Көлсай көлдерінің маңында туристік микроавтобус тау беткейінен төмен қарай сырғып кетті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан бақылаудан шыққан көліктің тік құламадан төмен қарай құлдилап бара жатқанын көруге болады.
Полиция өкілдері бұл жағдайдың 25 сәуірде болғанын растап, микроавтобустың тұрақтан өздігінен қозғалып кеткенін болжап отыр.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, оқиға кезінде көлік ішінде ешкім болмағандықтан қайғылы жағдайдың беті қайтқан.
«Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, көлік иесі арыз жазудан бас тартып, ешқандай шағымы жоқ екенін білдірді», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.