Қазақстан жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуда жаңа кезеңге қадам басты. Үкімет ел экономикасын цифрлық тұрғыдан түбегейлі жаңғыртуды көздейтін «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағытта жекелеген пилоттық жобалармен шектелмей, жасанды интеллектіні барлық салаға жүйелі енгізу қажет екенін атап өтті, деп жазады Ozgeris.info.
Үкімет басшысының айтуынша, жаңа құжатта жасанды интеллектінің ұлттық жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсіміне ықпал ететін негізгі қозғаушы күштердің бірі ретіндегі рөлі айқындалмақ.
«Маңыздысы – құжатты тез арада келісіп, сапалы іске асыруды қамтамасыз ету. Бұл бағытта уақыт жоғалтуға болмайды», деді Олжас Бектенов.
Жасанды интеллектіні дамыту мен енгізу жұмыстары енді салалық министрлікке жүктеліп, оның үйлестіруі Жаслан Мадиев жетекшілік ететін профильді ведомствоға бекітілді. Жаңа реформалардың негізгі бағытының бірі – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту. Премьер-министр әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, дәстүрлі әдістер қазіргі күрделі жағдайларға жауап бере алмайды.
«Қазіргі сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлауда неғұрлым дәл құралдарға көшуді талап етеді. Жасанды интеллект үлкен деректер көлемін өңдеп, заңдылықтарды анықтауға және анағұрлым нақты болжам жасауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады», деді ол.
Осыған байланысты Үкімет Ұлттық экономика министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігіне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ұлттық экономика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістерді болжауда жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетіктерін ұсынуы қажет», деп тапсырды Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет жеке сектор, әсіресе шағын және орта бизнес үшін технологиялардың қолжетімділігі мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда жасанды интеллект мүмкіндіктерін негізінен ірі компаниялар пайдаланып отыр, ал шағын бизнес бұл бағытта бірқатар қиындықтарға тап болуда.
«Негізгі себептер – құзыреттіліктің, ресурстардың және енгізудің түсінікті тетіктерінің жетіспеуі», деді Олжас Бектенов.
Бұл мәселені шешу үшін Үкімет екі бағытта жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр: біріншісі – мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шараларын күшейту, екіншісі – кадр даярлау мен қайта даярлау жүйесін дамыту. Премьер-министрдің айтуынша, жасанды интеллект министрлігі шағын және орта бизнеске арналған түсінікті әрі қолжетімді қолдау тетіктерін әзірлеуі тиіс. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі тек жаңа мамандар даярлаумен шектелмей, әртүрлі саладағы жұмыс істеп жүрген кадрларды қайта оқыту мәселесін де қамтамасыз етуі қажет.
Үкіметтің тағы бір маңызды шешімі – барлық цифрлық және жасанды интеллект жобаларын орталықтандыру. Бұл бастама бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмауға және бір бағыттағы жұмыстардың қайталануын азайтуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы бізден жүйелі шешімдер күтеді. Жасанды интеллект пилоттық жобалар деңгейінде қалып қоймай, нақты экономикалық драйверге айналуы тиіс. Сол үшін жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл ауқымды көзқарасты қамтамасыз етіп, үйлестіруді күшейтеді, ресурстардың шашырауына жол бермейді», деді Үкімет басшысы.