Кейінгі уақытта қаржы нарығында «МРТ» ұғымы жиі айтыла бастады. Әңгіме медициналық тексеру туралы емес, Ұлттық Банктің ақша-несие саясатының маңызды құралдарының бірі саналатын ең төменгі резервтік талаптар жайында болып отыр. Бұл шешім тек банктердің жұмысына ғана емес, несие құнына, мемлекеттік қарызға және жалпы қаржы нарығындағы тепе-теңдікке ықпал етуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Ең төменгі резервтік талаптар – екінші деңгейлі банктердің өз міндеттемелерінің белгілі бір бөлігін Ұлттық Банк шоттарында резерв ретінде ұстау міндеті. Бұл құрал әлемдік тәжірибеде банк жүйесінің тұрақтылығын сақтау әрі айналымдағы ақша көлемін реттеу үшін қолданылады. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, елімізде бұл талаптардың көлемі ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде болып келді. Мәселен, 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін теңгедегі ұзақ мерзімді міндеттемелер бойынша резервтік талап нөл пайыз болса, қысқа мерзімді міндеттемелер үшін 2 пайыз деңгейінде болды. Валюталық міндеттемелерге қойылатын талаптар тиісінше 1 және 3 пайызды құрады.
«Бұрынғы әдістеме бойынша банк жүйесіндегі жалпы резерв көлемі шамамен 354,5 млрд теңге болды. Оның үстіне бұл соманың жартысына жуығын банктер кассадағы қолма-қол ақша есебінен жаба алатын. Нәтижесінде нақты резерв көлемі шамамен 177 млрд теңгені немесе барлық міндеттеменің небәрі 0,3 пайызын ғана құрады. Сондықтан жаңа талаптардың енгізілуі сырттай қарағанда күрт өзгеріс болып көрінгенімен, оның себебі бастапқы базаның өте төмен болғанында жатыр», дейді экономист.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Ұлттық Банк резервтік талаптарды айтарлықтай көтерді. Енді теңгедегі ұзақ мерзімді міндеттемелер үшін талап 3,5 пайызға, қысқа мерзімді міндеттемелер үшін 5 пайызға дейін ұлғайды. Ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша көрсеткіштер тиісінше 10 және 15 пайыз деңгейіне жетті. Ғалым Құсайыновтың есебінше, жаңа талаптар енгізілгеннен кейін банк жүйесінде резерв ретінде ұсталатын қаражат көлемі шамамен 3,2 трлн теңгеге дейін өседі.
«Бұл бұрынғы деңгейден шамамен он есе көп. Дегенмен банк жүйесінде өтімділік қоры жеткілікті екенін ескеру керек. Ұлттық Банктің өз мәліметіне сәйкес, бүгінде несие беруге бағытталуы мүмкін кемінде 8 трлн теңге бар. Сондықтан резервтік талаптардың өсуі банктердің несие беру қабілетін тікелей шектемейді. Негізгі әсер қаржыландыру құны арқылы байқалуы мүмкін», дейді сарапшы.
Оның пікірінше, тұтынушылық несиелер нарығы бұл өзгерісті аса қатты сезінбеуі ықтимал. Өйткені мұндай несиелер бойынша сұраныс пайыздық мөлшерлемеге онша тәуелді емес. Ал ипотекалық несие мен бизнеске берілетін қарыздар үшін жағдай өзгеше. Ипотека мен кәсіпкерлік несиелер мөлшерлеменің өзгеруіне әлдеқайда сезімтал. Сондықтан резервтік талаптардың артуы дәл осы сегменттердегі қаржыландыру құнын өсіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде бизнес белсенділігіне және тұрғын үй нарығына әсер етеді. Резервтік талаптардың тағы бір салдары мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында байқалуы мүмкін. Банктердің бос өтімділігі қысқарған сайын олардың мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігі де төмендейді.

«Бұл мемлекет үшін қарыз алу құнын қымбаттатуы ықтимал. Соның салдарынан мемлекеттік борышты қызмет көрсету шығындары артады. Алайда мұндай өзгеріс автоматты түрде бюджет шығыстарының қысқаруына алып келеді деу қиын. Өйткені мемлекеттік қаржы жүйесі әлдеқайда күрделі механизм. Ұлттық Банктің басты мақсаты инфляциямен күресуден гөрі банк секторындағы жоғары табыстылықты шектеу болуы мүмкін. Меніңше, бұл шешімнің негізгі мақсаты инфляцияны тежеу емес. Соңғы жылдары банктер өтімділіктің молдығы арқасында тәуекелі төмен қаржы құралдарынан да қомақты табыс тауып келді. Ал резервтік талаптар арқылы сол өтімділіктің бір бөлігі айналымнан шығарылады. Резервтерге пайыз төленбейтіндіктен, банктер бұл қаражаттан табыс таба алмайды. Нәтижесінде сектордың артық кірістілігі төмендейді», дейді ол.
Экономистің есебінше, жаңа резервтік талаптар банктердің жылдық пайдасын шамамен 413 млрд теңгеге азайтуы мүмкін. Бұл банк секторындағы артық табыстың үштен біріне жуығын қысқартады. Сонымен қатар сарапшы бұл тетіктің кейбір тәуекелдері де бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа талаптар ірі банктерге қарағанда шағын және орта банктерге көбірек салмақ түсіреді.
«Ірі банктердің капиталы ауқымды әрі табыс көздері әртараптандырылған. Ал шағын банктерде міндеттемелердің үлесі жоғары болғандықтан, резервтік талаптардың ауыртпалығы да көбірек сезіледі. Бұл банк секторындағы шоғырлану үдерісін күшейтуі мүмкін. Қазақстан экономикасына инвестиция тартудың бір жолы – банк арнасы арқылы сыртқы қаржыландыруды көбейту. Алайда валюталық міндеттемелерге қойылатын талаптардың күшеюі мұндай ресурстардың құнын арттырып, оларды қайта орналастыруды күрделендіреді. Сондықтан бұл шешімнің инвестициялық белсенділікке ықпалын да ескерген жөн», дейді экономист.
Ең төменгі резервтік талаптарды көтеру қысқа мерзімде қаржы нарығындағы тәртіпті күшейтіп, банк секторындағы артық табыстылықты төмендетуі мүмкін. Алайда оның несие нарығына, мемлекеттік қарыз құнына және қаржы секторындағы бәсекеге әсері алдағы кезеңде айқынырақ байқалмақ.