шешу үшін мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтіп, өндірісті ұлғайтуды қолға алды. Сарапшылар аталмыш шаралар қаншалықты тиімді және шынымен де тапшылықты жоя алады ма деген сауалдарға пікір білдірді. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Мұнай бар, жанармай тапшы
Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші ел. Бізде жылына 90 миллион тоннадан астам мұнай өндіріледі. Жақсы көрсеткішке қарамастан, ел ішінде авиациялық керосин, бензин және дизель отыны сияқты мұнай өнімдері тапшы. Бірінші вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, ішкі нарықтағы өндіріс көлемі өсіп келе жатқан сұранысты толық жаба алмай отыр. Сол себепті Қазақстан авиаотынды шетелден әкелуге мәжбүр. Одан бөлек, бензин мен дизельдің бағасы бізде арзан. Көрші елдерде әлдеқайда жоғары. Салдарынан жанармай заңсыз жолмен елден шығарылуын тоқтата алмай келеміз.
Аталған мәселені шешу үшін Үкімет мұнай өнімдерінің өндірісін арттыруды көздейтін стратегиялық жоспар әзірледі. Ол қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды және жаңа қуаттарды салуды қамтиды.
2017-2019 жылдары Қазақстан үш ірі мұнай өңдейтін зауытты жаңартты. Олар - Павлодар, Атырау және Шымкент зауыттары. Нәтижесінде, жанар-жағармай материалдары өндірісі артты. 2019 жылға дейін тапшылықты жоюға мүмкіндік берді.
Мысалы, 2016 жылы аталған зауыттарда 12,8 млн тонна мұнай өңделсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 14,9 млн тоннаға жетіп, 16%-ға артқан. Бензин өндірісі 2016 жылғы 3,1 млн тоннадан 2019 жылы 3,7 млн тоннаға, дизель отыны 4,4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға дейін өсті. Өндіріс көлемінің артқанына қарамастан, ішкі нарықта авиаотынға деген сұраныс өндіріс көлемінің өсу қарқынынан асып түсті. 2024 жылы Қазақстанда 1,2 млн тонна авиациялық керосин өндірілсе, ішкі сұраныс 1,5 млн тоннаны құрған. Сондықтан билік 0,3 млн тоннаны импорттауға мәжбүр болды.
Арзан жанармайдың сыртқа заңсыз шығарылуы
Роман Скляр тапшылықтың бірнеше себептерін атап өтті. Біріншіден, арзан жанармай сыртқа ағылып жатыр. 2024 жылы АИ-92 маркалы бензиннің орташа бөлшек бағасы литріне 205 теңгені құраған. Шетелдік валютамен есептесек, шамамен 0,43 доллар. Ал Ресей мен Өзбекстанда дәл осы марканың бағасы 0,60-0,70 доллар шамасында. Дизель отыны да солай: Қазақстанда – 295 теңге (0,62 доллар), Ресейде – 0,80 доллар, Өзбекстанда – 0,75 доллар. Еліміздегі баға көрші елдердің қызығушылығын тудырып отыр. Транзиттік көліктер жаппай Қазақстанда жанармай сатып алуда. Нәтижесінде, ішкі нарық зардап шегіп отыр.
Екінші фактор заңсыз тасымалданып жатқан тұсы. Мәселені қоғам белсенділері мен экономистер жиі көтеріп жүр. Десе де, заң бұзушылық тоқтар емес. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы елден 0,5 млн тонна бензин мен 0,7 млн тонна дизель отыны шығарылған, жалпы өндірістің шамамен 10%-ын құрайды.
Заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін Үкімет ішкі нарықтағы бағаларды көршілес елдермен біртіндеп теңестіруді жоспарлап отыр. Яғни, акциздер көтерілуі мүмкін, сондай-ақ баға саясаты қайта қаралады. Мысалы, 2023 жылы бензинге акциз тоннасына 24 435 теңге, дизельге – 9 300 теңге болды. Акциздерді 20-30%-ға арттырған жағдайда, бөлшек баға 10-15%-ға қымбаттауы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, жанармайдың сыртқа ағылуын 40–50%-ға қысқарады. Заңсыз әрекеттерді тыюға арналған мұндай қадамдар соңында халықтың қалтасына ауыр түседі дейді мамандар. Салдарынан көлік қызметтері мен күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Айта кетейік, 2022 жылы сұйытылған газ бағасының өсуі елде жаппай наразылықтарға алып келген болатын.
