Әскерден жалтарғандарды не күтіп тұр? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеп көрді.
Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны әдеттегіден бір ай ерте басталды. Соңғы жылдардағы басты жаңашылдықтардың бірі десек болады. Әскерге шақыру науқанының аяқталу мерзімі өзгеріссіз қалды, ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 18 бен 27 жас аралығындағы 22 мың қазақстандық азамат отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады.
Басты жаңалық
Биыл әскерге шақыру қағаздары қолма-қол тапсырылып қана қоймай, SMS-хабарлама арқылы және электронды үкімет порталы арқылы жолданатын болады. Жаңа тәртіп қоғамның назарына бірден ілікті.
Қорғаныс министрлігінің ресми түсіндірмесіне сүйенсек, әскерге шақырылушыларды хабарландырудың бірнеше тәсілдері бар. Енді SMS-хабарлама әскерге шақырудың заңды тәсілдерінің бірі ретінде мойындалды. Хабарландыру төмендегідей жолдармен жүзеге асады:
1. Әскерге шақыру туралы электронды қағаз азаматтың ұялы телефонына SMS-хабарлама түрінде немесе электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Бұл хабарландыру шақырылушыға кемінде үш күн бұрын жеткізілуі тиіс.
2. Егер азаматтың телефон нөмірі туралы мәлімет болмаса немесе ол электронды үкімет порталында тіркелмеген болса, шақыру билеті қағаз түрінде қолына табысталады, пошта арқылы жеткізіледі немесе тұрғылықты жерінде, уақытша мекенжайында не жұмыс орнында беріледі.
Қоғамның көзқарасы
Жаңалық жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желіде кеңінен таралып кетті. Себебі бұрынғыдай әскери военкоматтан қашып құтылу енді мүмкін болмай қалды. Құқық қорғаушылар бұл өзгеріске күмәнмен қарап отыр. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл жастарды ынталандырмайды, керісінше, қорқыныш тудыратын шараға айналады.
«Олар азаматтарға таңдау қалдырмайды. Жастар әскерге өз еркімен емес, қорқынышпен баруға мәжбүр. Бұл дұрыс емес. Әскерге баруға ынталандырудың орнына, мұндай әрекеттер жастарды керісінше алыстатады. Шын мәнінде, жастар мектеп кезінен бастап әскерге деген қызығушылықты сезінетіндей жағдай жасалуы керек», - дейді сарапшылар.
Ал Қорғаныс министрлігі болса, өз ұстанымынан қайтар емес. Әскери қызметтен жалтарғаны үшін заңды жауапкершілік бұрынғысынша сақталған.
Әскерден жалтарғандарға қолданылатын жаза
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшінде қала бермек:
-Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 647-бабы: Әскери есепте тұрған азамат әскери басқару органының шақыруына себепсіз келмесе, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
-648-бап: Медициналық тексеруден немесе комиссия жіберген сараптамадан жалтарған азаматқа ескерту жасалады немесе үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
-Қылмыстық кодекстің 387-бабы: Заңсыз себептермен әскерге барудан бас тартқандарға мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығы шектеледі, тіпті бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сарапшылар мұндай жауапкершілікті өте қатаң деп санайды. Дегенмен, кейбір азаматтарға белгілі бір жағдайларға байланысты әскерге барудан уақытша босатылу құқығы беріледі.
Әскерге барудан уақытша босатылатындар
Әскерден кейінге қалдыру мынадай себептермен рәсімделеді:
-отбасылық жағдайына байланысты;
-денсаулық жағдайына байланысты;-тергеу астында болған жағдайда;
-белгілі бір мамандықтар бойынша жұмыс істегенде.
Әскерден толық босатылатындар да бар. Олар:
-27 жастан асқан азаматтар;
-діни қызметкерлер;
-шетелде немесе арнайы мемлекеттік органдарда әскери қызметін өтегендер.
Қорғаныс министрлігінің уәдесі
Ведомство биыл әскерге шақырылушыларды жаппай ұстап әкету тәжірибесін қолданбайтынын мәлімдеді.
«Заң бәріне ортақ. Біз азаматтардың конституциялық құқығын бұзып, жаппай ұстауға жол бермейміз. Қазірдің өзінде мектептерде бастапқы әскери дайындық жүргізіліп жатыр. Бірақ жаппай ұстап әкету тәжірибесі енді болмайды», - делінген.
Өткен жылы мұндай «рейдтер» қоғамда үлкен наразылық тудырған еді.
Қорғаныс министрлігіне бағытталған сын
2024 жыл Қорғаныс министрлігінің беделіне ауыр соққы болған уақыт. Әсіресе әскерде орын алған қайғылы жағдайлар, сарбаздардың қаза табуы мен жарақат алуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ата-аналар балаларын әскерге жіберуден қорқатын болды. Сарапшылардың айтуынша, осындай жағдайлардың салдарынан жастардың көбі әскерге барғысы келмейді.
Қоғамның наразылығына жауап ретінде Бас прокурор Берік Асылов мынадай бастаманы жариялаған еді.
«Әскери бөлімдерге заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылады. Жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, жағдайды автоматты түрде талдау мүмкіндігі пайда болады. Бұл сарбаздардың қауіпсіздігін арттырады. Тіпті командирлерге бейнежетондар, ал сарбаздарға әскери кезекшілік пен міндет атқару кезінде бейнетіркеуіштер беріледі».
Бірақ, құқық қорғаушылар мен халық мұндай шаралардың да нәтиже бермейтініне сенімді.
«Бейнекамера орнату арқылы толық бақылау мүмкін емес. Әрқашан «көрінбейтін аймақтар» болады. Егер біреу заңсыз әрекет жасағысы келсе, камера алдында емес, көзден таса жерде жүзеге асырады. Қала берді, камераны өшіріп тастау да оп-оңай».
Әскерден кейінгі белгісіздік
Жастардың әскерге барғысы келмеуінің тағы бір себебі – болашақтағы мүмкіндіктің аздығы. Сарапшылардың айтуынша:
«Әскерде қызмет ету ерікті болуы тиіс. Жастар үшін нақты перспектива қажет. Бір жыл бойы саппен жүру үшін емес, нақты кәсіби білім мен мамандық алу үшін бару керек. Қазіргі әскерде толыққанды кәсіби дайындық берілмейді. Егер әскерден кейін жоғары оқу орнына түсуге жеңілдіктер қарастырылса, нақты артықшылықтар жасалса, жастардың ынтасы әлдеқайда артар еді».