📰 Сарапшылар пікірі

Мемлекеттік нөмірді онлайн таңдағанда нені білу керек?

Мемлекеттік нөмірді онлайн таңдағанда нені білу керек?

Қаңтар айының басынан бастап көлікке мемлекеттік нөмір таңдау және рәсімдеу қызметі толықтай онлайн форматқа көшті. Бұл жаңалық eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасын қолданатын азаматтардың санын айтарлықтай арттырды. «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы бұл тақырыпта халықты жиі толғандыратын сауалдарды жинақтап, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына ресми сұрау жолдаған. Алынған жауаптар мемлекеттік нөмірді онлайн таңдаудың тәртібін түсінуге мүмкіндік береді.

Қызметтің қолжетімді болуы жұртқа ыңғайлы болғанымен, жаңа тәртіпке байланысты түсіндірмелер мен нақтылау қажет тұстар әлі де көп. Әсіресе, көлігін кредитке алған немесе алуды жоспарлап жүрген азаматтарды түрлі сұрақ мазалап отыр.

Ең алдымен, мемлекеттік нөмірді кімдер таңдай алатынына тоқталайық. Бұл қызмет тек көлігін ауыстырған немесе нөмірін жоғалтқан азаматтарға ғана арналмаған. Кез келген жеке тұлға eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өзіне ұнаған нөмірді таңдай алады. Мұндағы басты ерекшелік нөмір көлікке емес, азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне бекітіледі.

Көлігі жоқ адамның да алдын ала нөмір алып қоюына мүмкіндік бар. Ол үшін көлік иесі болу немесе халыққа қызмет көрсету орталығына бару міндетті емес. Онлайн өтініш беріп, нөмірді өз ЖСН-іне бекіту жеткілікті. Алайда бұл жағдайда тек нөмір комбинациясы ғана сақталады. Темірге басылған мемлекеттік нөмір көлік тіркелгеннен кейін ғана беріледі. Ол үшін көлік сатып алынып, тіркеу жүргізіліп, техникалық паспортқа тиісті өзгерістер енгізілуі қажет.

Алдын ала рәсімделген нөмір бір ай бойы сақталады. Егер осы уақыт ішінде көлік тіркелмесе, темір нөмір жойылады. Бірақ әріп пен сан комбинациясы азаматтың ЖСН-іне бекітілген күйінде қала береді. Кейін көлік алған кезде азамат халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мемлекеттік бажды төлеп, сол нөмірді қайта рәсімдей алады.

Көпшілікті алаңдатқан маңызды мәселенің бірі көлік кредитте болған жағдайда нөмірді ауыстыру мүмкіндігіне қатысты. Бұл сұраққа «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы нақты жауап берген.

Көлік банкте кепілде болса, мемлекеттік нөмірді ауыстыру шарттары біздің құзыретімізге кірмейді. Мұндай жағдайда азамат тікелей қызмет көрсетуші банкке жүгінуі керек. Яғни, көліктің кепілде тұруы нөмірді ауыстыруға техникалық тұрғыда кедергі болмауы мүмкін, бірақ шешім банктің талаптарына байланысты қабылданады.

Мемлекеттік нөмірді сыйға тарту немесе басқа адамға беру мәселесінде де нақты шектеулер бар. Бағасы 15 айлық есептік көрсеткіштен төмен нөмірлерді сыйға тартуға немесе басқа азаматқа рәсімдеуге болмайды. Ал құны 15 айлық есептік көрсеткіштен басталатын VIP нөмірлерді тек жақын туыстарға ғана беруге рұқсат етіледі. Бұл үшін арнайы өтініш жазылып, туыстық байланысты растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.

Көлікті сатқан кезде таңдалған нөмірдің тағдыры да көп адамды қызықтырады. Мұндай жағдайда мемлекеттік нөмірді міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру қажет. Алайда нөмірдегі әріп пен сан комбинациясын сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ол үшін азамат көлікті рәсімдеу кезінде бұл ниетін ХҚКО қызметкеріне алдын ала ескертуі керек. Сонда комбинация ЖСН-ға бекітілген күйінде қалады.

Онлайн қызметтің енгізілуі мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдеткенімен, жаңа тәртіпке бейімделу үшін азаматтарға нақты әрі түсінікті ақпарат қажет екені байқалады. Мемлекеттік нөмірді онлайн таңдау жүйесі уақытты үнемдеуге, артық кезек пен қағазбастылықты азайтуға бағытталған. Ал бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін әр талап пен ережені алдын ала біліп алған жөн.

 

Барлық жаңалық