Мұнай зауыттарын жаңғырту шаралары
Қазір мемлекет мұнай өңдеу қуаттарын арттыруды жоспарлап отыр. Негізгі жоба бойынша Шымкент МӨЗ-інің екінші кезеңін салу. Яғни, зауыттың қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыруға көзделіп отыр. 2024 жылы зауыт 5,8 млн тонна мұнай өңдеп, 1,9 млн тонна бензин, 2,3 млн тонна дизель және 0,4 млн тонна авиаотын өндірді. Екінші кезең 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Ол іске қосылғаннан кейін жыл сайын 3,8 млн тонна бензин және 4,6 млн тонна дизель өндіру мүмкіндігі пайда болады. Жобаның жалпы құны – 1,8 трлн теңге, оның 60%-ы мемлекеттік қаржы есебінен, қалғаны жеке инвестициялар арқылы қаржыландырылады.
Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары да жаңғыртылады. 2024 жылы Павлодар МӨЗ – 5,5 млн тонна, Атырау МӨЗ – 5,1 млн тонна мұнай өңдеген. 2030 жылға қарай екі зауыттың жалпы қуаты 20%-ға артып, 13,2 млн тоннаға жетуі жоспарлануда. Яғни, бензин өндірісі 4,5 млн тоннаға, дизель отыны – 6,3 млн тоннаға, ал авиаотын – 1,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Жаңғырту жобасының жалпы құны – 800 млрд теңге, оның 40%-ын мемлекет, қалғанын жеке сектор қаржыландырады.
Зауыттардың өндірісін арттыру еліміз үшін стратегиялық маңызды дейді мамандар. Біріншіден, бұл авиаотынды импорттауға тәуелділікті азайтады. Салстырмалы түрде, 2024 жылы импорт құны 250 млн долларды құраған. Екіншіден, ішкі өндірістің өсуі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, ішкі нарықты тұрақты жанармаймен қамтамасыз етеді. Үшіншіден, мұнай өңдеу саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашады: Шымкент МӨЗ-інің екінші кезеңін салу кезінде 2 000 адам жұмысқа тартылады, ал іске қосылғаннан кейін тұрақты түрде 500 адам жұмыс істейтін болады.
Сарапшылардың есебінше, мемлекеттің саясатын жүзеге асыру қымбатқа түседі. Шымкент, Павлодар және Атырау МӨЗ-деріне салынатын жалпы инвестиция көлемі 5,5 млрд доллардан асады, 2024 жылғы Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен 7%-ын құрайды. Жеке инвесторларды тарту қиын, себебі мұнай бағасы тұрақсыз. 2024 жылы баррель бағасы 70-85 доллар аралығында болды. Қазір оның құны – 67,50 доллар.
Экологиялық қауіптерді де ескерген жөн. Мұнай өңдеу өнеркәсібі көміртек шығарындыларының негізгі көзі. 2023 жылы Қазақстанның МӨЗ-дері 3,2 млн тонна CO2 бөлген, елдегі барлық шығарындылардың 2%-ын құрайды. Зауыттарды жаңғырту халықаралық экологиялық стандарттарға сай технологияларды енгізуді қажет етеді. Ол да шығын.
Қазақстан шикі мұнай экспортына тәуелді. 2024 жылы еліміз 67 млн тонна мұнай экспорттады, бұл өндірілген көлемнің 74%-ын құрайды. Ішкі өңдеуді ұлғайту экспорт көлемін қысқартуы мүмкін, ал ол бюджеттің кірісіне әсер етеді. Себебі мұнай экспорты елдің валюта түсімдерінің 40%-ын (2024 жылы – 22 млрд доллар) құрайды. Шығындарды өтеу үшін мұнай өнімдерінің экспортын арттыру қажет болады.
Мұнай өнімдерін өндіруді ұлғайту жоспарлары әлеуметтік қиындықтарға әкелуі мүмкін деп болжайды мамандар. Себебі заңсыз тасымалды жою үшін бағаны көтеру инфляцияның күшеюіне әкеледі. 2024 жылы инфляция 8,5%-ды құраса, жанармай бағасының өсуі оны тағы 1-2 пайызға арттыруы ықтимал.