Кейінгі кезде Алматының тау бөктерінде орналасқан Көк-Жайлау жайлы әңгіме қайта жанданды. Бұған дейін қоғамда үлкен дау тудырған бұл жоба көпшілік үшін экология мен туризмнің арасындағы күрделі тепе-теңдікті аңғартса, енді жаңа форматта, нақтырақ айтсақ, кәсіби спорт пен өңірлік даму тұрғысынан қарастырыла бастады, деп сараптайды Ozgeris.info.
Қайта жан бітті…
Сонымен Алматы маңындағы Көк-Жайлау урочищесін дамыту мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл бастаманы Қазақстанның Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев көтеріп отыр. Оның айтуынша, еліміздегі кәсіби тау шаңғышыларына арналған инфрақұрылым жеткіліксіз, ал жұмыс істеп тұрған нысандардың жүктемесі тым жоғары.
«Қазір жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы курорттарының, әсіресе Шымбұлақтың жүктемесі өте жоғары. Бұл кәсіби спортшылардың дайындалуына үлкен кедергі келтіреді. Сондықтан бізге халықаралық талаптарға сай, жаңа, заманауи жаттығу және жарыс өткізу алаңдары қажет», деді Асқар Валиев.

Оның айтуынша, ерекше назар аударуға тұрарлық жобаның бірі – Көк-Жайлау. Бұл жоба экологиялық тұрақты даму қағидаттарына сүйене отырып әзірленген және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану көзделген.
«Бүкіл әлем қазір дәл осы бағытпен дамып келеді. Бұған дейін Көк-Жайлау жобасы қоғамда кеңінен талқыланып, кейінге шегерілді. Алайда біз білеміз – өңірде тау шаңғысы инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі артып отыр. Енді нақты қимыл жасауға шақырамын. Шымбұлақ пен Ой-Қарағай курорттарын біріктіріп, олардың арасындағы ұсақ курорттарды да дамытайық. Бұл – Алматы таулы кластерін дамытудың сенімді жолы», деп атап өтті ол.
Almaty Superski – тек Көк-Жайлау емес
Алматылық таулы кластерді дамытуға арналған кеңесте PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладомат Almaty Superski атты жаңа концепцияны таныстырды. Бұл жоба тау шаңғысы курортын қамтиды және оның құрамына Күмбел шыңы мен Көк-Жайлау урочищесі кіреді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын шаңғы трассалары салынады.

Жоба жүзеге асса, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін бермек.
Үкімет не дейді?
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында таулы кластерді дамыту жоспарларымен танысып, бұл бағыттағы жұмысты қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасын әртараптандырып, туризмді дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қазіргі уақытта Алматы таулы кластерін дамыту бойынша мастер-жоспар әзірленген. Бұл жоспар Түргеннен Қаскелеңге дейінгі аралықты қамтитын үш негізгі аймаққа бөлінеді: шығыс, орталық және батыс.
«Бұл таулардың әлеуеті 700 шақырымға дейін тау-шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді. Мемлекет барлық қажетті инфрақұрылымды – жол, көлік, байланыс желілері мен тау-шаңғы нысандарын салуға қаржы бөледі. Ал дайын инфрақұрылымға міндетті түрде бизнес пен инвестициялар келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, тау инфрақұрылымына салынған әрбір 1 доллар, курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартуға сеп болады. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға арналған үлкен мүмкіндік», деді Премьер-Министр.

Оның сөзінше, бұл жоба Алматы мен Алматы облысы ғана емес, бүкіл елдің экономикалық келбетін түбегейлі өзгерте алады. Қазір нақты жобалау жұмыстары басталып кеткен.
«Мамандар ең алдымен орталық аймақтан бастау тиімді деп есептейді, себебі мұнда инфрақұрылым жеткілікті. Бұл аймақ бізге бүгінде жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai курортын Пионер, Бутаковка, Кимасар шатқалы, Шымбұлақ секілді орындармен байланыстыруға мүмкіндік береді. «Шымбұлақ» курортының екінші даму кезеңі басталады. Біз жоғары мұздықтарға дейін көтерілеміз, әрі қарай батысқа, Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау жаққа қарай кеңейеміз. Бұл өте ауқымды және маңызды жоба», деп түйіндеді Бектенов.
Туризм – Алматы экономикасының драйвері
Бүгінгі таңда туризм Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды. Салада 83 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылы Алматыны 2,3 миллион турист тамашалады, оның ішінде 680 мыңнан астамы – шетел азаматтары.
Саладағы өсім де айқын. Туристік қызметтер көлемі 30%-ға артса, салықтық түсімдер екі есеге ұлғайған. Бұл – инфрақұрылым мен жаңа жобалардың ел экономикасына оң әсерін көрсететін нақты көрсеткіштер.
