Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстармен танысты деп хабарлайды ozgeris.info.
Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы Kokshe Industry индустриялық аймағында жүзеге асып жатқан өндірістік жобаларды аралады. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру бағытында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.
Атап айтқанда, кірпіш зауыты, майлы дақылдарды қайта өңдеу кешені және Қазақстан–Қытай құрғақ порты жобалары таныстырылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, индустриялық аймақтың аумағы 600 гектарды құрайды. Қазір жалпы құны 22,7 млрд теңге болатын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар іске қосылған жағдайда 670 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал 2030 жылға дейін индустриялық аймақта 520 млрд теңгеден астам инвестиция тарту және шамамен 40 жаңа жоба іске қосу жоспарланған.
Сапар барысында Премьер-министр ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы өндіретін «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын 2025 жылы 4 мыңнан астам техника өндіріп, өндіріс көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Олжас Бектенов индустриялық жобаларды жедел іске асырудың және машина жасау саласында локализация деңгейін арттырудың маңызын атап өтті. Үкімет министрліктер мен өңір әкімдігіне индустриялық аймақта инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.