4 маусымда Астана қаласында қоғамның наразылығын тудырған шулы оқиға орын алды. Назарбаев университетінің Foundation бағдарламасын тәмамдаған түлекті әскерге күштеп әкетіп қалған. Жақындарының айтуынша, оны көшеде ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Қазір әскерге күштеп әкету, көшеден ұстап алу қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл ең алдымен жастардың құқықтарының бұзылуы. Ozgeris.info тілшісі сарапшылар мен халықаралық тәжірибеге сүйеніп мәселені зерттеп көрді.
Астанадағы резонансты жағдай әскерге деген сенімділік пен көзқарасты қайта қарауды қажет ететін сияқты. Себебі оқуға енді түскен студент ешқандай алдын ала ескертусіз ұсталған. Ол тек ағасына хабарласып, мән-жайды айтып үлгерген, содан кейін байланыс үзіліп қалған. Кейінірек оның әуелі Қонаев қаласына, кейін Қарағандыға жіберілгені белгілі болды.
Туыстарының айтуынша, ол бакалавриатқа түсуге ресми шақыру алған. Алайда әскери бөлім қызметкерлері үшін бұл кейінге қалдыруға негіз емес екен. Себебі студенттердің бірыңғай базасында оның ЖСН-і тіркелмепті. Базаға ол тек тамыз айында қабылдау туралы бұйрық шыққаннан кейін енгізіледі екен.
Студенттің туыстары әскерге баруға қарсы емес екендерін айтып отыр. Алайда әскери бөлімнің осындай әрекеттері жастардың құқықтарын бұзып, жүйеге деген сенімді жояды дейді.
«Менің досыма ешқандай шақыру қағазы берілмеді. Оны үйінің қасындағы көшеде, таксиден түсе бергенде ұстап әкетті. Ол университетке ресми түрде қабылданған, жарнасын төлеген, Foundation бағдарламасын бітірген. Назарбаев университеті еліміздегі ең үздік оқу орны. Соған қарамастан, оны қылмыскер секілді алып кетті. Телефонын тартып алып, басын тақырлап алып тастады. Осы видеоны мемлекеттік органдар көріп, назар аударуы үшін барынша белсенді болуларыңызды сұраймын. Бұл нағыз адам құқығын бұзу деп есептеймін», – дейді досы видеоүндеуінде.
Қорғаныс министрлігі болса, бұл шақыру заң аясында жүргізілгенін айтып, жалған ақпарат таратпауды сұрады.
Заң не дейді?
Жыл сайын Қазақстанда 35 мыңға жуық жас жігіт мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерден қалуға құқығы жоқ азаматтар кіреді.
Заң бойынша, шақыру қағазын азаматтың өз қолына беру керек. Егер шақыруды туыстары, көршілері немесе достары арқылы берілсе, не болмаса пошта жәшігіне тасталса, оның заңдық күші болмайды. Әскери бөлімнен қоңырау соғу да шақыру болып саналмайды.
Бас тартуға болатын себептер бар. Мысалы, ауыр ауру, жақын туыстың қазасы немесе табиғи апат секілді жағдайлар. Бұл себептерді растайтын құжаттар қажет.
Егер шақыру қағазын алған соң адам әскери комиссариатқа келмесе, 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады (1 АЕК – 3 932 теңге). Шақыру қағазын бірден беріп, полициямен бірге күштеп алып кету заңсыз. Заңға сәйкес, шақырылған адамға қшақыру қағазын қызметке келу мерзімінен кем дегенде екі жұмыс күні бұрын берілуі тиіс.
Шақыруды бірінші рет алған азаматты күштеп әскери бөлімге алып кетуге ешкімнің құқығы жоқ. Бұл заңсыз әрекет. Мұндай жағдайда шақырылған адам полицияға шағымдана алады. Ал заңсыз ұстау қылмыс. Бұл әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 414-бабы бойынша іс қозғалуы мүмкін.
Алайда іс жүзінде не болып жатыр?
Бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бұл мәселеде ешқандай заңбұзушылық жоқ деп мәлімдеген. Оның айтуынша, әскери борыш – әр азаматтың міндеті.
«Конституцияда елді қорғау – әр азаматтың парызы деп жазылған. Егер азамат өзі келмесе, біз оны іздеуге, заңда көрсетілген барлық шараларды қолдануға міндеттіміз. Заң бұзылса, тиісті шаралар қолданылады», – деген ол.
Ал жақында болған оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді.
