Блогер Данияр Бейісқалидің басына түскен жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жетісу облыстық полиция департаменті желідегі алыпқашпа сөздерге нүкте қойып, даулы істің мән-жайын ашып берді. Ведомство азаматтың мемлекеттік рәмізді құтқарып қалғаны үшін жазаланбағанын кесіп айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазіргі таңда ақпарат кеңістігінде ер адамның Елтаңбаны тауып алғаны үшін істі болғаны туралы жалған мәлімет тарап кеткен. Тәртіп сақшылары бұл әрекеттің ешқандай құқық бұзушылыққа жатпайтынын ескертті. Негізгі себеп мүлдем басқа. Ер адам мемлекеттік белгіні тапқаннан кейін оған деген құрметсіздігін көрсеткен. Ол рәмізбен әдепсіз қалыпта суретке түсіп, бейнені бұрмалап ғаламторға жүктеп жіберген.
Құзырлы органның ұсынысымен бұл қадамға нақты құқықтық баға берілді. Әрекет қолданыстағы заңнама негізінде мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік таныту ретінде сараланды. Нәтижесінде тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері өз жұмысын тек заң аясында атқаратынын еске салды. Олар азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми деректерге сүйенуге шақырады.
Бұл атышулы оқиға осыдан төрт жыл бұрын басталған екен. Блогер Елтаңбаны қоқыс арасынан тауып алады. Ол рәмізді сақтап қалу мақсатында тазалап, өз үйінің төріне іліп қойған. Арада біраз уақыт өткенде Ақсу ауданының әкімдігі желідегі ескі жарияланымды кездейсоқ байқап қалады. Шенділер дереу құқық қорғаушыларына шағым түсірген. Осы арыздың негізінде Данияр Бейісқалиге 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.