Актер әрі ММА шебері Еркебұлан Тоқтар АҚШ-та қазақ спортшыларының беделі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info ақпарат порталы.
Жуырда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған спортшы бұл туралы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық мамандар қазақстандық боксшылар мен файтерлердің мінезі мен рухын жақсы біледі.
«АҚШ-та қазақ спортшыларына деген көзқарас өте жақсы. Олар біздің қандай мінезді екенімізді түсінеді. Бірде маған: “Сенің боксың мен күресің классикалық емес, бірақ сенің жүрегің нағыз қазақтың жүрегі” деді. Өйткені олар менің спаррингтерімді, жекпе-жектерімді көріп жүреді. Соққыларым мінсіз болмауы мүмкін, бірақ мен ешқашан қорықпай алға шығамын. “Сен техникамен емес, жүрекпен жеңіп жүрсің” деді. Олар қазақтың жүрегі деген ұғымды жақсы біледі. Жәнібек Әлімханұлын, Геннадий Головкинді, Бекзат Саттархановты таниды. Жалпы, қазақтарды сыйлайды әрі жақсы көреді», — дейді Еркебұлан Тоқтар.
Сондай-ақ ол өзбекстандық спортшылармен арадағы кикілжіңдердің неден басталғанын да түсіндіріп өтті.
«Бір кездері Ташкентте Абдулазиз Соталгиевті нокаутқа түсіргенмін. Сол жекпе-жектен кейін кейбір адамдардың ішінде реніш қалған сияқты. Қалай өршігенін нақты білмеймін, бірақ әңгіме тарап кетті. Мен ақылсыз адам емеспін. Әлеуметтік желіде мені жекпе-жекке шақырғандарға жауап беремін, өйткені бұл маған да тиімді. Бірақ ондай “вызов” тастайтындардың көбі спорттан хабары жоқ клоундар. Олар тек “қырып-жоям” деп сөйлейді. Ал нағыз спортшылар шақыруды әрдайым кәсіби түрде жасайды», — дейді ол.
Еркебұлан Тоқтар кәсіби спортшылар мен әлеуметтік желідегі даңғойларды салыстыра келе, Қуат Хамитовпен жекпе-жек өткізген белгілі боксшы Бабур Абдулазизовтың сөзін мысалға келтірді.
«Ол бір сұхбатында “қазір Еркебұланның дайындығы мықты, ол бұрынғы актер емес, кездесу 50/50” деп әділ баға берген. Міне, кәсіби спортшы осылай анализ жасайды. Ал кейбіреулер соңғы кезде тек байлығын көрсетіп мақтанумен әлек. Оның маған ешқандай әсері жоқ», — деді ол.
Айта кетейік, спортшы 26 желтоқсанда Ташкент қаласында жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, Өзбекстанда қарсыластары ғана емес, жанкүйерлері де аз емес.
«Көп адам “Өзбекстанда саған қарсы адамдар көп” деп жазады. Бірақ ол жақта мені қолдайтындар да өте көп. Өзбек жанкүйерлері жекеме “ұнайсың”, “күштісің” деп жиі пікір қалдырады. Өзбекстандағы пабликтер менің жекпе-жектерімді бөлісіп отырады. Пікірлерін оқысаң, жақсы сөздер көп. Себебі мен ешқашан біреудің ұлтына, жеке басына тіл тигізген емеспін, әрдайым ашық сөйлеймін», — деп түйіндеді Еркебұлан Тоқтар.