«Соңғы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде азаматтарды мәжбүрлеп әскери бөлімге жеткізу жөнінде ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты, министрлік әскери қызметке шақыру Қазақстанда жыл сайын заңға сай жүргізілетінін мәлімдейді. Алайда кей жағдайда шақырылған азаматтардың повесткамен келмеуі немесе мекенжайы бойынша тұрмауы сияқты қиындықтар туындайды», – делінген ресми хабарламада.
Шақыру қағазын дербес түрде тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, ішкі істер органдары азаматтың әскери комиссариатқа келуін қамтамасыз етуі тиіс.
«Кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндайда олар әскери бөлімге мәжбүрлеп жеткізіледі. Ол жерде арнайы комиссия азаматтың шақыруға жататынын не жатпайтынын анықтайды. Егер еш негіз болмаса үйіне қайтарылады. Ал шақыруға жатса, медициналық тексеруден өткізіліп, әрі қарай заңға сай шаралар қабылданады», – деді министрлік.
Ведомство әскерге шақырудан жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
«Азаматтарды заңды сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз», – деп түйіндеді Қорғаныс министрлігі.
Әскерге кім барады, кім бармайды?
Қазақстан Қарулы күштерінде әскерге шақырылатындарды іріктеудің нақты талаптары бар. Бұл талаптар негізінен үш көрсеткішке сүйенеді: денсаулық жағдайы, отбасылық мәртебе және білім деңгейі.
Әскерге шақырылатындардың санына келісімшарт негізінде қызмет етуге өтініш бергендер де әсер етеді. Көптеген әскери бөлімдерде келісімшартпен қызмет ететіндер мен мерзімді әскерге шақырылғандар бірге қызмет етеді. Егер келісімшартпен қызмет етушілердің саны көп болса, онда әскерге шақырылатындардың саны азаяды.
Сонымен қатар, әскерге жарамсыз деп танылатын сырқаттардың арнайы тізімі бар. Мысалы, туберкулез, көз аурулары, қатерлі ісіктер және басқа да аурулар кезінде адам әскерге мүлдем жарамсыз деп танылады. Бұл тізім үнемі жаңартылып отырады. Соңғы жылдары көру қабілеті нашар жастарды әскерге алмау жиілеп кетті. Бұрын мұндай диагноз әскерден босатуға негіз болмайтын. Табан сүйегінің жалпаюы, омыртқа қисаюы және осыған ұқсас басқа да аурулар да әскери қызметке жарамсыздықтың себебі саналады. Сондықтан қазір әскерге бару үшін белгілі бір физикалық талаптарға сай болу да маңызды. Бірақ тәжірибеде мұндай талаптарға бәрі бірдей сай келе бермейді.
Осындай талаптарға сай келмейтін кейбір жастар түрлі жолдар іздейді. Кейбіреулері әскерге бармау үшін пара береді. Ал кейбіреулер ақылы негізде 40 күндік балама әскери қызметке барады. Сонымен қатар, әскерге өз еркімен бару үшін пара беретіндер де кездеседі. Бірақ мұндайлар өте аз. Көбіне әскерге барудан қашатындар көп, ал мұндай жағдай кейбір әділетсіз шенеуніктер үшін тиімді, өйткені олар осы сәтті пайдаланып, «келісуге» тырысады.
Заңсыз әрекеттерден қалай қорғануға болады?
Заңгерлердің айтуынша, әскерге шақыру қағазын (повестка) сізге жеке өзіңізге қолыңызға беруі керек. Егер қағазды ата-аналар, достар, көршілер арқылы берсе немесе пошта жәшігіне тастап кетсе, оның заңдық күші болмайды. Әскер бөлімінен телефон соғу да повестка болып есептелмейді. Повестканы әскер бөлімшесіне бару күнінен кемінде екі жұмыс күні бұрын қолыңызға табыстауы керек. Бұл әскери есепке алу және әскерге шақыру ережесінде нақты жазылған. Егер повестканы жеке өзіңізге тапсыру мүмкін болмаса, сіздің баруыңызды қамтамасыз ету жауапкершілігі ішкі істер органдарына жүктеледі.
