💰 Экономика

Кен орындарының келешегі қандай?

2023 жылы Қазақстанның шығысында ірі литий кен орны табылды деген ақпарат ел ішінде қызу талқы тудырды. БАҚ өкілдері мұны «20 млн тоннадан аса қор», «15 млрд доллар пайда әкелуі мүмкін» деген болжамдармен сүйемелдеп жазды. Алайда уақыт өте келе бұл жаңалықтың артынан үнсіздік орнады, деп жазады Ozgeris.info.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша мұндай кен орындары әлемде көп.

«Бірақ олардың бәрі бірдей экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді. Егер шынымен жоғары әлеуеті болса, әлдеқашан АҚШ, Қытай не Ресей секілді державалар игеруге араласар еді. Бізде кейде “жаңалық болсын” деген ниетпен болжамды тым үдетіп жазып жібереді».

Мәселе – шикізаттың көлемінде емес, оны тиімді пайдалана алуда. Бұл тұрғыда Қазақстан геология саласын басқаруда ескі, кеңестік үлгіден әлі арыла алмай келеді.

«Бізде әлі күнге дейін геологияны мемлекет өзі бақылап, өзі зерттеп, өзі иеленуі керек деген көзқарас бар. Бұл – инвестиция тартуға емес, мемлекеттік қаржыға тәуелді құрылымдарды сақтап қалуға бағытталған ұстаным. Сондықтан жылдар бойы “Геология министрлігін қайта құрамыз” деген ұсыныстар айтылып келді. Нақты реформа емес, бюрократиялық аппаратты сақтап қалудың жолы», дейді Нарымбетов.

Сарапшының айтуынша, кейінгі 30 жылда геология саласында айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Бюджет қаржысын игерумен шектелетін ведомстволар нарықтық тетіктермен жұмыс істеуге бейім емес.

«Бұл саланы тәуелсіз, бәсекелестік ортадағы мекемелерге беру керек. Себебі инвестор өз ақшасын есептеп, нақты мүддемен ғана келеді. Мемлекеттің рөлі кедергіні азайтып, инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Қалғанын нарық өзі реттейді», дейді сарапшы.

2024 жыл  Қазақстан тарихындағы инвестиция ең аз тартылған жылдардың бірі болуы мүмкін. Дабыл қағатын көрсеткіш.

«Басшылар инвестиция тарту жайлы айтып жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Себебі астында жүйелік проблема бар. Біз әкімшілік кедергілерді жоймайынша, инвесторлар келе қоймайды. Егер өзіміз дайын болсақ, оларды ешкім шақырмаса да өздері келеді».

Оның пікірінше, қазіргі Салық кодексі де шетелдік капитал үшін тартымды құралға айнала алған жоқ. Кеңестік жүйеден қалған бақылау органдары геология комитеті, орталық барлау мекемелері  инвесторларға жол ашқаннан гөрі, кедергі келтіріп отыр.


«Қазіргі жүйе тым орталықтанған. Әр шешімді бірнеше деңгейден өту керек. Бұл – бюрократия. Мұндай жағдайда инвесторлар “қызыққанымен”, шындап жұмыс істеуге құлықсыз болады. Сондықтан бұл салада шұғыл әкімшілік реформа қажет».

Мұнай саласында да жағдай күрделі. Қашаған секілді алып кен орындарының қайта табылуы екіталай. Алайда сарапшы шағын және орта кен орындарына назар аудару қажеттігін алға тартады.

«АҚШ мұнай державасына айналды десек, оның сыры мыңдаған ұсақ кен орындарында. Олар ұлттық компанияға емес, жекеменшік кәсіпорындарға сенеді. Бізде болса 70% мұнай  үш кен орнынан, 90% өндіріс он компанияның үлесінде. Бұл қауіпті тәуелділік».

Қазақстанда әлі күнге дейін «ірі инвестор келсе ғана пайда көреміз» деген түсінік бар. Ал шын мәнінде, инвестор табылмай жатып келісімшарттың шарттарын талқылау – қисынсыз.

«Бізде жиі айтылатын бір нәрсе бар: ‘Ұлттық мүддені қорғап, тиімді шартпен келісу керек’. Бірақ алдымен келіп тұрған инвестор болсын. ‘Ақшам дайын, маған жобаңды көрсет’ дейтін бизнес өкілін тартпай тұрып, шарт талқылау бос әурешілік», деп түйіндеді сарапшы. 

Барлық жаңалық