Қазақстан жол сапасын ретке келтіре алмай отыр. Жолдарды жақсартуға жыл сайын бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Соған қарамастан республикалық жолдардың 14%-ы апатты күйде. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Жол құрылысына бөлінетін қаржы көп. Ал жолдардың сапасы жылдан жылға нашарлап барады. Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында елімізде автожолдар (жер үстіндегі жолдардан тыс), көшелер, теміржол жолдары мен ұшу-қону жолақтары бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 134,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға аз, 2024 жылы бұл көрсеткіш 139,2 млрд теңге болған еді.
Өңірлік бөліністе ең көп жұмыс Ақтөбе облысына (18,8 млрд тг), одан кейін Батыс Қазақстан (11,9 млрд тг) мен Атырау (9,9 млрд тг) облыстарына тиесілі. Ал ең төменгі көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Маңғыстау облыстарында тіркелді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша республикада пайдалануға берілген автожолдардың ұзындығы келесідей: республикалық маңызы бар жолдар — 217 км, облыстық маңызы бар — 50 км, аудандық — 24,8 км, шаруашылық ішіндегі жолдар — 38,6 км, ал өзге санаттағы жолдар — 169 км. Сонымен қатар, елде 40 желілік метр көпір мен жер үсті автомагистральдары және 98,1 метрлік жаяу жүргіншілер өткелдері салынған.
Шын мәнінде жағдай көңіл көншітпейді. Жыл сайын билік жоспарлар ын және көрсеткіштерін жариялайды, ал жолдардың сапасы жақсарып жатқан жоқ. Керісінше, жағдай ушығып барады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 2023 жылғы жылдық есебінде көрсетілгендей, республикалық маңызы бар автожолдардың техникалық тұрғыдан қанағаттанарлықсыз күйдегі үлесі 14%-ға жеткен. Бір жыл ішінде 4,9 пайызға өскен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 9% болған. Ең күрделі жағдай Ұлытау облысында тіркелді, мұндай жолдардың үлесі 35%-дан асады. Одан кейінгі орында Абай облысы (30,2%) және Шығыс Қазақстан облысы (26,9%).
2023 жылы билік республикалық жолдардың 94%-ын жақсы немесе қанағаттанарлық күйге келтіреміз деген мақсат қойған. Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш небәрі 72%-ды құрады. Яғни, жоспар тек қағаз орындалды.
Жоспар көп, бірақ қаржы жеткіліксіз
«Күшті өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 1934 шақырымын күрделі және орташа жөндеуден өткізу көзделген. Іс жүзінде жөндеуден өткен жол ұзындығы бар болғаны - 1204,4 км. Бұл жоспарланған көлемнен 37,7%-ға аз. Есепте көрсетілгендей, мұндай нәтиженің негізгі себептері жөндеу жұмыстарына қаржы жетіспеуі және жолдардың межелі жөндеу мерзімдеріне уақытында қол жеткізбеу.
Мәселенің тереңіне үңілсек, 2023 жылы ҚР Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіне жалпы 150 млрд теңге бөлінген. Оның 40,2 млрд теңгесі жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуге жұмсалған. Осылайша, күрделі және орташа жөндеуге бар болғаны 109,8 млрд теңге қалған. Ал жоспарланған 1934 км жолды жөндеу үшін, егер тек орташа жөндеудің өзін қарастырсақ, кемінде 154 млрд теңге қажет еді (1 км орташа жөндеудің ең төменгі құны 80 млн теңге деп есептегенде). Яғни, бөлінген қаражат нақты қажеттілікті жабуға жетпейді.
Сарапшылардың есебі бойынша, республикалық маңызы бар автожолдардың 100%-ын жақсы күйге келтіру үшін жыл сайын 750–800 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Бұл қазіргі бөлінетін қаражаттан төрт есе көп. Бюджет мүмкіндіктері мен инфрақұрылым талаптары арасындағы алшақтық жылдан-жылға артып келеді.
Жолдардың сапасы халықаралық рейтингтерден де көрініс табуда. 2024 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның (Travel & Tourism Development Index) есебі бойынша, Қазақстан жол инфрақұрылымының сапасы жағынан 119 елдің ішінде 90-орынды иеленген. Индекс мәні — 3,5. 2022 жылы да дәл осы орында болғанымен, ол кезде индекс 3,66 болған. Бұл рейтингтегі позицияның сақталғанына қарамастан, жол сапасының нақты түрде нашарлағанын көрсетеді: индекс неғұрлым жоғары болса, соғұрлым инфрақұрылым жақсы деп бағаланады.
Жол елдің күретамыры. Алайда Қазақстанда бұл күретамыр жыл сайын әлсіреп барады. Ақша бөлінгенімен, нақты нәтиже жоқ. Қаржы мен ниет бар, бірақ орындалуы мен бақылауы жеткіліксіз.