Ең бастысы ешкім сізді әскери бөлімге күштеп алып кете алмайды, әсіресе егер бұл сізге бірінші рет беріліп отырған повестка болса. Егер сізді заңсыз ұстап әкетсе, бұл адам ұрлау, билікті асыра пайдалану ретінде қылмыстық іс болып саналады. Бұл Қазақстан Қылмыстық кодексінің 414-бабы бойынша сотталады.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең алдымен, туыстарыңызбен байланысуға тырысыңыз. Олар дереу полицияға арыз жазуы керек. Ең маңызды қадам полиция арызды тіркеп алуы тиіс. Өйткені арыздың ресми тіркелуі кейінгі процесті жеңілдетеді.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемде әскерге шақырылмайтын елдер бар. Олардың алғашқы тобына мүлде өз армиясы жоқ мемлекеттер жатады. Мысалы, Исландия, Гаити, Гренландия, Коста-Рика және Панамада әскер мүлде жоқ. Сондай-ақ тарихында ешқашан әскерге шақыру болмаған, тек келісімшартпен қызмет ететін армиялары бар елдер де бар. Мұндай елдердің басым бөлігі шағын мемлекеттер немесе әскери қуаты тек аймақтық деңгейде маңызды елдер. Дегенмен, бұл санатқа халқы көп, экономикасы ірі мемлекеттер де кіреді. Мысалы, Үндістан мен Жапония. Бұл елдерде де әскерге шақыру жоқ.
Кейбір елдер бейбіт уақытта әскерге шақырудан мүлде бас тартқан, бірақ олардың заңдарында төтенше жағдай немесе соғыс кезінде әскерге шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, Канадада бейбіт уақытта ешқашан әскерге шақыру болмаған. Австралияда да тек соғыс жағдайында ғана әскерге шақыру енгізіледі және оған парламенттің арнайы рұқсаты қажет.
Ұлыбританияда әскерге шақыру тек қысқа уақыттарда, негізінен, XX ғасырдағы дүниежүзілік соғыстар кезінде ғана болған. Соңғы шақырылғандар әскерден 1960-жылдары босатылды.
АҚШ-та Вьетнам соғысынан кейін әскерге шақыру тоқтатылған болатын. Бірақ 1980 жылы президент Картер оны қайта енгізді. Қазір 18-26 жас аралығындағы барлық ер азаматтар әскери есепке тұруы тиіс. Тіркеуден жалтарғандар бес жылға дейін түрмеге жабылып, 250 мың доллар айыппұл төлейді. Бірақ іс жүзінде бұл үшін түрмеде ұзақ отырғандар жоқ, ең ұзақ жаза 5 ай.
Францияда бейбіт уақыттағы әскерге шақыру 2001 жылы тоқтатылды. Оның орнына 16-18 жас аралығындағы барлық қыздар мен ұлдар қатысуы тиіс ұлттық қорғанысқа дайындық күні енгізілді.
Нидерландыда әскерге шақыру туралы заң әлі күшінде (Конституцияның 98-бабы бойынша әскерге шақырылуы мүмкін), бірақ 1996 жылдан бері шақыру жүргізілмейді.
Германияда 2011 жылы әскерге шақыру тоқтатылды. Дегенмен, Германия Конституциясының 12а-бабына сәйкес, 18 жасқа толған барлық ер азаматтар әскерге, шекара қызметіне немесе азаматтық қорғаныс құрылымдарына шақырылуы мүмкін. Сондықтан заң жүзінде әскерге шақыруды кез келген уақытта қайта енгізуге болады.
Әскерге міндетті шақыру Қазақстаннан бөлек басқа да елдерде бар. Бүгінде әскерге міндетті шақыру негізінен Азия елдерінде сақталған. Әлемдегі ең үлкен армиясы бар Қытай әскері де осы жүйемен жасақталады. Мұнда 18-22 жас аралығындағы, денсаулығы жарамды ер азаматтар әскери есепке алынады. Олар 45 жасқа дейін әскери резервте болады. 2011 жылдан бастап Қытайда әскерге міндетті қызмет мерзімі 2 жыл. Әскерден босату тек отбасының жалғыз асыраушысы немесе белгілі бір ауыр қылмыстық сотталғандар үшін қарастырылған. Алайда зерттеушілердің айтуынша, Қытай халқының көптігі мен әскери қызметтің беделі бұл елдің армиясын негізінен еріктілермен-ақ толтыруға мүмкіндік береді. Бірақ әскерден қашқандарға қатаң жаза қарастырылған: ірі айыппұлдан бастап еңбек лагеріне дейін.
