Маңғыстау облысы

Маңғыстауда заңсыз дәрі сатумен айналысқан дәріхана анықталды

2024 жылғы 16 шілдеде Атамекен ауылында полицейлер рецептсіз есірткіге жататын препараттарды сатқан дәріхананы анықтады. Бұл туралы ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Операция барысында фармацевтер мен тыйым салынған дәрілерді сатып алған үш тұрғын ұсталды. Дәріханадан 150 пластина «АЛИС» (Прегабалин) және 48 флакон «Тропикамид» тәркіленді. Бұл заттар жиі «аптекалық нашақорлықта» қолданылады.

 

Фармацевтердің айтуынша, дәрілер рецептсіз сатуға арналған. Дәріхана жекеменшік серіктестікке тиесілі және лицензиясы бар.

 

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар дәріхананың қызметіне толық тексеріс жүргізіледі. Материалдар медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.

 

Полиция рецептсіз препарат сату — заң бұзушылық екенін ескертіп, «Тропикамид», «Прегабалин», «Лирика» секілді дәрілерге бақылау күшейтілетінін мәлімдеді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заңбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Барлық жаңалық