🏛️ Саясат

ЖИ министрлігі: Бюджетті үнемдеп, жемқорлықты азайта алады ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллектінің өте қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, ол адамдардың дүниетанымы мен мінез-құлқына ықпал етіп жатқанын атап өтті. Сондықтан әлемді тамырымен өзгертіп жатқан аталмыш цифрлық технологияға балама жоқ екенін ескертіп, оны дамытуға және дайын болуға шақырды. Осыған орай күні кеше елімізде ЖИ министрлігін құру туралы жарлыққа да қол қойылды.

Осы ретте ЖИ мемлекетті басқару механизмін өзгерте алады ма деген орынды сұрақ туындайды. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы экономиканы ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын белсенді енгізу негізінде жаңғыртудың қажеттігін айтқан болатын. Ол тіпті жұмыс істеп тұрған салалық министрліктің негізінде Жасанды интеллект министрлігін құруды ұсынды.

«Үкіметтің алдында экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектті толық енгізу міндеті тұр», – деді Тоқаев.

Әлемдік тәжірибе

Тұтас министрлікті жасанды интеллект басқарып отырған әлем елдері де бар. Мысалы Албания осындай тәжірибені енгізген алғашқы мемлекет атанды. Премьер-министр Эди Раманың айтуынша, әлемдегі алғашқы ЖИ-министрдің аты - Диелла. Албан тілінен аударғанда «күн» деген мағынаны білдіреді. Ол енді мемлекеттік сатып алуларға жауап беріп, тендерлерді жүргізеді. 

«Осы арқылы мемлекеттік сатып алулар «жемқорлықтан қорғалады», – деді ол.

«ЖИ-министр» үлгісі азаматтарға түрлі қызметтер көрсететін e-Albania платформасында іске асырылуда. 

«Диелланың» прототипі дәстүрлі албан киіміндегі бейнесімен алғаш рет қаңтарда көрсетілген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қаңтардан бері виртуалды министр жасанды интеллект негізіндегі көмекші ретінде 36 600 цифрлық құжат жариялауға және платформа арқылы мыңға жуық қызмет көрсетуге көмектескен.

Қазақстан тәжірибесі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин 2025 жылғы 18 қыркүйекте Парламентте сөйлеген сөзінде жасанды интеллекттің елімізде тірі еңбек күшін ығыстыруы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, өндірістік үдерістерді автоматтандыру мен цифрландырудың жаһандық үрдісі еңбек нарығына айтарлықтай әсер етіп отыр, сондықтан Қазақстан да бұдан тыс қалмайды. 

«Генеративті жасанды интеллекттің пайда болуы адам еңбегін ығыстыру мүмкіндігі туралы мәселені қайта көтерді. Министрлік Қазақстандағы жұмыспен қамтылуға автоматтандыру мен ЖИ-дің ықпалын бағалау бойынша зерттеу жүргізді. 423 кәсіптік топты талдау нәтижесінде жұмыс орындарының шамамен 25%-ы немесе 2,2 миллион жұмыс орны автоматтандырудың орташа және жоғары тәуекел аймағында екені анықталды. Соның ішінде 1 миллионнан астамын генеративті жасанды интеллект алмастыра алады», – деді Анафин.

Оның айтуынша, Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларда ЖИ енгізілуі мүмкін. Яғни, автоматтандыру жұмыс орындарының үштен біріне дейін әсер етеді. 

Вице-министрдің мәліметінше, қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым және денсаулық сақтау салалары қамтылуы ықтимал. Сонымен бірге, ол жұмысшыларды жаппай ығыстыруды күтуге болмайтынын қосты.

«Қазақстанда еңбек құны салыстырмалы түрде төмен, сондықтан автоматтандыру компаниялар экономикалық тиімділікті көрген сайын біртіндеп жүреді. Бұл жұмыстармен қатар жаңа кәсіптер пайда болады, мысалы, дрондар мен роботтандырылған техника операторларынан бастап деректер және киберқұқық мамандарына дейін», – деп түсіндірді ол.

Албания тәжірибесіне қарасақ, мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізу тиімді. 

«Яғни, шенеуніктердің санын азайту қисынды шешім болуы мүмкін. Нәтижесінде, бюджет қаржысын едәуір үнемдеп, жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетер еді. Босап қалған мемлекеттік қызметкерлерді уақыт талабына сай жаңа кәсіптерді меңгеруге жіберуге болады, – деген болатын Анафин.

Барлық жаңалық