2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысында елімізде ауыл шаруашылығы жануарларының саны мен мал шаруашылығы өнімінің көлемі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде ірі қара мал басы 23,4%-ға артқан. Сонымен қатар ұсақ мал саны 7,8%-ға, жылқы 12,2%-ға, түйе 8,5%-ға, ал құс саны 2,2%-ға өскен. Жалпы, мал шаруашылығының өнім көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 4,2%-ға ұлғайған. Ет өндірісі 3%-ға, сүт өндірісі 7,5%-ға, жұмыртқа өндірісі 0,3%-ға өскені байқалады.
Бұл – жаман көрсеткіш емес. Алайда жылдар бойы шешімін таппаған құрылымдық түйткілдерді ескере отырып, мұндай өсімнің ұзақмерзімділігіне кепілдік беру қиын. Әсіресе, ішкі нарықты толық қамти алмау, жем-шөп базасының әлсіздігі және өңдеу үлесінің төмендігі саланың жүйелі әлсіз тұстары.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында фермерлерге жеңілдетілген шарттармен екі кредиттік бағдарлама іске қосылмақ. Жалпы қаржыландыру көлемі – 100 млрд теңге. Оның 50 млрд теңгесі ірі қара мен ұсақ малдың асыл тұқымды тұқымын сатып алуға арналған. Несие жылдық 5%-бен, ұзақ мерзімге беріледі. Қалған 50 млрд теңге жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын айналым қаражатын кредиттеуге жұмсалады.
Министрлік етті мал шаруашылығы саласына жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл бағыттағы жобаларда австралиялық тәжірибе қолданылмақ. Аталған жобалар жылына 50 мың тоннаға дейін ет экспорттап, шамамен 500 млрд теңге көлемінде табыс әкелуі мүмкін.
Қазір 14 жобаны іске асыруға 29,3 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге сүт-тауар фермалары үшін де жеңілдетілген несиелеу тетігі жұмыс істеп жатыр. Бұл бағдарлама бойынша несиелер жылдық 2,5% мөлшерлемемен беріледі. Жоспарға сәйкес, елде 116 сүт-тауарлы ферма салынуы тиіс, оның 69-ы қолданысқа енгізілген, тағы 47-сі құрылыс кезеңінде.
Мұндай мемлекеттік қолдау шаралары фермерлер үшін маңызды құралға айналып отыр. Десе де, ұзақ мерзімді нәтижеге жету үшін тек инфрақұрылым емес, фермерлік мәдениетті, бизнес-ойлауды және өнім сапасына деген көзқарасты да өзгерту қажет.
Елімізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынды дамып келеді. Ақтөбе облысында «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын іске асырып жатыр. Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын қолға алған. Бұл бағыттағы ілгерілеуге Сауда және интеграция министрлігінің тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баждарды алып тастау жөніндегі шешімі де оң әсер етті. Бұл бастама өнімді сатып алу және экспорттаумен айналысатын 15 кәсіпорынның жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту, ветеринариялық бақылауды күшейту және саланы цифрландыру мәселелері талқыланды. Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Министрдің мәліметінше, есепті кезеңде азаматтар мен ұйымдарға мал шаруашылығы мен ветеринария саласында 93 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 51-і электронды форматта қолжетімді. Барлығы 5,9 миллион қызмет ұсынылып, олардың 86%-ы немесе 5,1 миллионы онлайн режимінде жүзеге асқан.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы деректерді өзектендіру және оларды өсіру объектілеріне нөмір беру бойынша қызметтер үлкен сұранысқа ие болды. Ветеринария саласында өнім экспорты үшін паспорттар, анықтамалар мен сертификаттар беруде де белсенділік байқалады», – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, өтініштердің басым бөлігі экспорт кезінде тасымалдау және ветеринариялық талаптарды сақтау үшін қажетті құжаттарды рәсімдеумен байланысты болған.
Жиын барысында Жаслан Мәдиев ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы бизнес-үдерістерді қайта қарау (реинжиниринг) жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.
«Жалпы 31 бизнес-үдеріске кешенді шолу жүргізілді. Соның ішінде айқын мысалдың бірі – “Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді жүргізу” рәсімі. Реинжинирингке дейін бұл үдеріс деректерді қолмен енгізу, қағаз және электронды ақпараттың қайталануы, сәйкестендіру құралдарын жеткізудегі кешігулер және ветеринариялық дәрігерлердің жүйеге қол жеткізе алмауы сияқты мәселелермен қатар жүрген. Бүгінде ол цифрлық, мобильді және толық автоматтандырылған», – деді министр.
Нәтижесінде электрондық ветеринариялық паспорттар, ветеринария мамандары мен жануар иелеріне арналған мобильді қосымша, деректерді оқу технологиясы енгізілген. Үдерістегі қадамдар саны 80%-ға қысқарып, тартылған бизнес-рөлдер саны екі есеге азайған.
«Реинжиниринг мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, агросектордың негізгі бағыттарының бірінде ашықтықты, ыңғайлылық пен жеделдікті арттыруға мүмкіндік берді. Бұл бүкіл саланы одан әрі цифрлық трансформациялау үшін берік негіз жасайды», – деді министр.
Үкімет цифрландыру арқылы жүйені жеңілдетуге тырысуда. Дегенмен ауылдық жерлерде интернет қолжетімділігі, фермерлердің цифрлық сауаттылығы секілді мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және тиімді игеру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жұмыс мал шаруашылығын дамыту мен жем-шөп базасын нығайту мақсатында қолға алынған.
«Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 миллион гектарға дейін ұлғайды. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару шараларының арқасында 2022 жылдан бастап 11 миллион гектар жайылымдық алқап кері қайтарылды. Оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді», – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Олжас Бектенов еліміздің мал шаруашылығы саласында айтарлықтай ішкі әлеует бар екенін айтып, мал басын заңсыз әкетуге жол бермеу, аналық малды субсидиялау және өнім бойынша импортқа тәуелділікті азайту қажеттігін ерекше атап өтті.
Үкімет отырысында өңірлік тәжірибелер мен мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігіне де баса назар аударылды. «Qazaq sut» Республикалық сүт және ІҚМ-нің аралас тұқымдары палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев Қазақстанда сүт саласында бұрын-соңды болмаған серпіліс байқалып отырғанын айтты.
«2023 жылдан бастап елімізде жиынтық қуаты жылына 300 мың тоннадан астам сүтті құрайтын 48 жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 150 млрд теңгеден асты. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. 2020 жылға дейін республика бойынша жылына орта есеппен осындай екі ферма ғана салынатын», – деді ол.
Азамат Сағынбаев сүт саласындағы үздік тәжірибе ретінде Солтүстік Қазақстан облысының үлгісін атады. 2021–2022 жылдары СҚО-да 21 кәсіпорын іске қосылды. Соның арқасында өңір 2025 жылы еліміздің агроқұрылымдары арасында сүт өндіру көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Жаңа фермаларда жай сиырға орташа сүт өнімі 8,2 мың литр, ал сүтті тұқымды сиырларда 11 мың литрге жеткен. Бұл Еуропаның дамыған елдерімен деңгейлес.