Таяу Шығыс елдерінде де әскерге шақыру әлі бар. Мысалы, Түркияда Конституцияның 72-бабына сәйкес «мемлекетке қызмет ету – әрбір түріктің құқығы әрі міндеті». Түркияда 19-40 жас аралығындағы ер азаматтар әскерге шақырылады. Жоғары білімі жоқтар 12 ай қатардағы сарбаз болып қызмет етеді. Ал университетте кемінде 4 жыл оқығандарға екі нұсқа ұсынылады: 12 ай офицер болып немесе 6 ай қатардағы сарбаз болып қызмет ету. Түркияда әскерден қалуға икемді мүмкіндік қарастырылған: студенттер 28 жасқа дейін, ғылым докторы атағы барлар 35 жасқа дейін, шетелде тұратындар 38 жасқа дейін әскерге бармауға құқылы. Әскерден жалтарғандар 1 айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаза мерзімі азаматтың әскерден қанша уақыт қашқанынa байланысты.
Ресей де әскерге міндетті шақыру жүйесін сақтап отырған елдердің қатарында.
Қазақстанда қанша адам әскерден қашып жүр?
Бүгінде Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам адам әскерден жалтарып жүр. Яғни, олар әскери комиссариаттан келген ресми шақырту қағазы бойынша медициналық тексерістен уақытында өтпей, әскерден әдейі қашып жүргендер.
Бұрынғы жылдармен салыстырғанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың саны да азайған. Мысалы, екі-үш жыл бұрын Қазақстан армиясында 35-40 мыңдай мерзімді әскери қызметші болған. Ал 2023 жылғы әскерге шақыру қорытындысы бойынша олардың саны шамамен 20 мың адамға дейін қысқарған.Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке жылына екі рет шақырады. Көктемде -наурыздан маусымға дейін, және күзде - қыркүйектен желтоқсанға дейін.
Бейбіт уақытта мына санаттағы азаматтар әскерден босатылады:
• Денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
• 27 жасқа толғандар;
• Әскери қызметте немесе өз міндетін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе І және ІІ топтағы мүгедек болып қалған жақын туысы (әке, ана, аға-іні, әпке-сіңлісі) бар азаматтар;
• Басқа мемлекетте әскери (альтернативті) қызметін өтегендер;
• Қазақстанның арнайы мемлекеттік органдарында қызмет еткендер (заңдағы ерекше жағдайларды қоспағанда);
• Оқу орнынан тиісті құжат ұсынған жағдайда ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
• Діни бірлестіктерде тіркелген дін қызметкерлері;
• Мемлекеттік органдарда қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын қызметтерде жұмыс істейтіндер;
• Мемлекеттік, азаматтық және тәжірибелік авиацияның авиациялық персоналы;
• Көктемгі егіс және күзгі жиын-терім кезеңінде ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін мекемелерде жұмыс істейтіндер;
• Күндізгі оқу бөлімінде сабақ беретін педагогикалық қызметкерлер (оқу жылы барысында);
• Күндізгі оқу бөлімінде оқып жатқан студенттер;
• Әскери міндеті бар әйелдер;
• Әскери есептен босатылғаннан кейінгі екі жыл ішінде әскери міндетін өтеушілер;
• 18 жасқа дейінгі үш және одан да көп баласы бар азаматтар;
• Қылмыстық іс бойынша тергеуде жүрген немесе ісі сотта қаралып жатқан азаматтар;
• ҚР Парламенті немесе жергілікті өкілетті органдардың депутаттары;
• Сотталған азаматтар.
Алайда, егер әскерге шақыру соғыс уақытында жүргізілсе, бұл жеңілдіктердің көпшілігі күшін жояды. Соғыс кезінде тек денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар ғана әскерден босатылады.
Әскерге барудан уақытша кейінге қалдыру (отсрочка) келесі жағдайларда беріледі:
• Отбасылық жағдайлар бойынша;
• Білім алуды жалғастыру үшін;
• Денсаулық жағдайына байланысты;
• Басқа да себептермен.
Осындай талаптар мен ережелерге қарамастан, Қазақстанда әлі де көптеген жастар әскери қызметтен қашып жүр. Жастардың әскерден қашуының себебін жоғарыда атап өттік. Заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылмайынша, жастардың әскерден қашуы да тоқтамайды. Ал сарапшылар қазақ әскерінің беделі жоқ деп есептейді. Себебі әскердегі заң бұзушылықтар мен әлімжеттік мәселелері бүгінде қоғамның талқылауынан түспейтін қорқынышты мәселеге айналды. Бұл туралы біз бұдан бұрын жаздық.
Оқи отырыңыз: «Әлімжеттік пен жемқорлық»: Қазақ әскерінің беделі жоқ, билік өз мүддесін халықтан жоғары қояды - сарапшы