Ұлттық банк телефон арқылы жасалатын алаяқтық пен жеке шоттар арқылы жүретін көлеңкелі айналымдарға қарсы шараларды күшейтті. Биылдан бастап күшіне енген өзгерістер күмәнді аударымдарға да, банктік шоттарды пайдалану тәртібіне де қатысты. Негізгі мақсат – азаматтарды қаржылық тәуекелден қорғау әрі жеке шоттарды кәсіпкерлік мақсатта заңсыз қолданудың алдын алу.
Реттеуші банктерге күмәнді операцияларды 24 сағатқа дейін уақытша тоқтату құқығын берді. Бұл норма, ең алдымен, алаяқтардың психологиялық қысымымен ақша аударуға әрекет жасап, банк ескертуін елемеген клиенттерге қатысты қолданылады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, егер адам күшті ықпалға түсіп, алаяқтарға қаражат аударуды жалғастырса, банк операцияны уақытша тоқтатып, клиентті бөлімшеге шақыра алады.
Мұндай жағдайда азаматтан банкке жақын туысымен бірге келу сұралады. Туысы оның әрекетінің саналы екенін растауға тиіс. Бұл шара эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдаудың алдын алуға бағытталған. Реттеуші алаяқтардың көбіне адамның осал тұсын, әсіресе қорқыныш пен асығыстықты пайдаланатынын атап өтеді.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың карталарына тұрақты түрде түсетін аударымдарға бақылау күшейтілді. Егер бір шотқа қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі жіберушіден қаражат түссе, мұндай операциялар тәуекелді деп танылуы мүмкін. Бұл жағдайда банк қосымша тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда ақпаратты тиісті органдарға жолдай алады. Алдымен талдауды банктердің өзі жүргізеді. Олар төлемнің мақсатын көріп, операция сипатын бағалайды.
Қаражат жиі әрі әртүрлі адамдардан түсіп, түсіндірмесіз аударылса, банк жасырын кәсіпкерлік қызмет бар деп күдіктенуі ықтимал. Ондай жағдайда клиент қаражаттың шығу көзін және операция мақсатын түсіндіруі керек. Ал өз шоттары арасындағы аударымдар, мысалы картадан депозитке немесе керісінше ақша аудару, кәсіпкерлік қызмет болып саналмайды.
2026 жылғы 26 қаңтарда цифрлық жобаларды таныстыру барысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды тексеру тетігін түсіндірді. Айына 100 аударым шегі аз деп санайтындар бар. Алайда ол бұл пікірмен келіспейді.
«Егер адам 3 ай бойы 100 түрлі адамнан ақша алып отырса, бұл күмәнді. Ол ай сайын тойға немесе туған күнге ақша жинап жүре алмайды ғой. Жарайды, егер әріптестерінен белгілі бір мақсатқа жинаса, біз оны көреміз. Қандай да бір қажеттілікке жинаса, оны да көреміз. Ал егер тауар сатып, әртүрлі адамдардан әртүрлі сома алып отырса, оны да байқаймыз», деді Е.Біржанов.
Сонымен бірге ол бірден жаза қолданылмайтынын атап өтті. «Осындай жағдай анықталса, біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен ескерту жібереміз. Жеке шотыңызға неге әртүрлі адамдардан үнемі ақша түсіп жатыр, соны түсіндіріп беруді сұраймыз. Азамат өз жауабын бере алады», деп қосты вице-министр. Демек, бақылау тетігі жазалау үшін емес, күмәнді жағдайды нақтылау үшін іске қосылады.
Ұлттық банк тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Соңғы уақытта төлем карталарын заңсыз бұғаттау арқылы жасалатын телефон алаяқтығы жиілеген. Қаскүнемдер азаматтардың жеке деректерін фишингтік сайттардан, әлеуметтік желілерден немесе маркетплейстерден жинап, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласады. Картаның жоғалғаны туралы жалған мәлімет беріп, оны бұғаттатады. Кейін азаматқа өздері қоңырау шалып, «картаны қайта ашу» немесе «ақшаны қауіпсіз шотқа аудару» деген сылтаумен СМС код, интернет банкинг құпиясөзі немесе CVV кодты сұрайды.
Егер карта бұғатталса, азамат тек картаның артқы бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми нөмір арқылы банкке хабарласуы керек. Банкомат маңында жасалатын алаяқтық та назарда. Қаскүнемдер «картам бұғатталды» немесе «лимит асып кетті» деп үшінші тұлғаға ақша аударуға көмек сұрауы мүмкін. Мұндай әрекет дропперлік деп саналады және заңға қайшы.
Қаржы реттеушісі азаматтарға банк картасын ешкімге бермеуді, оның деректерін жария етпеуді, белгісіз адамдарға ақша аудармауды және күмән туындаса ресми нөмір арқылы банкке хабарласуды ұсынады. Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан СМС код немесе құпиясөз сұрамайды, қашықтан қол жеткізу қосымшасын орнатуды талап етпейді. Ұлттық банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді және инвестиция ұсынбайды.
Жаңа шаралар қаржылық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Басты міндет – азаматты эмоциямен қабылданатын қауіпті шешімдерден қорғау және жеке шоттарды заңсыз айналым құралына айналдырмау.